Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов елдегі энергетика инфрақұрылымын жаңғырту және жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.
2025 жылы энергетикалық нысандарда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбина жаңартылды. Сонымен қатар 17 мың шақырым электр желісі мен 420 қосалқы станция жөндеуден өтті. Жылу желілерінің 323 шақырымы ауыстырылды.
Энергетика бағытындағы елеулі өзгерістер
Нәтижесінде электр энергиясын өндіру көлемі тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 17 273 МВт болды. Бұл алдыңғы жылыту маусымымен салыстырғанда 7 пайызға артық. ЖЭО-лардың тозу деңгейі 64 пайыздан 61 пайызға дейін төмендеді.
2026 жылы:
9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина жөнделеді;
17,1 мың шақырым электр желісі мен 444 қосалқы станция жаңартылады;
377 шақырым жылу желісі ауыстырылады.
Жоспарланған жұмыстар тозу деңгейін 61 пайыздан 59 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда энергонысандар қоймаларында 4,7 млн тонна көмір бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп. Барлық станцияларда нормативтік отын қоры қалыптастырылған.
Франция Қазақстанның атом-энергетикалық жобаларына қалай қолдау көрсетеді?
Жалпы, биыл коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың көмірге деген қажеттілігі 7,46 млн тоннаны құрайды. Бүгінде 7,68 млн тонна көмір дайындалып, жоспар 103 пайызға орындалған.
Энергетика министрлігі күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді. Жаңғырту шаралары елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.