• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:50

Цифрлық дәуірдегі кино өнері

10 рет
көрсетілді

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Осыған орай Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Жасанды интеллект дәуіріндегі экран өнері: заманауи мәселелері мен даму үрдісі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Экран өнері – қашанда заманмен үндесіп, қоғамдағы өзгерістерге сергек жауап беретін сала. Кино, анимация, телевизия және жаңа медиа формалары тек тех­нологиялық жетістіктердің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сана мен рухани ахуалдың көрінісі.

Жиында алдымен сөз алған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев жасанды интеллект мүмкіндігін сындарлы зерделеу – бүгінгі білім жүйесінің басты талабының бірі екенін айтты. Одан кейін Қазақ ұлттық өнер академиясының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Қабыл Халықов пен факультет деканы, PhD Мәдина Бакеева экран өнерінің цифрлық дәуірдегі маңызы, шығармашылық жауапкершілік және жасанды интеллектінің салаға тигізетін ықпалы жөнінде мазмұнды пікірлерін ортаға салды. Факультет деканы М.Бакеева өз сөзінде бүгінгі жиынның жасанды интеллект пен кино, телевизия және анимация саласының тоғысындағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға, сондай-ақ аталған бағыт бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге жол ашатын маңызды алаң екенін жеткізді. Сондай-ақ спикерлер экран өнерінің жаңа цифрлық дәуірдегі рөліне, жасанды интеллектінің шығармашылық ойлауға ықпа­лына және көркемдік жауапкер­шілік мәселесіне тоқталды.

Жиынға қазақ киносының дамуына елеулі үлес қосып жүрген режиссерлер, продюсерлер мен сала сарапшылары қатысты. Айталық, танымал кинорежиссер Рашид Нұғыманов экран өнерінің тілі мен авторлық көзқарастың маңызын сөз етті. Оның айтуынша, экран – дәуірдің айнасы, ал технология тек сол айнаға қызмет етуге тиіс. Ал белгілі заңгер, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан киногерлер одағы басқармасының мүшесі Темірлан Төлегенов жасанды интеллект кеңінен қолда­нылып отырған қазіргі кезеңде құқықтық нормалардың өзектілігі арта түскенін атап өтті. Ол шы­ғар­машылық өнімді қорғау, интел­лектуалдық меншік пен заң­­намалық жауапкершілік мәсе­лелеріне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар «Unico Play» компаниясының бас продюсері Анар Жүнісова цифрлық платформалар мен стриминг жүйелерінің экран өнеріне әсері жөнінде баян­дама жасаса, академия түлегі, режиссер Ернар Нұрғалиев отандық кино өндірісіндегі жаңа үрдістермен бөлісті. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің докторант­ы Толқын Миркасимова және Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Айдос Сейітжан (онлайн) баяндама жасады.

Конференцияға шетелдік спикерлер онлайн қатысты. Мәселен, Бра­тислава экономика және бизнес университетінің докторы, қауымдастырылған профессор Ярослав Култан (Словакия), Санкт-Петербург мемлекеттік кино және телевидение институтының профессор-оқытушысы Антон Смирнов баяндама жасады. Олар өз сөздерінде ЖИ ұтымды пайдалана білген экран өнеріндегі жақсы туындылармен бөлісіп,  жеке тәжірибелерінен қызықты әдістер ұсынды.

Одан кейін жиын панельдік сессияға жалғасты. Мұнда спикерлер жасанды интеллект дәуіріндегі экран өнерінің даму бағыттарын жан-жақты саралады. Талқылау барысында технологиялық жаңа­лықтармен қатар кәсіби этика, авторлық жауапкершілік және гуманитарлық ойлаудың маңызы ерекше аталды. Маман­дардың пікірінше, жасанды интеллект жаңа құралдар мен өндірістік тиімділік ұсынғанымен, шығармашылықтың басты тірегі – адам факторы болып қала береді. Бұдан соң заңгер, философия ғылымдарының докторы Темірлан Төлегеновпен екі сағатқа созылған жеке ашық сессия ұйымдастырылды. Ашық форматта өткен бұл кездесуде спикер жасанды интеллект жағдайындағы авторлық құқық, шығармашылық өнімді қорғау және құқықтық жауапкершілік мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ магистранттар арасында «Экрандық өнерде жасанды интеллект ықпалы: пайдасы мен қаупі» тақырыбында дебат өтіп, үздік қатысушылар анықталды. Пікірсайысқа Тұран университеті мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының магистранттары қатысып, жасанды интеллектінің экран өнеріне, мәдениет пен шығармашылық ойлауға әсері төңірегінде тартысты ойларын ортаға салды. Сонымен бірге жиын аясында ғылыми ма­қалалар жинағы таныстырылды. Іс-шара соңында барлық спикерге Алғысхат пен естелік сыйлық табыс етілді.

 

Назерке Нұртас,

журналист

Соңғы жаңалықтар