Дзюдошы Есмигүл Куюлова Словения астанасы – Люблянада өткен European Open турнирінде күміс медальға ие болды. 63 кг салмақта күрескен жерлесіміз швейцариялық Кьяра Фриден, хорватиялық Нина Жетко, словениялық Лейла Мазузи, нидерландтық Джони Гейленнен басым түскенімен, шешуші бәсекеде жергілікті татами шебері Кая Кайзерге есе жіберді.
Отандық «Алаш Прайд» ұйымы Ақтөбеде дүркіреген жарыс өткізді. Басты жекпе-жекте Жәнібек Тыныштық (7-0) ресейлік Гаджимұрат Гасангусейновті (13-4) айқын басымдықпен ұтып, аталған промоушеннің жартылай жеңіл салмақтағы «уақытша» чемпионы атағын иеленді.
25 ақпанда Албания астанасы – Тиранада шымылдығы түрілетін Мұхамет Мало мемориалында еліміздің еркін күрес шеберлері мынадай құрамда күш сынасады: Абзал Өкенов (57 кг), Мерей Базарбаев, Мейрамбек Қартбай (61 кг), Асылжан Есенгелді (65 кг), Майс Әлиев (70 кг), Егор Анчугин, Ернұр Нұрғазы (74 кг), Болат Сақаев (86 кг), Азамат Дәулетбеков (92 кг), Ризабек Айтмұхан, Камиль Куруглиев, Нұрдәулет Бекенов (97 кг), Нұрсұлтан Азов (125 кг). Бұл – жақында ғана ұлттық команданың бас бапкері болып тағайындалған Данияр Қайсанов үшін алғашқы сынақ.
Грузияның Батуми қаласында GFC 36 x GBC 4 турнирі өтті. Жарыста қазақтың танымал аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов (28-8-2) бразилиялық Алан Сильвадан (19-12-1) ұпай санымен басым түсті. Осы жеңісінен кейін Қуат UFC-де өнер көрсетіп жүрген Ресей спортшысы Шара Буллетті күш сынасуға шақырды.
Футболдан УЕФА Ұлттар лигасында еліміздің футболшылары алғашқы кездесуін 26 қыркүйекте сырт алаңда Фарер аралдарына қарсы өткізеді. Араға үш күн салып Словакияға сапар шегіп, елдің ұлттық командасымен сайысқа түседі. 2 және 6 қазанда «Астана Аренада» Молдова мен Фарер аралдарын қабылдайды. 14 қарашада Кишиневте Молдовамен, 16 қарашада Астанада Словакиямен шеберлік байқасады.
Жуырда Астанада Монакодан ұтылғаннан кейін Дэвис кубогінің ІІ тобына түсіп қалған еліміздің ерлер құрамасы 18–20 қыркүйек аралығында Таиланд теннисшілерімен тартысқа түседі. Осы ойында жеңіске жеткен жағдайда жерлестеріміз келесі маусымда І топқа қайта оралады.