Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Қостанай облысының әлеуметтік саласын дамыту тақырыбында жиын өтті. Оған салалық министрліктердің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Өңірдің денсаулық сақтау саласында бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Мәселен, туберкулезден болатын өлім-жітім 7,1%-ға төмендеген. Сонымен қатар шешімін күткен мәселелер де бар. Атап айтқанда, интервенциялық көмектің қолжетімділігін арттыру, скринингтік тексерулердің сапасын жақсарту және кадрлық әлеуетті нығайту бағытында нақты шаралар қабылдау қажет.
Облыстың білім беру жүйесін дамыту бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өңірдегі 30 колледжде 593 кәсіпорынның қатысуымен дуалды оқыту жүйесі сәтті енгізілген. Мектептерде цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде қолданылып келеді. Сонымен қатар арнайы педагог кадрларының тапшылығын жоюға бағытталған жұмыстар атқарылуда.
Қостанай облысындағы жоғары білім беру саласы да тұрақты оң өсімді көрсетіп отыр. Кейінгі үш жылда студенттер саны 15,3%-ға артқан. Халықаралық қос дипломды білім беру бағдарламалары кеңейіп, кадрларды практикаға бейімдеп даярлау күшейтілуде. «KIA» компаниясымен ынтымақтастықтың нәтижелілігі де айқын. «Автомобиль өнеркәсібінің инжинирингі» бағдарламасы аясында оқыған 22 студенттің 17-сі бүгінде тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру деңгейінің төмендігі негізгі түйткілдердің бірі ретінде аталды. Облыс әкімдігіне осы бағытта жұмысты күшейту тапсырылды.
Өңірде бүгінде 580 мәдениет және архив мекемесі жұмыс істейді. Кейінгі үш жылда 31 нысан жөндеуден өтіп, 5 жаңа мәдениет мекемесі салынған. Дегенмен мәдени инфрақұрылымды жаңғыртуға деген қажеттілік әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
Туризм саласында Қостанай облысының әлеуеті зор болғанымен, туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері де өзекті. Сондай-ақ инклюзивті спортты дамытуға да ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, кадрлық әлеуетті дамыту, сондай-ақ әлеуметтік саланың негізгі бағыттары бойынша кешенді шараларды іске асыру тапсырылды.