15 наурызда ел азаматтары жаңа Конституция жобасына дауыс береді. Осыған байланысты Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Оған сәйкес, кешеден бастап 14 наурыз сағат 00.00-ге дейін үгіт жүргізуге рұқсат етілді.
Жиында референдумды ұйымдастырудың негізгі кезеңдері, дауыс беру учаскелерінің дайындығы және азаматтардың қатысуына қолайлы жағдай жасау мәселелері қаралды. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, «Республикалық референдум туралы» заңның 20 және 21-баптарына сәйкес, референдум тағайындалған сәттен бастап тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функциясын жүзеге асырады. Яғни барлық деңгейдегі комиссиялар референдумды ұйымдастыру, дайындау және өткізу жұмыстарын қамтамасыз етеді.
– Республикалық референдум – халықтың ел дамуына қатысты стратегиялық шешімдерді қабылдау үдерісіне тікелей қатысуын қамтамасыз етеді. Оны ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен регламенттелген. Аталған заңда азаматтардың референдумға жалпыға бірдей, тең және тікелей қатысу қағидаттары, дауыс берудің жасырын нысаны, сондай-ақ еркін ерік білдіру кепілдіктері нақты бекітілген. Ата заң әрбір азамат үшін айрықша маңызға ие, өйткені осы құжат бүкіл заңнамалық жүйенің, мемлекеттік институттардың және қоғамдық қатынастардың құқықтық негізін айқындайды. Сондай-ақ мемлекеттің және қоғамның орнықты дамуын, құқықтық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Жаңа Конституция жобасы бойынша түпкілікті шешім қабылдау республикалық референдум аясында азаматтардың ерік білдіруіне ұсынылып отыр. Референдумда «Жобасы БАҚ-та 2026 жылдың 12 ақпанында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылады, – деді Н.Әбдіров.
Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман 21 ақпанда аумақтық және учаскелік комиссиялар құрамы, референдум учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтер жарияланатынын айтты. Ал 27 ақпан мен 4 наурыз аралығында азаматтар дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар етіледі. 12, 13, 14 наурыз күндері учаскелік референдум комиссияларына бюллетеньдер жеткізіледі. Сонымен қатар 14 наурыз күні тыныштық күні болып белгіленді. Бұл күні үгіт жүргізуге тыйым салынады.
«Дауыс берушілердің қолайлылығы үшін аумақтық референдум комиссиялары өзгеше уақыт белгілемесе, дауыс беру 15 наурыз күні сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін өтеді. Орталық референдум комиссиясының референдум қорытындылары туралы ресми хабарламалары дауыс беру өткізілген күннен бастап 7 күннен кешіктірілмей, яғни 21 наурызға дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Жалпы, референдумды дайындау науқанының ұзақтығы тағайындалған күннен бастап дауыс беру күніне дейін 32 күнге созылады. Әкімдіктер дауыс беру күні белгіленгеннен кейін бірден дауыс берушілердің тізімдерін жасай бастайды», деді М.Ерман.
Сайлаушылар тізіміне 12 416 759 отандасымыз енгізілген, референдум учаскелерінің саны – 10 413. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Азамат Айманақұлов айтты.
«Оның ішінде азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылғандары – 9 779, уақытша болу орындарында құрылғандары – 634. Олардың ішінде 64 шет мемлекетте орналасқан учаскелердің саны – 82. Референдум комиссиялары мүшелерінің саны 71 044 адам. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның 24-бабының 5-тармағына сәйкес республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтар тізімінің дұрыстығы үшін жергілікті атқарушы органдарының лауазымды адамдары жауап беретінін ерекше атап өткен жөн. Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін қалыптастыру жөніндегі жұмыстар «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңға және «Сайлау туралы» конституциялық заңға, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 23 тамыздағы «Дауыс беру үшін сайлаушылар тізімін қалыптастыру, оларды сайлау комиссияларына ұсыну қағидаларын бекіту туралы» қаулысымен реттеледі», деді А.Айманақұлов.
Сонымен қатар жиында азаматтардың референдумға белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселесі сөз болды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтың айтуынша, бұл жұмыстар үгіт-насихат белгілеріне ие болмауға тиіс.
«Нақты айтқанда, референдум мәселесіне қатысты оң немесе теріс көзқарасты қалыптастыру, қандай да бір ұстанымды үлгімен жақтап не қарсы дауыс беруге шақыру, сондай-ақ референдумға шығарылған мәселенің артықшылықтары мен кемшіліктеріне басымдық бере отырып бағалау көзқарастармен қатар жүрмеуі қажет. Референдумның дайындық және өткізу кезеңдерінде үгіт-насихат жүргізу бағыттарындағы БАҚ, онлайн платформалар пайдаланушыларының заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету керек», деді Қ.Ысқақов.
Жиын қорытындысында жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлік комиссияларға нақты тапсырмалар беріліп, референдумды жоғары деңгейде өткізу міндеті жүктелді. Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумға қатысу тәртібі бойынша үндеу жариялап, азаматтарды 2026 жылғы 15 наурызда өтетін дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды.
Отырыстан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг ұйымдастырылды. Тілшілердің «Референдумға қанша қаржы жұмсалады?» деген сұрағына Орталық референдум комиссиясының мүшесі Михаил Бортник жауап қатты.
«Қазіргі уақытта смета Қаржы министрлігінің талқылауы мен сараптамасынан өтіп жатыр. Жақында алдағы референдумның нақты шығыстарын айқындайтын цифрді білеміз деп ойлаймын. Референдум өткізуге арналған шығыстардың алдын ала есептеуі 20,8 млрд теңге болған еді. Атап өтерлігі, мұндай қаражат 2026 жылдың республикалық бюджетінде қарастырылмаған. Сондықтан қаражат Үкімет резервінен бөлінеді. Аталған соманың 75 пайызы учаскелік референдум комиссияларының мүшелеріне жалақы төлеуге жұмсалады», деді ол.
Референдумда халықаралық және жергілікті байқаушылардың жұмысын ұйымдастыруға да ерекше назар аударылды. Біздің тарапымыздан қойылған «Қанша халықаралық байқаушы келуі мүмкін және шамамен қай мемлекеттерден шақырылады?» деген сұраққа Нұрлан Әбдіров 30-дан аса мемлекеттегі журналистерге, одан бөлек Орталық сайлау комиссияларының басшыларына, мүшелеріне шақыру жіберілетінін айтты. Қалыптасқан практикаға сәйкес халықаралық ұйымдардың тізімін Сыртқы істер министрлігі пысықтайтынын жеткізді.