Өткен аптада облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданына жұмыс сапарымен барып, аудандағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, тұрғын үй құрылысының барысымен танысты, деп жазады Egemen.kz.
Аймақ басшысы әуелі Қарауыл ауылында баспана кілттерін табыстау рәсіміне қатысты. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған Екі пәтерлі төрт тұрғын үй ел игілігіне берілді. Ондағы әрбір тұрғын үйдің жалпы ауданы – 85 шаршы метр. Барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылған. Екі пәтер үйі авариялық жағдайда деп танылған тұрғындарға берілсе, қалған бес пәтер көпбалалы отбасыларға үлестірілді.
«Шыңғыстау атырабы – қазақ рухының қайнар көзі, қара өлеңнің төрі. Жидебайдай қасиетті мекенімен күллі елге қастерлі өлке. Өткен мен бүгінді, тарих пен тағдырды жалғаған қасиетті өңір. Осындай киелі топырақта бүгін ел үшін елеулі, халық үшін қуанышты сәтке арнайы жиналып отырмыз. Бірнеше өңір тұрғыны бүгін баспана тойын тойламақ. 7 отбасы баспаналы болғалы тұр. Бір айта кетерлігі, бұл – биылғы Абай ауданындағы алғашқы баспана қуанышы. Бұл үрдіс жыл соңына дейін жалғасады. Ауданда 40-тан астам тұрғын үйлі болады. Бұл – мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің нақты көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес Абай облысында тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып отыр. Бүгін табысталатын әрбір баспана – бір отбасының жаңа өмірге жасаған қадамы, балалардың болашағына жол ашқан игі бастама», деді аймақ басшысы.
Жиында баспаналы болған Қарауыл тұрғындары да ризашылықтарын білдірді.
«Жаңа баспанаға қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Халықтың жағдайын жасап, қолдау көрсетіп жатқандарыңызға алғыс айтамыз», деді Қарауыл ауылының тұрғыны Қарлығаш Бақытбекқызы.
Былтыр Қарауыл ауылында көп жыл бойы қараусыз тұрған ғимарат қайта жаңғыртылып, 27 пәтерлі тұрғын үйге айналды. Мұнда 1 бөлмелі 6 пәтер, 2 бөлмелі 16 пәтер, 3 бөлмелі 5 пәтер бар. Қазіргі таңда барлық 27 пәтердің құжаттары «Отбасы банк» АҚ-ға берілген.
Облыс әкімі аталған тұрғын үйді де аралап көрді. Осы маңдағы көп қабатты үйлердің жылу жүйесі көмірмен жылынады. Бұл төтенше жағдайлар талаптарына толық сәйкес келмейтіндіктен, ортақ жылу қазандығын салу қажеттігі туындап отыр. Аудан әкімі Мейіржан Смағұлов аймақ басшысына осы мәселені жеткізді. Облыс әкімі ұсынысты қолдап, жылу қазандығын салуға тиісті қолдау көрсетілетін айтты. Жаңа қазандық салынса аудан орталығындағы тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылумен толық қамтамасыз етері сөзсіз.
Жанар-жағармай бекеті жұмысын бастадыҮлкен мегаполияда яки облыс орталығында тұрғанда тұратын адамдар үшін жанар-жағармай құю бекетінің ашылуы жаңалық емес болуы мүмкін, алайда шалғайдағы өңірлерде бұл маңызды екенін барып көрген адам түсінер. Қарауылдағы жанар-жағармай құю бекетінің ашылуы аудан халқын қуанышқа бөлегенін өз көзімізбен көрген едік.
Осы ретте облыс әкімі ауданының Қарауыл ауылындағы облыстық маңызы бар «Қарауыл – Семей» автожолы бойында ашылған жанар-жағармай бекетін де көрді.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жобаға аймақ басшысының «Туған жерге туыңды тік» бастамасы аясында инвестиция тартылып, жақында халық игілігіне пайдалануға беріліпті. Ал жобаның жүзеге асуына «LUKOIL Лубрикантс Орталық Азия» ЖШС және «GAS&MҰНАЙ» ЖШС қолдау білдірген. Нысанның жалпы аумағы 2500 шаршы метрді құрайды. Тартылған инвестиция көлемі – 350 миллион теңге. Бекет заманауи жабдықталған 6 колонкамен қамтылған. Бір мезгілде 12 көлікке бензин және дизель отынын құюға мүмкіндігі бар. Шағын маркет жолаушыларға қызмет көрсетеді.
«Абай ауданында ашылған жаңа бекетте 15-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бекет аудан халқы үшін қолайлы қызмет ұсынып, жол бойындағы сервисті жақсартуға бағытталған», дейді аудан әкімі.
Жанар-жағармай бекетінің жұмысымен танысқан аймақ басшысы нысанның аудан тұрғындары мен жолаушылар үшін маңызын және өңірде туризмнің дамуына да оң әсер ететінін, сондай-ақ атсалысқан инвесторларға алысын айтты.
Абай облысында 500 балаға арналған Оқушылар сарайы ашылды
Су құбыры жүйесі қайта жаңғыртылып жатырБұдан облыс әкімі Абай ауданының Кеңгірбай би ауылында жүргізіліп жатқан ауыз су құбыры жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Кеңгірбай би ауылдық округінде мыңға жуық тұрғын тұрады. Елдімекендегі құбыр желісінің жалпы ұзындығы – 9,4 шақырым. Оның ішінде диаметрі 110 мм болатын су құбыры – 7,6 шақырым. Қазіргі уақытта 4,9 шақырымы тартылған. Сондай-ақ, ұзындығы 1,8 шақырым болатын, диаметрі 25 мм су құбыры тұрғын үйлерге тартылып жатыр. Бұған қоса резервуар алаңы бетондалып, 10 құдық орнатылған. Таза ауыз су көзін қамтамасыз ету мақсатында тереңдігі 45 метр болатын екі ұңғыма бұрғыланып, су құрамының зертханалық сараптамасы алынған.
Ресми мәліметке сай, жоба іске асырылғаннан кейін ауылдағы 148 тұрғын үй мен 4 әкімшілік ғимарат орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады. Қазір жалпы құрылыс жұмыстарының шамамен 30 пайызы орындалған.
Аймақ басшысы нысанды аралау барысында ауыз сумен қамту ауыл тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін, сондай-ақ мердігерлерге жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Балалар лагері неге аяқталмай тұр?Аймақ басшысы аудандағы құрылысы көп жылдан бері аяқталмай, созылып келе жатқан әлеуметтік нысандарға да арнайы барып, мәселенің мән-жайын тексеріп қайтты. Мәселен, Би-Ата ауылы маңындағы Қарашоқы шатқалында салынып жатқан балалар лагерінің құрылысын айырықша айтуға болады. Бір ауысымда қырық баланы қабылдауға мүмкіндігі бар нысанның құрылысы 2023 жылы басталғанымен, мердігерлердің жауапсыздығынан аяқталмай отыр. Қазір ғимаратта жылыту жабдықтарын орнату және ішкі әрлеу жұмыстары қалған. Лагерь орналасқан аумақта орталықтандырылған ауыз су жүйесінің болмауына байланысты тасымал арқылы жеткізіледі.
Облыс әкімі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және құрылыс басқармаларына нысан құрылысын қатаң қадағалауға алуды, мердігерге жұмысты сапалы аяқтауды тапсырды.
«Мұндағы құрылыс жұмыстарын оқушылардың жазғы демалысына дейін аяқтауымыз керек. Сондықтан жұмысты жандандыру қажет», деді Б.Уәли.
Сонымен қатар Көкбай ауылында салынып жатқан «сақалды құрылысқа» айналған нысанның бірі – спорт модулі. Мұнда да құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталғанымен белгіленген мерзімде аяқталмай келеді. Мердігерлер жобаны аяқтау үшін қосымша қаржы қажеттігін жеткізді. Жобаға сәйкес спорт модулінің жылу жүйесі электр энергиясы арқылы жұмыс істеуге бейімделген. Алайда нысанның үздіксіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін орталықтандырылған жылу қазандығын салу туралы ұсыныс айтылды.
Облыс әкімі жауапты басқармаларға ғимарат құрылысын аяқтау үшін тиісті құжаттамаларды әзірлеуді, мердігерлерге құрылысты сапалы аяқтауды тапсырды.
«Абай ауданындағы «сақалды құрылыстарды», яғни, құрылысы ұзаққа созылып кеткен нысандар, балалар лагері мен спорт модулінің құрылысын өз көзіммен көрейін деп арнайы келіп отырмын. Мердігер мекемелердің нысандарды уақытында қолданысқа беруін бақылауда ұстайтын боламыз», деді аймақ басшысы.
Айтпақшы, биыл Абайдың көрнекті шәкірті, ақын-ағартушы Көкбай Жанатайұлының туғанына 165 жыл толып отыр. Шыңғыстау өңірінде ғұмыр кешкен Көкбай қазақ руханиятында Абай дәстүрін жалғастырған, ағартушылық пен әділ төрелікті қатар ұстанған тұлға ретінде танылды. Оның жырлары ұлттық әдебиетіміздің айқын айшықты бөлігі екені сөзсіз.
Әкім 100-ден астам инвестормен кездесті: 2025 жылы Абай облысына қанша млрд қаржы тартылды?