Еңбек ауылының тұрғыны Сымбат Шарапиева Әдия, Айша, Әсел есімді үшемді дүниеге әкелді. Облыстық аурухананың перинаталдық орталығында бір айдай күтімде жатқан батыр ана аман-есен босанып, перзентханадан шықты.
Үшемдерін үлбіретіп құшағына алған Сымбатты перзентхана алдында облыс әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина, ерлі-зайыпты Дәурен мен Сымбаттың ағайын-туыс, жора-жолдастары, журналистер күтіп алды. Әкім орынбасары үшемдердің анасына көрімдік деп 1 млн теңгенің сертификатын берді.
Дәрігерлердің айтуынша, Қостанай перзентханасында кейінгі он жылдың көлемінде осымен 14 үшем дүниеге келіп отыр. Үш нәрестенің екеуінің салмағы – 2600, біреуінікі – 2300 грамм.
«Үш ұлымыз бар, үлкені – 10, ортаншымыз – 8, одан кішісі – 4 жаста. Енді бір қыз берсе ғой деп армандайтынбыз. Дәрігерден үшемге жүкті екенімді естігенде қайран қалғаным сонша, не істерімді білмедім. 23 күн ауруханада жаттым. Дәрігерлердің арқасында жанымыз қалып, үшем сүйдік. Бақыт деген осы шығар», дейді көпбалалы ана Сымбат Шарапиева.
Көпшілік нәрестелердің ата-анасын жан-жақтан қаумалап жарыса құттықтасып, гүл ұсынып жатқанда, үшемдердің әжесі Ғалия Шарапиева жалғыз өзі шеттеу жерде ойға батып тұрды. Әжейді әңгімеге тартып, «Келініңіз үш бірдей нәресетені өмірге әкеліп жатыр. Мұндайда қуанбайсыз ба?» дедік.
«Қуанамын ғой, қуанбағанда ше, құдайдың бергеніне шүкір деймін! Балаларым осы қаладан 25 шақырым жерде бір бөлмелі тар үйде қысылып-қымтырылып тұрып жатыр. Ауылда газ-су бар, бірақ бұларда жоқ. Өсіп келе жатқан үш баласы бар еді, тағы үш қызымыз өмірге келді. Енді осы нәрестелерді қайда алып барарымды ойлап, мұңайыңқырап тұрмын. Өзімнің де үйім тар. Келінім бірталай жылдан бері баладан ұзап шыға алмай, үйде отыр. Ұлым Қостанайға келіп-кетіп жұмыс істеп жүр. Таңертең кеткеннен кешке бір-ақ келеді. Осындағы диірменнің бірінде ұн тиейді. Енді қалай болатынын білмеймін», деді үшемнің әжесі.
Жүрегін бірде қуаныш кернеп, бірде мұң торлаған зейнеткерді «Бір реті болар, қамықпаңыз», деп жұбатқан болдық.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Меңдіқара ауданындағы Харьков ауылында өмірге келген Николай, Евгений, Виолетта есімді үшемдердің анасына жергілікті агрофирманың басшысы Еркін Бұқанов еңсесі биік, кең баспана тарту етіп, үшемнің анасы ай сайын алып тұратын 100 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмек тағайындаған еді. Одан кейін, 2024 жылы Қостанайда Айару, Ардан, Арлан есімді үшемдер дүниеге келді. Ол кезде де қала әкімі Марат Жүндібаевтың өзі қалбалақтап жүгіріп келіп, көпбалалы ананың қолына ішінде үш бөлмелі пәтер кілті бар қызыл барқыт қорапшаны ұстатып кеткені есімізде.
«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады», әр баланың өз несібесі бар, бәлкім, үш ұлдан кейін үшем дүниеге келген Шарапиевтер отбасына да қолұшын созып, шарапатын тигізетін жанашыр азаматтар табылып қалар.
Қостанай облысы