• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 08:50

Желі. Жазба. Жеделдік

19 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желіні әркім әрқалай қолданады. Біреу есеп берсе, енді біреу естелігін бөліседі. Тағы біреу танылудың мүмкіндігі, күнделік есебінде пайдаланатындар да бар. Желіде әртүрлі саланың адамы отыр. Ал журналистерге желі, соның ішінде фейсбук парақшасы шығармашылық алаңы іспетті. Желінің сондай мүмкіндігін пайдаланған қаламгердің бірі – эссеист, публицист, ғалым Бауыржан Омарұлы.

Бауыржан Омарұлы жыл соңында желідегі ша­ғын жазбаларын іріктеп, «Же­ліде желген жазбалар» деген жинағын шы­ғарды. Кітаптың көлемі – ша­ғын, салмағы – жеңіл. Кө­ле­мі шағын болғанымен, көтер­ген та­қы­рыбы ауқым­ды. Сал­мағы жеңіл болса да, арқа­лаған жүгі ауыр. Кітап­тың көркемделуінен бастап жазбалардың жинақылы­ғы өзіне бірден баурайды. Әсі­лінде, авторлар желідегі жаз­баларына тақырып қой­майды. Ал Бауыржан Омар­ұлының әр жазбасының төбе­сінде жұп-жұмыр, әп-әдемі тақырып тұрады. Оны айта­сыз, тақы­рыптың астына үйлесімді тақырыпша қойылатынын қайтерсің. Бұдан әдебиет­танушы ғалымның жазбаларына байыппен қарайтынын байқаймыз.

Фейсбуктегі парақшасы­на тұлғалар туралы толға­ныстарын, тұтамдай тұжы­рымдарын, басқа да көрген-білген, көңілге түйген дүние­лерін түртіп отырады. Жай ғана түртпейді, сол арқылы оқырманға түйдектей ой салады. Оның жазбалары көбіне замандастары, әріптестері, достары, қаламдастары және өз ортасы туралы. Бір жаз­ба­сында өзі туралы былай дейді: «Шынында да, кем­пірдің қолын­да өсіп, шалдың шалғайы­на жармас­қан­дардың мінез-құлқы бөлектеу болады. Ұясы­нан безген құс секілді үнемі саяқ жүресің. Бөтен қораның ботақаны тәрізді бұйығылау күй ке­шесің. Әсіресе кемпір­дің көзі, шалдың өзі кеткенде сәл қиын­дау болады. Бір­те-бір­те кемпірдің баласы еке­нің «көр­кемдік шешім», ал қайдан шық­қаның «өмір шындығы» еке­ніне илана бастайсың». Ра­­сында, мұндай сезімді өз ба­сы­­нан өткерген адам ғана түсінеді.

Бауыржан Омарұлы па­рақ­шасы арқылы туған күн иелерін құттықтауды да естен шығармайды. Ондай сәттерде туған күн иесіне ағынан жарылып, ақ тілегін аямай төгеді. Ал өмірден өткен жандардың жақсылығын көбірек айтып, қимастықпен қоштасады. Оймақтай ойлар, сырлы сюжеттер, бейнелі этюдтер, әдебиеттің желідегі көрінісі іспетті жұ­мыр жазбалар оқырманды ойлан­дырмай қоймайды. Омар­ұлы осындай оқшау жаз­б­а­ларымен, өзіндік жазу сти­лімен уақытқа үн қосып, же­ліде жаңа бір жанр қалып­тастырып жатқандай көрінеді.

Жалпы, желідегі журна­лис­тердің жазбалары пуб­лицистикалық һәм көркем-публицистикалық жанрға ке­ліңкірейді. Пікір, ой тудырудан бастап қоғамдық көзқарас қалыптастыру үшін жазатындар жоқ емес. Жазбаларын эссе, шағын әңгіме, мотива­ция­лық мәтін түрінде түйетін­дер де кездесіп қалады. Сол секілді ақпараттық (хабарлама, жаңалық, анонс), эписто­лярлық (хат стиліндегі) жанр­ға жақындатып жазатындар да бар. Микрожанрға (афо­ризм, дәйексөз) мо­йын бұр­ғандар тағы бар. Ал Бауыр­жан Омарұлының ерек­­шелігі – осы аталған жанр­лардың бір жүйесін тауып, журналистиканың жаңа ба­ғытын қалыптастыра ал­ғаны. Бір жағынан өзі журналист, эссеист, публицист, оның үстіне әдебиеттанушы ға­лым­ға бұл аса қиын дүние емес. Бұл жайында өзі: «...Ав­­тор­­лардың ащы ішектей шұ­ба­тылған жазбаларын еш­­кім­нің ықыластанып оқи қой­майтынына жұрттың көзі жетті. Демі бітіп қалатын дү­ниеге ден қойғанша, қысқа қайырымды күрмей салған мың есе артық емес пе? Желі жасты да, кәріні де осыған үйретті. Біз де сол сүрлеуге түстік. Ұзақ жыл бойы ұзақ жазуға дағдылансақ, қысқа мер­зімде қысқа қайыруға бейім­делдік»,  дейді. Шыны керек, қысқа қайырымды күрмей салу үшін де шеберлік қажет.

Желі – баспасөз емес. Же­ліде жеделдік һәм қысқалық керек. Қазіргі оқиға лезде ес­кіріп кетуі мүмкін. Бұл жа­ғынан автор ештеңені қалт жібермей, қадау жазбаға айналдырып үлгереді. Желі – баспасөзден де жедел. Жа­риялаған жазбаң санаулы секундта оқырманның алдынан бір-ақ шығады. Желінің тағы бір артықшылығы – кері байланыс бар. Біреу жазбаны ұнатқанын білдіріп бармақ басады. Тағы бірі жылы пікі­рін қалдырады. Авторды арқа­ландыратын да осы нәрсе.

Расында, «фейсбукке ма­қала жазудың біреу-міреу нұсқаған өлшемі жоқ». Алай­да белгілі бір тәртібі бар. Қысқа да нұсқа жазылған дү­ние­нің желідегі ғұмыры ұзын. Бұл тұрғысынан да Бауыржан Омарұлының желі талабын өзгелерден бұ­­рын меңгергені байқала­ды. «Қаламыңды құлаштап сіл­теу­­дің қажетсіздігін сезіне­сің. Ертеңнен салса, кешке озып, алыстан сермеу онша ұпай әпермейтінін ұғасың. Керісінше, ойыңды оймақтай етіп түсіруге бейімделесің. Толғамыңды түйіндеуге ты­рысасың. Оқығаның мен тоқығаныңды күрмеп отыруға ыңғайланасың», дейді ол.

Әлеуметтік желі – эксперимент алаңы. Соның арқа­сында әр адам өз бағытын, жан­рын қалыптастырып келе­ді. Бауыржан Омарұлы да желінің басты талабы қысқа­лықты ұстанып, жылы жазбаларымен оқырманды баурап үлгерді. Енді, міне, сол ша­ғын жазбалар жинақ болып оқырманға жол тартып отыр.

Біле білген адамға аз сөзге көп мағына сыйдыру да – үлкен өнер.