Екі аптаға жуық уақыт бойы төрткүл дүние жанкүйерлері тамсана тамашалаған Аустралияның ашық біріншілігі өз мәресіне жетті. Еліміз үшін осы дүбірлі дода сәтті аяқталды деп айтуға толық негіз бар. Себебі Мельбурнде Елена Рыбакина бас жүлдені олжаласа, Анна Данилина финалда ғана ұтылды. Ал Заңғар Нұрланұлы жартылай финалға дейін жетті.
Еліміздің ең үздік теннисшісі алғашқы айналымдарда Кая Юван (Словения), Варвара Грачева (Франция), Тереза Валентованың (Чехия) тас-талқанын шығарды. Одан кейін Элизе Мертенсті де оп-оңай еңсерді. Ширек финалда жолы әлемнің екінші ракеткасы Ига Швентекпен қиысты. 24 жастағы Варшаваның тумасы спорттың бұл түрінде көптеген белесті бағындырды. «Ролан Гарроста» (Францияның ашық біріншілігі) төрт мәрте теңдессіз деп танылса, US Open (АҚШ) мен Уимблдонда (Ұлыбритания) бір-бір реттен топ жарды. WTA-ның 25 турнирінде бас жүлдені олжалады. Осы жолы екеуі ойынының бірінші сетінде біраз тірескенімен, екіншісінде Елена қарсыласына бас көтертпеді – 7:5, 6:1.
Жартылай финалға жерлесіміз америкалық Джессика Пегуламен кездесті. 31 жастағы АҚШ теннисшісінің ең зор табысы – 2024 жылы US Open додасының финалында өнер көрсетті. WTA турнирлерінде тоғыз рет топ жарды. Кезінде әлемнің үшінші ракеткасы дәрежесіне жеткен Джессика қазір үздіктер тізімінде алтыншы орында тұр. Бірақ Еленаны еңсеруге оның да әлеуеті жетпеді – 6:3, 7:6.
Бас жүлде үшін тартыс Елена Рыбакина Арина Соболенко арасында өтті. Бүгінде төрткүл дүниенің теңдессізі атанып отырған Беларусь елінің беткеұстары US Open мен Мельбурндегі турнирлердің екі дүркін жеңімпазы атанып, Ролан Гарростың финалына шықты. «Үлкен дулығаның» жұптық сайыстарында да мерейі үстем болды. WTA-ның 22 дүркін жеңімпазы деген атағы тағы бар. Дәл осы спортшы осыдан үш жыл бұрын «Australian Open» додасының шешуші сынында біздің ойыншыдан басым түсіп, бас жүлдеден айырған еді.
Жалпы, қос мықтының түрлі жарыстарда жолдары жиі қиысып жүр. Былтыр жыл аяғында Сауд Арабиясында ұйымдастырылған WTA-ның қорытынды турнирінде Рыбакина Соболенкоға сан соқтырды. Тай-брейкте отандасымыз оған бір ұпай да ұстатпады. Енді міне, бітіспес қарсыластар «Australian Open-2026» турнирінің финалында жолықты. Алғашқы екі сетте екеуі итжығыс түсті – 6:4, 4:6. Үшіншісінде Соболенко 3:0 есебімен алда келе жатты. Соған қарамастан, бүкіл ерік-жігерін бойына жиған жерлесіміз қатарынан бес геймді ұтып, таразы басын өзіне аударды. Нәтижесінде, әлемнің бірінші ракеткасын тағы да тізе бүктірді – 6:4. Сөйтіп, Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» додаларында екінші мәрте дара шықты. 2022 жылы Уимблдонда бас жүлдені олжалаған еді. Осы жеңісінің арқасында Елена Дафна Акхерст кубогімен қоса, 2,8 миллион доллар көлемінде сыйақы алды. Сондай-ақ әлемдік рейтингте үшінші орынға көтерілді.
Сербиялық Александра Круничпен жұптасып өнер көрсеткен Анна Данилинаның да қарқыны қуантты. Бастапқы бәсекелерде барлық қарсыласынан басым түскен олар ширек финалда әлемдік рейтингте көш бастап тұрған чехиялық Катерина Синякова мен америкалық Тейлор Таунсендті 6:2, 3:6, 6:0 есебімен ұтты. Жартылай финалда канадалық Габриэла Добровски мен бразилиялық Луиза Стефаниге сан соқтырды – 7:6, 3:6, 6:4. Осылайша, Анна «Үлкен дулыға» турнирлерінде үшінші рет бас жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болды. 2022 жылы осы Мельбурнде, өткен жылы Ролан Гарростың финалында ойнаған еді. Бірақ бұл жолы да шешуші бәсекеде Данилина мен Крунич жұбы бельгиялық Элисе Мертенс пен қытайлық Чжан Шуайды жеңе алмады – 6:7, 4:6.
Жастар арасындағы жарыста Заңғар Нұрланұлы ел теннисінің тарихында қалатындай іс тындырды. Бастапқыда Пантараторн Кунанан (Таиланд), Таики Такизава (Аустралия), Савва Рыбкинді (Ресей) қапы қалдырған ол ¼ финалда Кай Томпсонды (Гонконг) 3:6, 7:6, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда Заңғар америкалық Китон Хансқа есе жіберді – 3:6, 4:6. Десек те осы межеге жетуінің өзі 17 жастағы қандасымыздың елеулі табысы. Былтыр Нұрланұлы US Open додасында да дәл осындай нәтиже көрсетті.
Ерлер арасындағы жарыстың финалында испаниялық Карлос Алькарас пен сербиялық Новак Джокович кездесті. Алғашқысы небәрі 22 жаста, екіншісінің жасы 38-де. Кезінде қарсы келгендердің барлығын бет қаратпай ұтып, талай рекордтық көрсеткішке қол жеткізген Новак кейінгі жылдары өз позициясын жоғалта бастағаны анық. Карлостың, керісінше, қарқыны жылдан жылға күшейіп келеді. Сақа спортшы мен жас жолбарыстың өзара бәсекесі Пиреней түбегі өкілінің жеңісімен аяқталды – 2:6, 6:2, 6:3, 7:5. Сөйтіп, Алькарас «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардағы жеңістер санын жетіге жеткізді. Бұған дейін US Open, Уимблдон, Ролан Гарросты екі реттен ұтқан Испанияның мақтанышы өз мансабында Мельбурндегі турнирде тұңғыш рет топ жарды.