Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы драма театрда қазақ сахна өнеріндегі жұлдызды жұп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы мен Қазақстанның халық артисі Алмахан Кенжебекованың 75 жылдық мерейтойына арналған «Өнерде – 50, өмірде – 75» атты шығармашылық кеш өтті, деп жазады Egemen.kz.
Кешке облыс әкімі Бейбіт Исабаев және Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрқанат Жақыпбай, Дариға Тұранқұловалар бастаған өнердегі әріптестері, зиялы қауым өкілдері мен өнерсүйер жұртшылық қатысты.
Кеш қонақтары сахна саңлақтарының шығармашылығына арналған көрмені аралады. Онда сахналық киімдері, спектакльдердегі рөлдерінен фотосуреттер, өнерлеріне қатысты басқа да бұйымдар қойылды.
Сахнада құттықтау сөз сөйлеген Бейбіт Исабаев қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қос саңлақтың өмір жолы мен шығармашылықтағы еңбегін ерекше атап өтті.
«Өнерде де, өмірде де тағдыр жолы тоғысқан сахна саңлақтары көп емес. Сол аз шоғырдың ішінде сіздердің есімдеріңізді біз әрдайым құрметпен атаймыз. Сіздердің өмір жолдарыңызды Бикен Римова атындағы театрдан бөліп қарау мүмкін емес. Ең алғаш осы театрдың іргетасын қаласып, сахна шымылдығын ашқан, табан аудармай жарты ғасыр бойы өнерге қызмет етіп келе жатқан сіздерге жетісулықтардың атынан ерекше ризашылығымды білдіремін», деді Бейбіт Исабаев.
Кеште Абай атындағы опера және балет театрының өнерпаздары, «Иль-Канто» квартеті, «Қоңыр» тобы әннен шашу шашты. Жетісулық өнер ұжымдары әртістерінің орындауында Алмахан Нұрпейісқызының өлеңдері оқылып, «Дәнеш аға», «Фариза», «Қызыма» секілді бірқатар әндері орындалды. Қос актер түскен «Көшпенділер», «Бір уыс бидай», басқа да фильмдерден, телехабарлардан үзінділер берілді.
Еске салсақ, қос актер Шолпан Жандарбекованың сыныбын бітіріп, алғашқы еңбек жолын жаңа құрылған Талдықорған театрында бастап, елу жыл сахнаға адал қызмет етіп келеді. Театр ұжымы өткізген бұл мерейтойлық іс-шара ұлттық сахна өнерінің дамуына зор үлес қосқан майталман тұлғаларды дәріптеу, олардың бай шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау және жас актерлерге өнеге етуді мақсат етеді.