Қазіргі кезде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның тасы өрге домалап тұр. Әрине, оған еш таңдануға болмайды. Күні кеше ғана Елена «Australian Open-2026» турнирінде әлемнің ең мықты теннисшілерін тегістей ұтып, бас жүлдені олжалады. Осы жарқын жеңістен кейін Tennis.com порталы жерлесіміздің жасыл құрлықта өткен жарыстағы 20 жетістігін тізбектеп шыққан екен. Енді соған назар аударайық.
1. Отандасымыз «Үлкен дулыға» санатындағы турнирде екінші мәрте топ жарды. Алғаш рет Елена осыдан төрт жыл бұрын Лондонда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын «Уимблдон» додасында алдына жан салмады.
2. Күні бүгінгі дейін кортта жүрген үш теннисшіге ғана «Үлкен дуылғаның» екі бірдей төсенішінде – шөп пен харда бас жүлдені иелену бақыты бұйырды. Олар – Винус Уильямс, Ига Свёнтек және Елена Рыбакина.
3. Қазіргі кезде өнер көрсетіп жүргендер арасынан «Уимблдон» мен Аустралияның ашық біріншілігінің екеуінде де жеңіске жеткен жалғыз ойыншы бар. Ол – Рыбакина.
4. Соңғы сегіз жылда WTA-ның қорытынды турнирі мен «Australian Open» додасын қатар ұтқан тек Елена. 2017 мен 2018 жылдары дәл сондай табысқа даниялық Каролина Возняцки қол жеткізген еді.
5. Мельбурнде Рыбакина өзінің 12 титулын олжалады. Осыған дейін ол «Үлкен дуылға», WTA 1000 мен WTA 250 жарыстарында 2 рет, WTA-ның қорытынды турнирінде 1 мәрте және WTA 500 бәсекесінде 5 рет теңдессіз деп танылды.
6. Отандасымыз WTA турнирлерінің финалында қатарынан бесінші рет жеңіске жетті. Бұл сәтті серия 2024 жылдың сәуір айында Германияның Штатгарт қаласында басталған еді. Жалпы финалда ол 12 рет басымдық танытып, 11 рет есе жіберді.
7. Рыбакинаның әлемнің бірінші және екінші ракеткаларымен түрлі жарыстарда жолдары жиі қиысып жүр. Ига Свентекпен 12 рет кездесіп, әзірге тең есеп сақталуда – 6:6. Ал Арина Соболенконың біздің қыздан бір жеңісі артық – 7:8.
8. Соболенко мен Швентек әлемнің бірінші ракеткалары атанып отырған тұста да жерлесіміз оларды көбіне-көп ұтты. Ол кездегі есеп – 9:4.
9. Жоғарыда есімдері аталған Беларусь пен Польша теннисшілері WTA рейтингінде көш бастап тұрған тұста олардың екеуі тек Рыбакина ғана ұтты.
10. 2023 жылдан бері Арина Соболенконың жасыл құрлықтағы жарыста тек Елена Рыбакинадан ғана екі рет ұтылды.
11. Әлемнің бірінші ракеткаларымен жолы 15 рет қиысқан жерлесіміз соның тоғызында жеңіс тойын тойлады.
12. Жер жаһанның ең үздік ойыншыларымен өткен кездесулердегі Еленаның жеңіс коэффиценті 60 пайызды құрайды. Бұл – WTA тарихындағы ең үздік көрсеткіш!
13. Соңғы 17 жыл аралығында «Үлкен дулығаның» бір турнирде әлемнің бірінші және екінші ракеткаларын қатарынан ұтқан екі ойыншы ғана болды. Солардың бірі – Рыбакина.
14. «Australian Open» жарысында WTA рейтингінде көш бастап тұрған қос мықтыны ұту бақыты төрткүл дүниенің төрт теннисшісіне ғана бұйырды. Солардың қатарында Елена да бар.
15. Бүгінгі таңда теңдессіз деп танылып отырған теннисшилерді отандасымыз WTA деңгейіндегі додаларда үш ретттен аса ұтты. Ондай нәтижеге тек төрт теннисші ғана қол жеткізе алған.
16. Ол ТОП-10-дықтың қатарында жүрген үздіктерді қатарынан 10 кездесуде ұтты.
17. Рыбакина ТОП турнирлердегі соңғы 21 кездесудің 20-сында жеңіске жетті.
18. Былтыр өткен «Уимблдоннан» кейін ол 45 рет кортқа шығып, 38 қарсыласын қапы қалдырды. Бұл – сол мерзім аралығындаңы ең жақсы көрсеткіш!
19. Биылғы маусымда Елена эйс жасау жағынан жеке-дара көш бастап тұр. Оның қаңырата соққан соққылары 69 мәрте діттеген жеріне дөп түсті. Сол эйстердің 47-сі Аустаралияның ашық біріншілігінің еншісінде.
20. Мельбурндегі жарқын жеңісінің арқасында Елена Рыбакина қайта ТОП-3 теннисшінің қатарына қосылды. Сонымен қатар ол екінші орында тұрған ойыншыдан ұпай санын 368-ге дейін қысқартты.