Әскер құрылымында десанттық барлау – ең жауапты әрі күрделі бағыттардың бірі. Өйткені қарулы қақтығыстардың сипаты қанша құбылғанымен, қарсылас туралы нақты әрі жедел ақпарат әрдайым маңызды. Ал мұндай жауапты қызметке жауынгерлерді даярлау оңай шаруа емес.
Десант барлаушы болу кез келген әскери қызметшінің қолынан келе бермейді. Алдымен қатаң іріктеу жүргізіледі. Үміткердің денсаулығы, физикалық дайындығы ғана емес, психологиялық саулығы да басты назарға алынады. Себебі барлаушы көбіне қауіпті ортада стресске төзімді, оқшау жағдайда жедел әрекет етуге тиіс. Жауынгердің дербес шешім қабылдай білуі де ескеріледі.
Даярлықтың негізгі бөлігі физикалық жаттығуларға арналған. Ұзақ марштар, ауыр жабдықпен қозғалу, кедергілер жолағынан өту – күнделікті машық. Бұл барлаушының төзімділігін шыңдап қана қоймай, кез келген жағдайда кедергілерді еңсеріп, тапсырманы орындауға бейімдейді.
Сонымен қатар тактикалық сабақтарда жасырын қозғалу, қарсылас аумағында бақылау жүргізу, барлау деректерін жинау мен жеткізу тәсілдері үйретіледі. Өйткені беталды шабуыл жасамас бұрын стратегиялық тұрғыда жаудың күшін анықтап, техникалық әлеуетін бағалау керек. Сондықтан жаттығулар күндіз-түні, әртүрлі ауа райында өтеді.
Қазір Қонаев қаласы маңындағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің оқу-жаттығу орталығында Алматы, Қонаев, Жетісу гарнизондарының барлау бөлімшелеріне жоспарлы далалық жиын өтіп жатыр. Бұл оқу-жаттығу орталығы мерзімді қызметтегі және келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді кешенді даярлауға арналған заманауи инфрақұрылыммен толық жабдықталған. Сабақтар қауіпсіздік талаптарына сай, ұрыс жағдайына барынша бейімделіп ұйымдастырылған.
«Қалқан» лақап атын иеленген майордың айтуынша, далалық жорықтар жауынгерлік әрі тактикалық-арнайы дайындық дағдыларын пысықтауға, бөлімше құрамында әрекет етуге, ең маңыздысы – жаттығуларда олардың төзімділігі, ептілігі мен реакция жылдамдығы дамытуға арналған.
Жиын аясында десантшылар базалық лагерьлерді орналастыру ережесін меңгеріп, байланыс құралдарының әр түрін, миналау-жару ісінің элементтерін, тактикалық медицина мен ұшқышсыз ұшатын құрылғыларды басқаруды үйреніп жатыр. Одан бөлек, автомат, тапанша, пулемет пен Драгунов мергендік винтовкасынан оқ ату жаттығулары өткізіледі.
Әскери қызметшілер қарауылдарды жасырын түрде жою тәсілдерін, пышақ пен сапер күрегін лақтыру әдістерін де пысықтайды. Барлау бөлімшелері бүркемеленген бақылау орындарынан қадағалау жүргізуге, топ құрамында әрекет етуге, шартты қарсыласты күшпен ұстауға, жергілікті жерді бағдарлауға, траншея мен ойлы-қырлы жерде ұрыс жүргізуге жаттығады.
Бүгінде жеке құрамның тағылымдамасы мен кәсіби өсуіне ерекше назар аударылып келеді. Күзде әскерге алынған сарбаздар арасында үздік нәтижелер көрсеткен әскери қызметшілер де бар. Солардың бірі – Нөгербек Тәтімбек.
Ол небәрі үш ай қызмет еткеннен кейін кіші сержант атағын алып, бөлімше командирі болып тағайындалды. Сарбаздың сөзінше, далалық жағдайдағы сабақтар барлаушы қызметінің мәнін терең түсінуге мүмкіндік беріп, жауапкершілік пен жауынгерлік рухты қалыптастырады.
«Аңдып басып, кез келген бағытта әрекет етуге әзір болу барлаушылардың мақсаты. Ал оны іске асыру үшін біз түрлі сынақтан өтеміз. Кедергілерден өтпес бұрын психологиялық тұрғыда дайын болуымыз міндетті. Жергілікті аумақтың жағдайына қарай әрекет ету, сана-сезімнің ашықтығын талап етеді. Далалық жиындар бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, жеке құрамның моральдық-психологиялық ахуалын нығайту мен барлаушылардың кәсіби құзыретін шыңдай түседі», дейді ол.
Кіші сержант Тәтімбек жоғары оқу орнын «кеден ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ағасының кеңесімен жауынгер Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет етуді таңдаған. Әскери қызметші киокушинкай каратэден қара белбеу иегері әрі 2024 жылғы әлем чемпионы. Болашақта келісімшарт негізінде қызметін жалғастыруды жоспарлап отыр.