Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-ші отырысында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жаңа Конституция жобасын біртұтас, теңдестірілген әрі жан-жақты пысықталған құжат деп бағалап, оны бүкілхалықтық референдумға шығаруға толық дайын екенін айтты, деп жазады Egemen.kz.
Депутаттың сөзінше, оның жаңа Ата заң жобасын қолдаудағы ұстанымы Қазақстан қоғамының бүгінгі өмір сүру ахуалын және азаматтардың нақты сұраныстарын түсінуге негізделген.
«Қоғамдық және парламенттік жұмыста адамдар мемлекеттен түсінікті ережелер, бәріне бірдей қарым-қатынас пен ертеңгі күнге деген сенімділікті күтеді. Бұл үміт Ата Заңда қандай құндылықтар мен қағидаттар бекітілгеніне тікелей байланысты», деді ол.
Сергей Пономарев ұсынылған түзетулердің өзегінде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тұрғанын атап өтті.
«Жаңа Конституцияның жобасы дәл осы логикаға құрылған. Ол адам құқықтары кепілдіктерінің біртұтас жүйесін қалыптастырады және декларациялармен шектелмей, оларды қорғаудың нақты тетіктерін жасайды», деді депутат.
Бақыт Нұрмұханов: Жаңа Конституцияның жобасында өтпелі ережелер нақтыланды
Оның айтуынша, жаңа Ата заң жобасы мемлекеттік дамудың тұрақты әрі жауапты моделін қалыптастырып, қоғамдық сұранысқа жауап береді. Құжат болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін ұзақ мерзімді перспективаға бағытталған. Бұл қоршаған ортаны сақтау, қоғамдық қауіпсіздік, тұрақты экономика мен әлеуметтік тұрақтылықты өзара тығыз байланысты құндылықтар ретінде қарастыруды көздейді.
Серік Егізбаев: Жаңа Конституция қоғам сұранысына жауап береді
Депутат жаңа Конституция жобасындағы маңызды бағыттардың бірі азаматтық қоғамның рөлін күшейту екенін де атап өтті.
«Қоғамдық бірлестіктер қызметінің еркіндігі және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту тұрақты диалог пен қоғамдық бақылау үшін жағдай жасайды. Бұл басқару жүйесін ашық әрі түсінікті етеді, ал қабылданатын шешімдер салмақты бола түседі», деді ол.
Сергей Пономарев қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудың айрықша мәні бар екенін де тілге тиек етті.
«Әр адамның қадір-қасиетін құрметтеу, тең құқықтық пен қоғамдық үдерістерге белсене қатысу тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік негізін қалайды», деді депутат.
Ассамблея жастары жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді
Сөз соңында ол жаңа Конституция жобасын қоғамның нақты талап-тілегін айқын көрсететін, Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға сай келетін пысықталған әрі біртұтас құжат ретінде бағалады.
«Ол қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесін ескере отырып, мемлекеттің адам құқықтары, экономика, қауіпсіздік және әлеуметтік саладағы жауапкершілігінің айқын бағдарларын қалыптастырады. Ұсынылған жоба пысықталған әрі теңдестірілген, сондықтан оны бүкілхалықтық референдумға шығаруға болады», деп түйіндеді Сергей Пономарев.