• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 16:36

«Сот шешімімен ғана»: Тұрғын үй құқығына кепілдікті конституциялық деңгейде күшейту ұсынылды

10 рет
көрсетілді

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй құқығы мен балалардың мүддесін қорғау бөлігінде конституциялық кепілдіктерді күшейтуге бағытталған бастама көтерді, деп жазады Egemen.kz.

«Бүгін таңертең Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтарды негізсіз тұрғын үйден шығарудан және баспанасынан айырылудан қорғау кепілдіктерін күшейту қажеттігіне ерекше назар аударды. Тұрғын үйге құқық – бұл әлеуметтік кепілдік қана емес, әсіресе балалар туралы сөз болғанда, адамның қауіпсіздігінің негізгі шарты», деді Динара Зәкиева.

Конституциялық реформа жастарға қандай мүмкіндіктер ұсынады?

Өз сөзінде Динара Зәкиева халықаралық стандарттарға сәйкес, балалар өмір сүру, даму және өз құқықтарын қорғау үшін ең қолайлы жағдайларға құқылы екенін жеткізді.

«БҰҰ Бала құқықтары туралы Конвенциясында әрбір баланың физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік және әлеуметтік дамуына жеткілікті өмір сүру деңгейіне құқығы бекітілген. Бұл қауіпсіз әрі тұрақты баспананың болуын көздейді. Бала үшін тұрғын үй – оның әл-ауқаты мен мүдделерін қорғаудың негізгі факторларының бірі», деді ол.

Сонымен қатар тұрғын үй қатынастары саласында азаматтардың құқықтары бұзылу қаупі ерекше айқын көрініп отырғаны да айтылды. Динара Зәкиеваның мәлімдеуінше, құқық қолдану тәжірибесі бұған дәлел екен. Өйткені азаматтардың құқықтарын шектеуге байланысты әлеуметтік тәуекелдер дәл осы тұрғын үй қатынастарының үйден шығару мәселелері туындаған кезде айқын байқалады.

Динара Зәкиева қызмет барысында түрлі қайғылы тұрмыстық ахуал салдарынан балалардың жалғыз баспанасынан айырылу қаупіне тап болатын жағдайларға бірнеше рет кезіккенін айтты.

«Балалардың өзінің жалғыз асыраушысы анасынан айырылатын жағдайды мысалға келтірейін. Анасы көзі тірісінде баспанаға алынған ипотекалық несиенің едәуір бөлігін өтеген. Соған қарамастан, бұрын төленіп қойған қаражат қайтарылмайтын жағдайда балалардың жалғыз баспанасынан айырылу қаупі туындады. Біздің өтінішіміздің нәтижесінде банк қалған қарызды кешіру туралы шешім қабылдады. Алайда, мұндай оқиғалар өкінішке қарай, сирек емес», деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Конституциялық реформа: пайым мен парасат

Осыған байланысты адам өміріндегі маңызды және баланың ең қажетті мүдделерін сот тарапынан ескерусіз қалдырып, тұрғын үйден айыратын жағдайларға жол бермейтін кепілдіктерді бекіту қажет.

Бұл тұрғыда ол нақты конституциялық норма ұсынылып отырғанын атап өтті.

«Осыған орай, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдай жасау жөніндегі мемлекеттің міндетімен қатар,  Конституцияда тұрғын үйден сот шешімінсіз шығаруға жол берілмейтіні туралы норманы бекітуді ұсынамыз», деді Динара Зәкиева.

Аида Балаева: Конституциялық реформалар қоғамды жан-жақты жаңғыртудың берік негізін қалыптастырады

Сөз соңында ол ұсынылып отырған норма әлеуметтік мемлекеттің құндылық бағдарларын айқындайтынына назар аударды.

«Тұрғын үйден сот шешімінсіз шығаруға жол берілмейтіні туралы норманың Конституцияда көрініс табуы – әлеуметтік мемлекеттің кемелдігін және адамның қадір-қасиетіне деген құрметті көрсетеді», деді ол.

Соңғы жаңалықтар