Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 11-ші отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты, деп жазады Egemen.kz.
«Конституция жобасының 8-ші бабында меншіктің екі нысаны танылады және тең қорғалады делінген. Олар – мемлекеттік және жеке меншік. Көптеген ұсыныста бұл норманың барлық меншік нысандарын қамтымайтыны айтылған. Осылайша, аталған баптың 1-ші тармағы «Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады» деп жазылды», деді Бақыт Нұрмұханов.
Жобаның 14-ші бабының 2-ші тармағында адам құқы мен бостандығы әр адамға тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкiм айыра алмайды деп көрсетілген. Азаматтар мен мамандар бұл норманы күшейтуді ұсынып, «адам құқы мен бостандығы заңнаманың мазмұны мен қолданылуын айқындайды» деп қосуды сұраған.
«Сот шешімімен ғана»: Тұрғын үй құқығына кепілдікті конституциялық деңгейде күшейту ұсынылды
Бұл ұсыныстар ескеріліп, тармақ «Адам құқы мен бостандығы әр адамға тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкiм айыра алмайды, қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» деп жазылатын болды.
«14-ші баптың 3-ші тармағында Қазақстан азаматының өз азаматтығына орай құқықтары мен мiндеттері бар делінген. Азаматтық адамның мемлекетпен конституциялық-құқықтық байланысын білдіреді. Демек, ел азаматтары Конституцияда белгіленген құқықтардың, бостандықтар мен міндеттердің толық көлеміне ие және заң алдында тең. Аталған баптың 5-ші тармағы да нақтыланды. Өзгерген редакция бойынша, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру басқа тұлғаның құқы бұзбауға және бостандығын шектемеуге тиiс, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адами болмысына нұқсан келтiрмеуге тиiс», деді ол.
Бұдан бөлек, Құрылтайды тарату тетігін неғұрлым икемді әрі ымыраға келуді көздейтіндей ету туралы ұсыныстар да ескерілді. Осыған байланысты «таратады» деген тұжырым «таратуға құқылы» деген нұсқамен ауыстырылды.
Артур Ластаев: Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға да, баспанадан шығаруға да жол берілмейді
«Жалпыхалықтық талқылау үшін жарияланған Конституция жобасында бұл өкілеттіктер императивті түрде бекітілген. Енді Президенттің аталған өкілеттіктерін диспозитивті формада тұжырымдап, құқық ретінде бекіту ұсынылады. Тиісті өзгерістер 46-баптың 2), 4) және 8) тармақшаларына, 57-баптың 1-тармағына және 62-баптың 1 және 2-тармақтарына енгізілді», деп түсіндірді Комиссия мүшесі.
Сонымен бірге көрсетілген конституциялық нормаларда Құрылтайды таратуға шектеулер қойылады. Төтенше немесе соғыс жағдайы кезінде, президент өкілеттігінің соңғы алты айында, алдыңғы таратудан кейінгі бір жыл ішінде немесе Конституцияның 51-бабында белгіленген жағдайда Құрылтайды таратуға болмайды.
Жаңа Конституцияда өтпелі кезеңнің барлық рәсімдері нақты жазылады