• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сараптама Бүгін, 08:07

Радиофобия: дерек пен дәйек

30 рет
көрсетілді

Ғылыми негізі жоқ үрейлердің белең алуы ақпарат дәуірінде де жиі кездеседі. Соның бірі – радиофобия. Бұл құбылыс тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның шешім қабылдау қабілетіне әсер ететін күрделі әлеуметтік феномен. Радиация жөніндегі қате түсініктер эмоцияны деректен жоғары қойып, қоғамдық пікірді бұрмалауы ықтимал.

Ұлттық ядролық орта­лығы Радиациялық қауіп­сіздік және экология институты филиа­лы­ның директоры, биология ғы­лым­дарының кандидаты Асан Айдарханов радиофобияны «радиациядан ғылыми негізі жоқ иррационалды қорқу» деп атайды. Оның пікірінше, тарихи факторлар, Чернобыль, Фуку­си­ма сияқты апаттар туралы ақпа­рат, әлеуметтік желілердегі эмоция­лық желеу радиофо­бияны күшейтеді. Нәтижесінде, «радиация өлімге душар етеді», «кез келген сәулелену қатерлі ісік тудырады», «радиация иісінен байқалады» деген секілді мифтер қоғамдық кеңістікте кең тараған.

Асан Айдарханов мұндай пайым­дардың ғылыми негізін теріс­тей отырып, «Радиация – таби­ғат­тың кәдімгі физикалық құбы­лысы. Адам табиғи радиа­циялық фонды әрдайым қабыл­дап жүреді әрі бұл қалыпты деңгейде ешқандай қатер туғызбайды. Қауіп дозамен байланысты», дейді. Биологияда аз мөлшердегі сәулеленудің ағзада жиналмайтыны, биологиялық қалпына келу механизмдерінің жұмыс істей­тіні белгілі. Радиа­циялық қауіп­сіздік саласында нақты нормалар, оларды бақылау тетіктері мен халық­аралық стандарттар бар.

Елімізде радиациялық қауіп­­­сіз­дік жүйесі көпдеңгейлі әдіспен қалыптасқан. Ұлттық заңнама, санитарлық нормалар мен халықаралық мін­дет­темелер жүйелі радиа­ция­лық мониторингпен бірігіп жұмыс істейді. Ел аумағында стационарлық бекеттер, мо­биль­ді зертханалар мен далалық құрал-жабдықтар үздіксіз өл­шеу­лер жүргізеді. Мұндай бақылау төтенше жағ­дайға ғана емес, жоспарлы жұ­мыстарға да негізделген.

Асан Айдархановтың ай­туын­ша, елімізде алынған деректер МАГАТЭ мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әдістемесіне сәйкес келетін объективті өлшемдерге сүйене­ді. Демек, радиациялық ахуал қатаң бақылауда.

Дегенмен ақпараттық орта­дағы дүрлікпе пікірлер сенім­ге нұқсан келтіреді. Әлеумет­тік желілердегі кез келген радиа­циялық өлшеу немесе ­жос­­парлы талдау «қауіпті оқиға» ретінде ұсынылып кетуі мүм­­кін. Осы орайда А.Айдарханов «қор­қыныш­ты жеңудің ең тиімді жолы – ақпа­раттық ашық­тық пен ғылыми түсіндіру. Са­рап­шылардың түсі­нікті тілімен айтылған фактілері күдікті сейілтеді» дейді.

Бұл тұрғыда атом энергетикасы туралы пікірталас та назар аударарлық. Бүгінде әлем көміртекті азайту жолында АЭС-ті төмен көміртекті технология ретінде қарастырып отыр. Қазіргі атом стансалары халықаралық стандарттарға сай көп деңгейлі қауіпсіздікпен жабдықталады, ал қоршаған ортаға шығарылымдар белгілен­ген нормадан әлдеқайда төмен. А.Айдарханов мұны мониторинг деректерімен растай отырып, атом энергетикасының климат саясаты үшін маңызды екенін алға тартады.

Елімізде Семей полигонын жабу жөніндегі қозғалысқа бас­та­машы болған Олжас Сү­лей­менов радиа­ция­дан туған физи­калық жара­қатпен қатар, қоғамдағы найза­ғайдай жарқ еткен үнсіздік пен қорқынышты да емдеді. Өйт­кені ең улы қалдық – көзге көрін­бейтін үрей. Ал полигонды жабу үшін алдымен дәл сол үрейді жеңу қажет еді.

Бүгінгі талқылауларда бей­біт атом, атом энергетикасы мен «жер астындағы күн» атал­ған уран мәселесі қайтадан өзек­ті болып тұр. Бұл ретте бір маңыз­ды жайт естен шықпауға тиіс: технология таза болуы үшін сана да таза болуы керек. Ол­жас ақын атомға емес, жауап­сыздыққа қарсы болды. Ол энергияны емес, адамды қорғады.

Радиация – табиғи құбылыс. Радиофобия – әлеуметтік құбы­лыс. Қауіп осы екеуін ажырата алмағанда пайда болады.

Елімізде радиациялық қауіп­сіздік халықаралық нормаларға сәйкес қамтамасыз етілген. Ғы­лым мен азаматтық мәде­ниет қатар жүргенде ғана үрей сейіліп, сенім қалыптасады. Асан Айдархановтың ғылыми-практикалық қызметі – осы мәдениеттің ғылыми негізі. Ал Олжас Сүлейменовтің аза­маттық тәжірибесі – оның рухани тірегі.

Үрейден арылудың ең сенімді жолы – ғылымға негізделген факт пен ар-ожданға негізделген жауапкершілік. Екеуі де ұлттың қауіпсіздігі мен мәдени дамуы үшін ауадай қажет.

 Ядролық физика институты Ядролық, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік департаментінің директоры, физика-математика ғылым­дарының кандидаты Мұрат Төлегенов радиация жөніндегі ең кең таралған қате пайымдарды тарқатып, олардың шын мәніндегі ғылыми бейнесін түсіндірді.

Көпшілік АЭС-ті тұрақты радиация көзі ретінде қабыл­дайды. Ал шын мәнінде, әлем­дік тәжірибе көрсеткендей, атом стансалары орналасқан аумақ­­тардағы радиациялық фон кейбір таулы аймақтардағы табиғи фоннан да төмен. Себе­бі АЭС аумағы үздіксіз бақы­лауда болады, ал табиғи радиа­ция гранитті жыныстарда, тау бел­деулерінде жоғарырақ кездеседі.

Тағы бір кең таралған қате пікір – радиацияның кез келген дозасы адам өміріне қауіпті деген тұжырым. Ғылымда мұндай абсолютті ұғым жоқ. Қауіп сәулелену мөлшеріне, яғни дозаға тікелей байланыс­ты. Күнделікті өмірдің өзінде адам аз мөлшерде иондаушы сәулеге ұшырап отырады. Мәселен, жыл сайынғы флюорографиялық тексеру – медициналық тұрғыдан қауіпсіз әрі қалыпты тәжірибе.

«Радиация «барлық нәрсені мәңгіге жұқтырады» деген түсінік те шындыққа жанас­пайды. Радиоактивті ластану тек белгілі бір жағдайларда ғана орын алады. Қазір әлемнің көптеген елінде азық-түлікті радиациялық стерилизациялау әдісі кеңінен қолданылады. Бұл – өнімнің сапасын арттырып, бактерия мен паразиттерден тазартудың тиімді жолы. Мұндай азық-түлік радио­актив­ті болмайды әрі адам ағза­сы­на қауіп төндірмейді», деді М.Төлегенов.

Кейде радиациялық өлшеу құралын көрген жұрт оны қауіп­тің белгісі деп қабыл­дай­ды. Не­гізінде, аспаптың бо­луы – қауіптің емес, керісін­ше, ба­қылаудың бар екенін көрсе­теді. Радиациямен жұмыс істейтін барлық нысандарда дәл осы өлшеу құралдары арқылы жағдай тұрақты түрде тексеріледі.

Радиация тек адам қателігі­нен немесе өндірістік апаттан пайда болады деген пікір де біржақты. Ғалымдардың ай­туын­ша, адам алатын сәуле­лену­дің негізгі бөлігі табиғи көздерге тиесілі. Космостық сәулелер, жер қойнауындағы радон газы, құрылыс материалда­ры – мұ­ның бәрі табиғи радиа­ция­лық фонның құрамдас бөлігі.

«Бұл – шындыққа мүлде қарама-қарсы пікір. Керісін­ше, радиация – ең қатаң бақы­ланатын физикалық фактор­лардың бірі. Біздің елде де, әлемде де радиациялық мони­торингтің көпдеңгейлі жүйесі жұмыс істейді», деді ол.

Радиация тек апат кезінде ғана пайда болады деген ой да қате. Табиғи радиациялық фон кейбір өңірлерде адам қыз­метінен туындайтын сәулеле­нуден әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Бұл – табиғаттың қалыпты құбылысы.

Қорыта айтқанда, радиофобия радиацияның өзінен емес, оны түсінбеуден туындайды. Ғылыми дерек пен ашық ақпарат қоғамдағы артық үрей­ді сейілтудің басты құралы. Сондықтан атом энергетикасы мен радиациялық қауіпсіз­дік туралы әңгіме эмоцияға емес, дәлелге сүйенуге тиіс. Бұл – бүгінгі ғана емес, болашақ ұрпақ­тың да қауіпсіздігі үшін маңызды. 

Соңғы жаңалықтар