Кеңейтілген Үкімет отырысында бірқатар өңірде биыл су тасқыны, одан кейін құрғақшылық қаупі бар екенін ескере отырып, Үкіметке алдын ала нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысы табиғи апаттарға дайындық тек жедел әрекетпен емес, жүйелі болжау мен алдын алу арқылы жүргізілуі тиіс екенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
Президенттің айтуынша, егер табиғи апаттарды болжауда цифрлық тәсілдер толық қолданылмаса, атқарылған жұмыстың бәрі нәтижесіз қалуы мүмкін. Бұл ретте Қазақстанда қажетті технологиялар бар, басты мәселе – оларды жауапты әрі жүйелі түрде пайдалану.
«Тағы да айтарым, табиғи апаттарды болжау үшін цифрлық тәсілдерді пайдаланбасақ, жұмыстың бәрі босқа кетеді. Бізде қажетті технологияның бәрін пайдалануға мүмкіндік бар. Тек соның барлығы қаншалықты жауапты әрі жүйелі түрде қолданылады деген сұрақ туады. Мәселе – сонда», деді Мемлекет басшысы.
Су тасқынына дайындық күшейтілді
Қасым-Жомарт Тоқаев егіс алқаптары мен инфрақұрылымды қорғауға бағытталған шаралар алдын ала қабылдануы керегін атап өтті. Оның сөзінше, мәселе туындаған сайын ғана әрекетке көшпей, қауіптің алдын алу мәдениетін қалыптастыру қажет.
«Әр жолы мәселе пайда болған кезде ғана жанталаспай, қиындықтың алдын алған жөн. Бұрынғы қателіктерге жол бермеу керек», деді Президент.
Тоқаев: Елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталады
Мемлекет басшысы көктем мезгілінің таяп қалғанын еске салып, Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп су тасқынына қарсы шараларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыруды тапсырды. Президент бұл жұмыстың өңірлердегі үйлестіру деңгейі мен нақты жауапкершілікке тікелей байланысты екенін қадап айтты.
Өңірлер ықтимал су тасқынына дайын ба?
Оның айтуынша, табиғи қатерлерге дайындық елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, инфрақұрылымның сақталуына және азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл мәселе Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі болуға тиіс.