Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп жазады Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан-Ресей сан қырлы қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын достық әрі өзара сенім сипатында талқылады.
Президенттер жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету жұмыстарына оң баға беріп, бірлескен ғылыми-білім беру бастамаларын ілгерілетудің маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын тағы да растады.
Әңгімелесу барысында тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев сумо спортының отаны Жапонияда зор жетістікке жеткен қазақстандық балуан Ерсін Балтағұлмен кездесті. Кездесу барысында Президент Ерсін Балтағұлды ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.