Отандық жоғары оқу орындарының білім беру географиясы кейінгі жылдары өз өрісін кеңейте бастады. Әдетте біз Қазақстанда ашылған шетелдік университеттердің филиалдары мен орталықтары туралы көп білеміз. Алайда еліміздің шекарасынан шығып, алыс-жақын шетелдерде де студенттер тартып, төл дипломмен маман даярлап отырған жоғары оқу орындары барынан бейхабармыз.
Қанша филиал бар?
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігіне сұрау салдық. Сондағы дерекке сүйенсек, кейінгі 3 жылда отандық жоғары оқу орындарының 5 филиалы шетелде ашылды.
Атап айтқанда, 2022 жылдан бастап Бішкек қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы жұмыс істейді, Қырғыз Республикасындағы ОШ мемлекеттік университетінің базасында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ филиалы; 2023 жылы Өзбекстандағы Шыршық қаласында Әуезов университетінің филиалы, Тәжікстандағы Душанбе қаласындағы Осими атындағы Тәжік мемлекеттік университетінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ бірлескен ақпараттық технологиялар факультеті ашылды. 2025 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ресей Федерациясындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасындағы филиалы жұмыс істей бастады.
Бұл филиалдарда қандай мамандықтар оқытылады, гранттар қарастырылған ба, профессор-оқытушылар құрамы қандай, қанша талапкер қабылдауға қауқарлы? Осылардың негізгілерін тарқатып, сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
ҚазҰУ-дың кеңейген картасы
Былтыр ғана Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ресми түрде ашылғаны белгілі. Бұл – Ресейде тұңғыш рет ашылған отандық жоғары оқу орнының филиалы. Биылғы қыркүйек айында талапкерлерді қабылдаған филиалға Қазақстан мен Ресей үкіметтері студенттерді оқыту үшін арнайы 200 грант бөлген. Филиалға жалпы 200–250 талапкерді қабылдау жоспарланып отыр.
Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, ҚазҰУ-дың Омбыдағы филиалы «Халықаралық құқық», «Қазақ филологиясы» және «Кеден ісі» сияқты білім бағдарламалары бойынша бакалавр мен магистрлерді даярлайды. Болашақта қос дипломды білім бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Филиалдағы оқу үдерісін ұлттық университеттің профессор-оқытушылар құрамы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізеді. Алдағы уақытта шетелдік ғалымдарды тарту көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта филиалда оқу-әдістемелік қызметке арналған 10 кабинет жасақталған. Атап айтқанда, студенттер Шоқан Уәлиханов атындағы кеден ісі, Абай атындағы қазақ тілі және Нәзір Төреқұлов атындағы халықаралық құқық кабинеттерінде дәріс тыңдайды. Осыған қоса басшылық пен профессор-оқытушылар құрамы үшін 5 кабинет, 7 оқу аудиториясы және коворкинг орталығы қарастырылған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Бішкек қаласындағы филиалы 2022 жылғы 26 мамырда ашылды. Оның ресми ашылу рәсімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың қатысуымен өткен болатын. Бүгінгі таңда филиалда 12 бакалавриат бағдарламасы және бейіндік магистратура бойынша білім беріледі. Ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында – «Құқықтану», «Менеджмент», «Компьютерлік инженерия» және «Шетел филологиясы» бар. Қазіргі уақытта филиалда 750-ге жуық студент оқиды, ал 2025–2026 оқу жылына 630-дан астам талапкер қабылданған. Дәрістер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Оштағы ұлттық университет филиалы
Өткен жылғы тамыз айында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы Қырғыз Республикасында ашылды. Филиал Бішкек қаласындағы Ош мемлекеттік университетінің базасында құрылды. Бұл жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында ұйымдастырылған еді.
Мемлекет басшысы сапарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз брифингінде белгілі болғандай, Қазақстан Үкіметі қырғыз студенттеріне 50 грант бөліп отыр. Келесі жылдан бастап грант санын 60-қа дейін көбейтпек.
ЕҰУ-дың Ош мемлекеттік университетіндегі филиалы экология, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және қызмет көрсету саласы бойынша мамандарды дайындайтын болады. Сондай-ақ филиал базасында екі елдің студенттері орыс тілі мен әдебиеті, аударма ісі, шет тілі, журналистика, физика мамандықтары бойынша білім алып, оқуын аяқтаған соң екі университеттің қос дипломын алады, осыған қоса бірлескен зерттеулер жүргізуге де мүмкіндіктер қарастырылған.
Сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті академиялық ұтқырлық және қос дипломдық білім беру бағдарламалары бойынша Қырғыз Республикасының 16 университетімен ынтымақтастық орнатқан. Тағы бір әріптестікке аталған университет Душанбеде өтіп жатқан Орталық Азия елдері жоғары оқу орындары ректорларының ІІ форумында қол жеткізген еді. Форум барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және М.С.Осими атындағы Тәжік техникалық университеті бірлесіп факультет құруға келіскен.
Шыршықтағы шаңырақ
Осыдан 3 айдай бұрын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Өзбекстан Республикасының Шыршық қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті филиалының жұмысымен танысуға барды. Сол кездегі таратылған ақпаратқа қарағанда, екіжақты келісім Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, академиялық алмасуды кеңейтуге, ғылыми байланыстарды дамытуға және жаңа білім беру бастамаларын қалыптастыруға бағытталған. Екі ел жастары арасындағы достықты нығайту және бірлескен инновациялық жобаларды ілгерілетуге ерекше назар аударылды. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын, академиялық мобильдік, цифрландыру және инновациялар саласындағы тәжірибе алмасуды, университеттер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы байланыстарды нығайту мәселелерін талқылап, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми бастамаларды іске асыру арқылы қолға алынбақ.
Тараптар филиалды аралау барысында бірқатар оқу аудиториялары мен зертханаларда өтіп жатқан білім беру үдерісін көзбен көрді. Делегация өкілдері университеттің құқықтану бағыты бойынша арнайы жабдықталған оқу-сот залына кіріп, жас мамандардың кәсіби дағдыларды меңгеру деңгейіне оң баға берді. Сонымен қатар ақпараттық технологиялар бағыты бойынша роботтехника, бағдарламалау және цифрлық инженерия кабинеттерінде болып, студенттердің IT жобаларымен танысты.
P.S. Елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының бөлімшелері, факультеттері мен филиалдары ашылып жатқаны жақсы үрдіс болар, алайда оқыту арқылы әл-ауқатын көтеріп отырған елдерден үлгі ретінде отандық білімді «экпорттауға» мән бергеніміз маңызды. Алғашқы қадамдар бар екенін жаздық. Бұл – біздегі жоғары білім жүйесінің халықаралық деңгейге бет алғанының белгісі.