АҚШ президенті Дональд Трамп Нигерияда христиандарға қарсы зорлық-зомбылық жалғаса берсе, бұл елге америкалық әскер жіберу мүмкіндігін жоққа шығармады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Truth Social желісінде жазба жариялаған Трамп Нигериядағы христиандарға қарсы жасалып жатқан қылмыстарға алаңдаушылық білдіріп, АҚШ бұл жағдайда «барлық көмекті тоқтатып, қажет болған жағдайда исламдық террористерді толығымен жою үшін өз күштерін енгізуі мүмкін» екенін айтты. Сондай-ақ ол Қорғаныс министрлігіне әскери іс-қимылдарға дайындалуды тапсырғанын мәлімдеді.
Пентагон басшысы Пит Хегсет те Трамптың мәлімдемесіне үн қатып, X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде: «Нигерияда да, басқа елдерде де бейкүнә христиандардың қырылуы тоқтауы тиіс. Қорғаныс министрлігі әрекет етуге дайын. Егер Нигерия үкіметі өз азаматтарын қорғамаса, біз исламдық террористерді жоямыз», – деп жазды.
Өз кезегінде Нигерия президенті Бола Тинубу бұл айыптауларды жоққа шығарды. Оның айтуынша, Нигерия діни төзімділік пен сенім бостандығын басты құндылық ретінде ұстанады.
«Нигерияны өзге дінге төзімсіз ел ретінде сипаттау – шындыққа жанаспайды. Сенім бостандығы мен төзімділік – біздің ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігі», – деді Тинубу X желісінде.
Еске сала кетсек, 2025 жылғы наурызда АҚШ Конгресінің мүшесі Крис Смит Нигерияны ерекше алаң тудырған елдер тізіміне қосуды ұсынған болатын. Ал қазан айының басында сенатор Тед Круз бен өкілдер палатасының мүшесі Райли Мур Нигерия билігін христиандарға қарсы қылмыстарға көз жұма қарады деп айыптаған еді.
Нигерияның солтүстігінде негізінен мұсылмандар, ал оңтүстігінде христиандар тұрады. Елдің солтүстік-шығысында 2009 жылдан бері «Боко Харам» террорлық ұйымы әрекет етуде. Оның салдарынан 35 мыңнан астам адам қаза тауып, 2 миллионнан астам тұрғын босқынға айналған. Сонымен қатар, орталық аймақтарда негізінен мұсылман бақташылар мен христиан диқандар арасында жерге таласудан туындаған қақтығыстар жиілеген.