• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:22

Коалиция мүшелері Түркістан жұртшылығымен кездесті

0 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Түркістан облысының тұрғындарымен жаңа Конституцияның негізгі ерекшеліктерін талқылады. Түрлі алаңда өткен кездесулерге зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер мен жастар қатысты.

Түркістандағы Конгресс-холл ғимаратында ұйымдастырылған кездесуге мыңнан аса адам қатысты. Ашық әрі мазмұнды әңгіме барысында қатысушылар өз пікірлерін еркін бөлісіп, көкейлеріндегі сауал­дарын қойды. Жұртшылық Ата заңның ел болашағы үшін маңызы, тарихи дәстүр­лер сабақтасты­ғы, қоғамның топтасуы мен елдің дамуын­дағы рухани құнды­лықтар­дың алатын орны туралы айтты.

Коалиция мүшесі Жақсыбек Құлекеев жаңа Конституцияны қабылдаудың тарихи маңызды­лығына назар аударды.

«Қасым ханның «Қасқа жолы» және Есім ханның «Ескі жолы» заң­дар жинағы – қазақ халқы тари­хын­­дағы алғашқы заңдар. Яғни алғаш­қы конституциялық нормалар болды. Олар дәл осы жерде, Түркі­станда жасалған. Кейін Тәуке хан тұ­сында «Жеті жарғы» заң­дар жи­нағы қабылданды. Түркі­с­тан тұр­­ғын­дарына бұл сөздерді түсін­­діру­дің қажеті жоқ. Үш ұлы би – Төле би, Әйтеке би және Қазыбек би дәл осы жерде жиналып, сол заңды қабылдады. Бұл заң ха­­лық бірлігін және Қазақ хан­ды­­ғын сақтаудың негізі болып, өз заманы­­ның ең прог­рессивті құқық­тық құ­жат­тары­ның бірі санал­­ды. Егер тари­хқа мұ­қият қара­­сақ, қазақ халқы тари­хын­дағы ең ма­ңызды құқық­тық нор­малар­дың көпшілігі дәл осы топы­рақта қа­был­данғанын байқаймыз», деді ол.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлемнің көп­теген елінде демографиялық проб­лемалар, құндылықтар дағ­дарысы туындап отырғанына тоқтал­ды. Ол бүгінгі таңда жастар тәрбие­сінде цифрлы платфор­ма­лар­дың ықпалы артып келе жат­қан­дықтан, Ата заңымызда адам капита­лын қалыптастыруға, ғылым мен ин­но­вацияны дамытуға және отбасына қолдау көрсетуге ерекше орын беріл­геніне мән берді.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ жаңа Конститу­ция жобасы­ның әлеуметшіл заңдық әлеуетін түсіндіріп берді.

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысының «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналға­нына тоқталды. Осы адал еңбек, адам­гершілік құндылықтары және пат­риотизм қағидалары бүгінгі жаңа Конституция жобасына еніп отыр.

«Дара ұрпақ» қоғамдық қоры­ның директоры Рухабза Қалдарбек Конституция жобасын­дағы ата-ананың жауапкершілігі туралы нормаға назар аударды. Ол кейде балалардың жауапсыздығының артында жауапсыз ата-аналар тұратынына тоқталды. Конститу­ция арқылы балаға қамқорлық жасау мен тәрбие беруді ата-ананың міндеті ретінде бекіту – балаларды қорғаудың маңызды кепілі болып, көптеген әлеуметтік проблеманың алдын алуға көмектесетінін айтты.

Кәсіпкер Ербол Көкенов жаңа Конс­титу­ция жобасымен мұқият танысып, мүгедектігі бар адам­дар­дың құқықтарын қорғауға бағыт­талған нормаларды ерекше қол­дағанын айтты. Ол Түркістан қала­сында ашылған инклюзивтік театрды, онда мүгедектігі бар балалар үлкен сахнада өнер көрсете алға­нын мысалға келтірді. Сонымен қатар Ата заңда бекітілген тең мүм­кін­діктер кепілдіктері нағыз әділ әрі адамгершілікке негізделген қоғам құруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Одан әрі коалиция мүшелері этномә­дени бірлестіктердің өкіл­дерімен дөңге­лек үстелге қатысты. Түркістан облысы еліміздегі ең көпэтносты өңірлердің бірі, мұнда 50 этнос өкілі тұрады. Сон­дық­­тан жергілікті тұрғындар тыныш­тық пен татулықты ерекше бағалайды. Коалиция мүшелері жаңа Конс­ти­туцияда біртұтас Қазақстан  хал­қы ұғымы қамтылға­нын, ол этностық тегіне қарамай, бар­лық аза­мат­тардың құқығын қорғау­ға ба­ғыт­талғанын атап өтті. Бұл – елі­міз­де этносаралық келісімді нығайту­ға бағытталған үлкен қадам. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орын­басары Марат Әзілханов Ас­самб­леяның рөлін трансформа­ция­лап, Халық кеңесін құру – азамат­тардың мемлекеттік істерге араласуын кеңейтетін, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосатын маңызды жүйелі шешім екенін атап өтті.

«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы Түркістанның арғы-бергі тарихы түркі және басқа да этностарды біріктіруші күшке ие екенін және осындай құндылықтар Ата заң жобасында жазылғанын айтты.

Сондай-ақ коалиция мүше­лері локомотив депосының теміржол­шыларымен кездесті. Әңгіме тұрақты жұмыс, қауіпсіздік және еңбек адамына деген құрметтің мән-маңызына арналды. Осындай мамандар күн сайын экономиканың негізгі салаларының толассыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Содан кейін делегация мүше­лері «Шаға» индустриялық паркі­­нің жұмысымен танысты. Кәсіп­­орындар алаңында жұмыс­шы­­лармен және мамандармен кездесу өтіп, өнеркәсіптің дамуы, кәсіп­кер­лік және жаңа жұмыс орын­дарын құру мәселелері талқыланды.

Осы күні коалиция мүшелері Шаға ауылының халқымен де жүз­десті. Әңгіме барысында тұрғын­дар алдағы референдум туралы пікір­лерімен бөлісіп, ауылды дамыту, жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерді. 

Соңғы жаңалықтар