• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:00

Адалдыққа тәрбиелейтін орта

10 рет
көрсетілді

Астанадағы №73 физика-техникалық лицейінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурорлар клубының» ашылу салтанаты өтті. Құқықтық мәдениетті қалыптастыруды көздейтін бұл бас­тама жасөспірімдердің заңға деген жауапкершілігін арттырып, азаматтық ұстанымын нығайтуға бағытталған.

Салтанатты жиында бірінші болып сөз алған лицей директоры Гүлшат Қалтаева «Болашақ прокурорлар клубының» ашылуын мектептегі маңызды кезең ретінде атап өтті. Оның айтуынша, оқу ошағы білім берумен ғана шектелмей, оқушыларды заңды құрметтейтін, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін белсенді азамат етіп тәрбиелеуге басымдық беріп келеді.

«Аталған клубтың негізгі мақсаты – оқушылардың құқық­тық сауаттылығын арттыру, тәр­тіпке баулу және кәсіби бағдар беру. Осы игі бастаманы жүзеге асыру мақсатында Ас­тана қаласы Сарайшық ауда­нының аудандық прокуратурасы қаладағы 17 мектептен ең үздік 17 оқушыны іріктеп, клуб мүшелігіне қабылдап, салтанатты түрде сертификат­тармен марапаттаған еді. Бү­гін, міне, осы бастаманың жалғасы ретінде мектебіміздің оқушыларын Өтеген Сейітов атындағы «Жас прокурорлар» клубының қатарына қабылдау рәсімін өткізіп отырмыз. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтық сауат­тылығын арттыруға, олар­дың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты нақты тапсырмалар бергені белгілі. Бүгін ашылып отырған мектепішілік клуб осы маңызды бастамаларды өз жоспарына енгізіп, жүйелі әрі нәтижелі жұмыс атқарады деп сенеміз», деді мектеп директоры.

Іс-шара барысында сөз алған Сарайшық ауданы про­­­курорының орынбаса­ры Бауыржан Асқаров бұл бас­та­маның тәрбиелік мәніне тоқталды.

«Аталған жоба мектептің тек сапалы білім берумен ғана шектелмей, заңға құрметпен қарауды қалыптастыруға, жас­тарды жауапты әрі белсенді азамат ретінде тәрбиелеуге айрықша мән беретінін ай­қын көрсетеді. Мұндай игі істер арқылы болашақта ел мүддесін қорғайтын, әділдікке қызмет ететін саналы ұрпақ қалыптасатынына сенім мол. Ұйымдастырушыларға табыс ал оқушыларға биік мақсат, айқын бағдар және жарқын болашақ тілеймін»,  деді ол.

Іс-шараға арнайы қатыс­қан Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина да баста­маның маңызын ерекше атап өтті.

«Заң мен тәртіп – бүгінгі қоғам үшін ең өзекті тақырып­тар­дың бірі. Прокура­тура қызметкерлерінің балалар­мен тікелей кездесіп, олар­дың сұ­рақтарына жауап беруі, ашық диалог орнатуы жасөс­пі­рім­дердің құқықтық санасын қалыптастыруға, болашақ өміріне дұрыс бағыт беруге үлкен ықпал етеді деп сенемін. Кейінгі екі-үш жылда прокуратура органдарымен бірлесіп, балалардың қауіпсіздігіне бағыт­­­талған көптеген жоба жүзе­ге асырылды. Бұл жұ­мыс­тар­­дың барлығы жас ұрпақтың болашағын қорғауға арналған», деді уәкіл.

Ал Өтеген Сейітов атын­дағы «Болашақ прокурорлар клубының» жетекшісі Жансері Сенғазы клубтың жұмыс бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, жоба Бас прокуратураның бастамасымен қолға алынып, Астана қаласының Сарайшық ауданы прокуратурасы арқылы жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда бастама 17 мектепті қамтып отыр.

«Бұл клуб заң мен тәртіп құндылықтарын жас ұрпақтың санасына сіңіруге бағытталған маңызды орта. Алдағы уақытта құқықтық кездесулер, танымдық сабақтар, тәжірибелік жұмыстар мен тәрбиелік іс-шаралар жү­йелі түрде өткізілмек. Біз алған білімімізді ел игілігіне жұмсайтын, әділдікке қызмет ететін адал азамат болуға ұмтыламыз», деді клуб жетек­шісі.