• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:35

Аманатқа адалдық

10 рет
көрсетілді

Әр ата-ана әскерге аттанған ұлын мемлекетке аманаттап тапсырады. Осы сенімге селкеу түсірмес үшін Қорғаныс министрлігі тұрақты негізде ашық есік күнін ұйымдастырып келеді. Іс-шара барысында ата-аналар баласы борышын өтеп жатқан бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып, басшылықпен еркін пікір алмасады.

Жақында Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың бұйры­ғымен осындай іс-шара өтіп, сарбаздардың 4 мыңнан аса туған-туысы әскери бөлімдерді аралады. Келушілерге қару-жарақ пен әскери техника көрмелері ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу алаңда­рында сарбаздар қарумен саптық тәсілдер­ді, қоян-қолтық ұрыс элементтерін және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау шеберлігін көрсетті.

Тәрбие жұмысын ұйымдастыру, әскери тәртіпті сақтау жөнінен қорғаныс ведомствосы тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы жан-жақты ақпарат бе­рілді. Сонымен қатар қаруды қолдану, әртүрлі сабақтар мен жаттығулар өткізу кезіндегі қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілетіні егжей-тегжей түсіндірілді. Ата-аналар асханаларда тамақтандыру қалай ұйымдастырылғанын көріп, тағам рационының тәртібі мен алуан түрлілігін бағалады.

Осылайша, Қорғаныс министрлігінің бұл бастамасы мерзімді әскери қызмет­шілердің туған-туыстарына жауынгер­лік дайын­дықтың ұйымдасты­рылуы­мен, қызмет және тұрмыс жағдайларымен танысуға мүмкіндік берді. Қонақтар казармаларды аралап, тұрмыстық аймақтарды да көріп шықты.

Әскери бөлімдердегі алыстан ат тер­летіп жеткен жас қонақтарды да ерекше атап өткен жөн. Мәселен, Тараз қаласынан он жастағы Алена «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты байланыс полкінде қызмет ететін ағасы Вла­димир Романовқа келген. Гвардейск гарни­зонындағы танк бригадасының барлау батальонында қызмет ететін Айбар Калифановтың үш жасар інісі Әміре де ағасына келіп, әскери техникаларды қызыға тамашалады.

Елордадағы бригадаға Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Қостанай, Астана қаласынан барлығы 170-тен аса ата-ана жиналды. Олар тирді, спорт залын, кітапхананы аралап, жауынгерлер жаттығатын тактикалық алаңда болды.

Қатардағы жауынгер Диас Базкеновтің әкесі Асхат пен туған ағасы Сәбит Базкенов Қарағанды қаласынан арнайы келген. Жауынгерлік жарыстың жеңімпазы атанған Диас Базкеновтің суреті бөлімшенің құрмет тақтасына ілінген еді. Сәбит Базкеновтің өзі кезінде тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген. Ол қазіргі әскердің жағдайын көріп, ерекше әсер алғанын айтты.

– Біздің кезіміздегі әскери өмірдің қиындығы аз болған жоқ. Бүгінгі жастар­дың әскери борышын абыроймен өтеп жүргенін көріп, көңілім марқайды. Диас сияқты тәртіпті, намысты ұлдар елдің қорғаны болары сөзсіз. Жастарға айтарым – Отан алдындағы парызды адал атқарып, әскери тәртіпке әрдайым берік болыңыздар. Баламыздың қызмет ету жағдайын өз көзімізбен көрдік. Бастысы, барлық қажетті жағдай жасалған, тәртіп пен талап та бар. Осында жиналғандардың барлығы әскерилермен түскі ас ішті. Бұл қарапайым ғана жүздесуде кеше ғана жасөспірім болған ұлымды сенімді, тәртіпті, бір-біріне қолдау көрсетуге дайы­н нағыз ер-азаматтардың ортасында жүргеніне іштей риза болдым. Сондықтан әскери бөлім қолбасшылығына алғысымды айтамын, – деді ол.

Ал Ақтау гарнизонының әскери бөлімдері 400-ден аса қонақты қабылдады. Әскери-теңіз күштерінің әртекті кемелер дивизионында ата-аналар теңіз қызметінің атмосферасына қанықты. Олар матростардың тұрмысымен танысып, кают-компаниялар мен камбузды аралады.

Теңіз жаяу әскерлері бригадасында ата-аналардың қатысуымен спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласы бойынша «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің төрағасы Гүлмира Жанысбаева жарыстың бастамашысы болды.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері де 400-ден аса қонақты қарсы алды. 37-десанттық-шабуылдау бригадасында қонақтарға парашютті қалай еңсеру керектігі көрсетіліп, арнайы кешенде әуе-десанттық дайындық элементтері таныс­тырылды.

Іс-шараға қатыса алмаған ата-аналар мен жақындары үшін әскери бөлімдердің басшылығы «Отбасымен бейнеқоңырау» арқылы байланыс ұйымдастырды. Осылайша, 26363 әскери бөлімі команди­рінің тәрбие және идеологиялық жұ­мыс жөніндегі орынбасары капитан Мадияр Мұхтаров қатардағы жауынгер Бегмат Мырзабектің анасы Дүйсегүл Ақжігітовамен хабарласып, тілдесті.

Әңгіме барысында анасына сарбаздың қызметтегі жетістіктері туралы айтты. Әсіресе Десанттық-шабуылдау әскерлері әске­ри қызметшілері арасында өткен қазақша күресте Бегмат Мырзабек үшін­ші орынды иеленгенін хабарлады. Сондай-ақ ол ұлын лайықты тәрбиелегені үшін Дүйсегүл Ақжігітоваға шынайы ризашылығын білдірді.

Бірыңғай ашық есік күні ата-аналарға ұлдарының кәсіби командирлердің басшылығымен қызмет атқарып, жан-жақты қолдауға ие болып отырғанына көз жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл іс-шара – армия туралы қалыптасқан стереотиптерді еңсеруге, сондай-ақ сарбаздарға деген қамқорлықтың Қарулы күштер үшін сөзсіз басымдық екенін нығайта түсуге бағытталған маңызды қадам.

Соңғы жаңалықтар