Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры сахнасында 14–15 ақпан күндері Оңтүстік Корея, Ресей мен Қазақстан театрларының бірлескен жобасы – «Париждегі екі әйел» драмасы көрерменін қуантады.
Айтулы спактакль – тек өнер емес, тарихи оқиғалар мен адам тағдырын зерттейтін көркемдік тәжірибе. Жоба Оңтүстік Кореяның тәуелсіздік алғанына 80 жыл толуына арналған. Алғашқы көрсетілімі 2025 жылы Сеулде өтті. Астанадағы көрсетілім Оңтүстік Корея Республикасының елшілігі мен Корей мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Қойылым оқиғасы 1940 жылдардағы Парижде өрбиді. Люксембург бағында кездескен екі әйел – Кореяның алғашқы кәсіби әйел суретшісі, тәуелсіздік жолындағы күрескер На Хэ Сок пен А.П.Чеховтың «Шие бағы» пьесасындағы Раневская өткен өмір, жоғалған есімдер, азап пен үміт туралы сыр шертеді. Нақты тарихи тұлға мен әдеби кейіпкердің тоғысуы арқылы қойылым тәуелсіздіктің мәнін жеке адам тағдыры тұрғысынан ашады.
Жобаның басты ерекшелігі – үш елдің актерлері бір сахнада өнер көрсетуі. Қазақстан атынан Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртістері – еңбек сіңірген қайраткер, актер Асылбек Қапаев пен «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актриса Ақмарал Танабаева қатысады. Сонымен қатар Ресейдің Станиславский атындағы Электротеатры мен Оңтүстік Кореяның «PIAC» театрының актерлері сахнаға шығады.
Әртістерді іріктеу өткен жылдың қаңтар айында өтті. Кореяның «PIAC» театрының арт-директоры, режиссер Ра Чжин Хван Қазақстанға арнайы келіп, кастинг арқылы қатысушыларды таңдады.
Спектакль сахна тілінде Кореяның азаттық қозғалысын, Еуразия кеңістігіндегі диаспора тарихын, тарихи жады мен адамгершілік құндылықтарды қайта жаңғыртады. Қойылымда Юн Дон Джу мен И Юк Саның поэзиясы, Ф.Достоевский, А.Пушкин, Абай шығармаларымен қатар қазақ әндері де тамаша үйлесім тауып, азаттық ұғымын жалпыадамзаттық деңгейге көтереді.
«Бұл спектакль тек өткенді еске алумен шектелмейді. Ауыр естеліктер арқылы бүгінгі адамды қалпына келтіріп, бір-бірімізді түсінетін болашақты елестетуге мүмкіндік береді. Біз шынымен бір-бірімізді қабылдай аламыз ба?», дейді қойылым режиссер Ра Чжин Хван.
Спектакль қазақ, орыс және корей тілдерінде экрандық аудармамен өтеді. Айтулы премьера тарихи жады мен мәдени көптүрлілікті сақтап қана қоймай, көрерменге ой салып, адамгершілік құндылықтарды түсінуге мүмкіндік беретін ерекше мәдени іс-шара.