Арқалықта тағы бір көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Қала орталығындағы жаңа үйге біраздан бері баспана кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәмелетке толған жетім балалар мен зейнеткерлер қоныстанды.
Көптен бері бос тұрған 55 пәтерлі нысанды жеке құрылыс компаниясы күрделі жөндеуден өткізіп, заман талабына сай қайта қалпына келтірген. Қысқа уақыт ішінде жайлы баспанаға айналған ғимаратты жергілікті әкімдік 983 млн теңгеге сатып алды. Жаңа үйдің иелеріне пәтер кілтін табыстау рәсіміне арнайы келген қала әкімі Әмірхан Асанов көпшілікті қоныстой қуанышымен құттықтады.
«Халықтың әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында көп шаруа атқарылып келеді. Осы бағытта іске асырылып жатқан «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде өңірде жыл сайын мыңдаған шаршы метр тұрғын үй салынып, ел игілігіне беріліп жатыр. Бүгін, міне, бәріміз осындай игі істің куәсі болып отырмыз. Арқалықта әлі де талай тұрғын үй бой көтереді. Бұл бағытта көптеген жоба жоспарда тұр», деді қала әкімі.
Салтанатты жиында баспана қуанышына кенелген елу бес отбасының атынан «Алтын алқа» иегері Ғалия Ысқақова сөз алып, қала басшылығы мен құрылысшыларға алғыс айтты. Қазақтың игі дәстүріне сай әжелер шашу шашып, қадірлі қария, еңбек ардагері Құлжан Сүлейменов көпшілікке ақ батасын берді.
Қостанай облысы