Елдегі заң мен тәртіпті қалыптастырудың маңызды буыны – прокуратура. Бұған дейінгі жолдауларда прокуратураның жұмысын жандандыруға бағытталған міндеттер мен межелер аз болмады. Соның ішінде инвесторларды сүйемелдеу, отандық кәсіпкерлерді заңсыздықтан қорғау, азаптауларға тосқауыл қою, шетке кеткен активтерді елге қайтару сияқты қадау-қадау тапсырмалардың жүктеліп, ол бойынша іргелі істердің атқарылғанына жұртшылық куә. Ал биылғы жолдау Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық елге айналдыру міндетін жүктеп отыр. Осындай ауқымды жобадағы Прокуратураның рөлі қандай? Жалпы жасанды интеллект дәуірінде прокуратура қызметі қалай өзгермек? Көпшілік көңіліндегі көптеген сауалдарға Түркістан облысының прокуроры Мұрат Әжінұрұлы Тлеубердиевпен болған сұхбатта жауап іздеп көрген едік, деп жазады Egemen.kz.
– Мұрат Әжінұрұлы, жыл сайын Мемлекет басшысы халыққа жолдауын жасап, онда елді дамытуға серпін беретін жобаларды көрсетіп, тапсырма жүктейтіні белгілі. Осы тапсырмалардың орындалуы көңілден шыға ма?– Жолдау тек ертеңгі күннің елеулі қадамдарын айқындайтын маңызды құжат қана емес, бұл Президент пен халық арасындағы диалогты қалыптастыратын алтын көпір іспетті. Көпшіліктің пікір-ұсынысын басшылыққа ала отырып жасалған жоспар, берілген тапсырманың орындалмаған кезі жоқ. Жолдаудағы жүйелілік пен нәтиженің де сыры осында.Мемлекеттегі заңсыздық пен құқық бұзушылықтың дені хабарламаны тіркемеуден бастау алады. Қылмысты жасырудың, азаматтарды негізсіз қылмыс орбитасына танудың соңы жалпы әділдікке деген көзқарасты күйретеді. Мысалы, Түркістан ҚІІБ қызметкерлері бір азаматшаның арызымен «Дем» дүкенінің сатушысына қатысты қылмыстық істі тіркеген. Талапкер сатушыны кассадан ақша ұрлады деп айыптаған. Прокуратура осы іске араласып, сатушыға қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Неге? Себебі, ең алдымен қылмыстық іс бастаудың белгіленген тәртібі бұзылған. Талапкер өз арызында аудиттік тексеру қорытындысын ұсынбаған, яғни залал сомасын растайтын міндетті құжаты жоқ. Немесе ұрлықтың орын алғанын дәйектейтін бейнедәлел, куәлар да тіркелмеген. Егер әрбір адам қанша ақша жоғалғанын білмей тұрып, кімнің ұрлағанына көзі жетпей тұрып полицияға арыздана берсе, әрі оны полиция сүзгіден өткізбей тіркеп, тексеретін болса, айналамызда заңға, құқықтық құрылымдарға өкпелі жандардың саны көбейе бермей ме? Бұл – мемлекеттің құқықтық саясатына ғана емес, азаматтардың мүддесіне қарсы жасалған қадам. Өкінішке қарай, қолындағы билігін қару етіп заңсыздыққа баратын мамандар әлі де бар. Соның салдарынан Түркістан өңірінде соңғы 3 жылда 872 қылмыстық іс тіркелген күннен бастап 3 тәулікте тоқтатылған. Осы санның артында қаншама жазықсыз адамның тағдыры, тілегі, сенімі тұр. Міне, сондықтан да біз жолдауда жүктелген тапсырманың әрқайсысын – азаматтар өмірін, қызығушылығын, құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған пәрменді тетік деп қабылдаймыз.– Мемлекеттік қызмет халыққа барынша ашық, қолжетімді болуы керектігін Президентіміз үнемі ескертіп келеді. Прокуратура халыққа қаншалықты жақын?– «Еститін Үкімет» қағидасының басты формуласы – ашық диалог, қолжетімді қызмет, жедел байланысқа негізделген. Прокуратураны да халыққа жақын еткен осы қағидалар. Қазір азаматтар барлық ақпаратты ғаламтордан алады. Соған орай облыс прокуратурасының бастамасымен кез келген құқық бұзушылыққа тосқауыл қоюда азаматтар белсенділігін арттыру мақсатында «Бұзушылыққа тоқтам» атты пилоттық жоба іске асырылды. Бүгінде әр ауданда осындай 17 телеграм-бот ашылып, қолданысқа енгізілген. Оның тиімділігі – азаматтар өзі көрген, куә болған құқық бұзушылық туралы бірден прокуратураға хабар беріп, өз хабарламасы бойынша қандай әрекеттер жасалғанын бақылай алады. Кері байланыстың тамаша әдісі осы. Қазірдің өзінде телеграм-боттарға жалпы 242 бұзушылық туралы хабарлама түскен. Соның ішінде азаматтар интернет-алаяқтық, жол-көлік оқиғасы, көшенің ластануы, жолдың сапасыздығы, бағдаршамның істен шыққаны, қоғамдық орындардағы бұзушылықтар, есірткі өсіру, сақтау бойынша хабарлама берген. Ел ішіндегі заңсыздықтарды құзырлы органдардың бірден байқамауы мүмкін. Ал мына телеграмм-бот көптеген заңсыздықтардың дер кезінде анықталып, шешімін табуына жол ашып отыр.– Елімізді дамытуға инвесторларды тартудың маңызы зор. Бірақ инвесторлар заңы мықты, қауіпсіз елге ғана қаржы салғысы келетіні түсінікті. Бұл бағытта қандай жұмыстар жасалып жатыр?– Инвесторлар – ел экономикасын дамытуға серпін беретін қуатты күш. Қазақстанның әлеуетіне сенгендіктен болар соңғы жылдары қаржысын біздің өндіріске салатын шетелдік инвесторлар көп. Айталық 2025 жылдың алты айында Түркістан облысына 694,6 млрд теңге инвестиция салынған. Инвестицияның көбеюі өңірдің түрленуіне, аймақтың қуатты өлкеге айналуына, көптеген жұмыс орнының ашылып, табысты азаматтар қатарының өсуіне ықпал етуде. Ал осы ел игілігіне жарайтын қаржы мақсатына сай жұмсалып, инвесторлардың құқығының бұзылмауы – прокуратураның жіті бақылауында.Бұл жұмыста Мемлекет басшысының «Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға қатысты шаралар туралы» Жарлығы басты бағдарға айналған. Осы жарлыққа сай прокуратураға жүктелген міндет айқын. Ол – бизнесті жүргізу мен инвестиция тарту үдерісін барынша ашық, түсінікті және жеңіл ету. Сонымен бірге инвесторлар бетпе-бет келетін мәселелер мен кемшіліктерді жедел шешу өзекті. Біз инвесторларды – ел экономикасына қозғау салушы, ел еңсесін тіктеуші, елдің табысын еселеуші тетік ретінде қарап, оны заңдық тұрғыдан қорғауымыз керек. Мемлекетте кәсіп жүргізуге қажетті құжаттардың реті бекітілген. Соған сай бір жобаны бастау үшін инвесторларға бірқатар құрылымдардың тексеруінен өтіп, рұқсатын алу қажет. Осы құрылымдардың бірі рұқсатты кешіктіріп беріп, қолдан кедергі жасаса, инвесторлар жұмысы ақсайды. Ал қазір уақыттан бағалы, сенімнен қадірлі не бар? Прокуратураның да мақсаты инвесторларға Қазақстанның ең қауіпсіз, ең сенімді ел екендігін құқықтық құралдар арқылы растау.Сондай-ақ Президенттің бастамасымен – инвесторларды қорғау бағытында «Прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілді. Бұл жоба бойынша мемлекеттік органдар инвесторға қатысты кез келген тыйым салу немесе шектеу әрекетін қолға алар алдында прокуратурамен міндетті түрде келісуі тиіс. Осы механизмнің көмегімен прокурорлар екі жылда 31 инвесторға қатысты уәкілетті органдар тіркеген заңсыз әкімшілік істердің күшін жойып, 17 инвесторға қатысты заңсыз тексеруді тоқтатты. Одан бөлек инвесторлар арасында жедел өзара іс-қимыл жасау және тиісті ақпарат алмасу үшін «Turkistan Invest ОП» атты «WhatsApp» мессенджері құрылған. Инвестжобаға қатысты сұрақ туындаса, прокуратура органына немесе «WhatsApp» мессенджеріне жазба қалдыра отырып, шағым түсіруге болады.– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес азаптаумен байланысты қылмыстық істерді тергеп-тексеру прокуратураға жүктелді. Оның нәтижесі қалай?– Құқықтық зайырлы мемлекетте азаматтардың зорлық көруі, азаптауға душар болуы – нонсенс. Алайда, біз әлі күнге мұндай теріс әрекеттерден арылмай келеміз. 2023 жылы Түркістан облысының прокуратурасында азаптау фактісі бойынша 51 қылмыстық іс тіркелген. Осы тіркелген 4 қылмыстық істе азаптау қылмысын 11 полиция қызметкерлері жасаған. Халықты қорғайды, қолдайды деп жүрген полицейлердің азаптау әрекеттерінің ортасында жүруі, әрине, өкінішті.Мұндай олқылықтарға жол бермеу үшін облыстық прокуратура полиция ғимараттарындағы бейнебақылау камераларының толық жұмыс істеуіне, «соқыр» аймақтардың, заңсыз ұсталған, жеткізілген азаматтардың бар/жоғына, прокурор бөлмесінің жабдықталуына мән беріп, тұрақты тексеруде. Сондай-ақ, Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп «Азаптауға жол жоқ!» тақырыбында билборд дайындалды. Кешенді жұмыстар нәтижесінде облыстық полиция бөлімдері толық бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілді. Кешенді іс-шаралардың арқасында азаптау қылмысының тіркелу динамикасы күрт азайып, 2024 жылы 18 іс тіркелсе, олардың барлығы қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылды. Ал 2025 жылы азаптау бойынша 1 ғана іс тіркелген. Осының өзі прокуратураның үйлесімді жұмысын көрсетсе керек.– Мұрат Әжінұрұлы, жаңа технология мүмкіндіктерін қызметіне пайдаланбаған сала аз. Ал отандық прокуратура сандық жүйенің игілігін көре алып отыр ма?– Алаштың ардақты жазушысы Мұхтар Әуезов «Қай істің болсын өнуіне үш шарт керек: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң тәртіп керек», – деген екен. Сол айтпақшы, елдік мұратқа көп болып ұйып, күш біріктіргенде ғана жетуге болады. Жасанды интеллектіні жаңашылдықтардың өзегіне айналдыруға да көптің ниеті, елдің талабы қозғау салғаны белгілі. Қазір әлем сандық технология эволюциясында өмір сүруде. Халықтың негізгі сұранысы, қажеттілігі – интернет, жасанды интеллектпен байланысты. Соған орай мемлекет те өзінің бағыт-бағдарын өзгертіп, қызметін тұтынушы талабына сай жандандыруы керек. Сонда ғана Президентіміз айтқандай үш жылда цифрлық елге айналарымыз анық.Бірақ, цифрлық ел болу бір күннің, болмаса бір сәттің мәселесі емес. Бұл көп болып жұмыла атқаруды қажет ететін ауқымды іс. Әрі біз сандық технология жетістіктерімен бүгін ғана бетпе-бет келіп тұрғанымыз жоқ. Азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша іс-шаралардың қолға алынып, оң нәтиже бергенін бәріміз көріп, қажетімізге жаратып отырмыз. Соның ішінде Прокуратура тарапынан жасалған бірқатар цифрлық жобаларды көпшілік күнделікті тұтынып келеді. Айталық Құқықтық статистика және арнайы ескепке алу комитетінің жетекшілігімен дайындалған «qamqor.gov» сервисі 2017 жылдан бері ел игілігіне қызмет етуде. Бұл мобильдік қосымша мемлекет мен азаматтар арасындағы жедел диалогтың тиімді құралы ретінде мойындалған. Сервис халықтың құқық қорғау құрылымдарына онлайн сұраныс жолдап, жылдам қызмет алу жүйесін қалыптастырған бірегей жоба.Сонымен қатар күнделікті қолданылатын Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тізімі (СДТБТ) қылмыстық істер туралы мәліметті бір орталыққа жинап, прокурорлардың қылмыстық іс бойынша әрекеттерді жіті қадағалауына мүмкіндік береді. Бұл сондай-ақ қылмыстық процесс қатысушыларына тергеу және қылмыстық қудалау органдарымен қашықтан байланысуға жол ашады.Е-otinish арқылы өтінішін мемлекеттік органдарға жолдаған азаматтар оның қаралу барысын және нәтижесін жүйе бақылап отыратынын да айта кеткен орынды. Бұдан бөлек, «Ахуалдық орталық», «Георкарты», «Сот кабинеті» және т.б. ақпараттық жүйелер күнделікті қолданылуда, бұлар өз кезегінде жұмыс барысында тиімділігін тигізіп келеді.– Прокуратураның сандық порталы азаматтарға қаншалықты пайдалы?– Прокуратурадағы кез келген жоба, әрбір бастама – халықтың пікірі мен ұсыныстарын ескере отырып қолға алынған терең ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Көпшіліктің көңілінен шыққан, азаматтардың қажетіне жараған жобалар ғана өміршең. Біз осындай өміршең жобалар дайындауға күш саламыз. Мысалы комитет порталында адамдарды іздеу бойынша 5 бөлім бар. Соның арқасында алимент бойынша берешегі бар азаматтардың тізімін іздеу өте жеңіл. Алимент төлеуден жалтарғандарға, сот орындаушылары белгілі бір шектеулер қоятыны белгілі. Әрі мұндай борышкерлер іздеу тізіміне енгізіледі. Біздің қызметімізде осындай іздеуде жүрген мыңға жуық адам бар.«Балаларды іздеу» деп аталатын бөлімде 7 жасқа дейінгі жоғалған балаларға қатысты ақпарат жинақталған. Порталда қылмыскерлерді, борышкерлерді және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу барынша ыңғайлы. Мұнда сіз кез келген адамның іздеуде екенін тексеруге болады. Мысалы, сіз жұмысшылар тобын жалдайсыз, өзіңізді және отбасыңызды қорғау үшін порталға олардың атын енгізіп, іздеуде тұрған, тұрмағанын білу оңай.Прокуратура қылмыстық, әкімшілік және азаматтық-құқықтық салаларда құқықтық статистиканы жинап қана қоймай, ақпаратты алудың ыңғайлы әдістерін де дамытып жатыр. Біздің ерекшеліктерімізге сүйене отырып, қылмыстардың, әкімшілік құқық бұзушылықтардың толық және сенімді статистикасына қол жеткізуге болады.– Қазір кибер алаяқтық көбейіп кетті. Президент тапсырмасымен дайындалып жатқан Цифрлық кодекс интернетпен байланысты қылмыстарға тосқауыл қоя ала ма?– Сандық технологияға қатысты сауаттың кемдігі, азаматтардың жеке басына қатысты ақпараттарға салғырт қарауы салдарынан кибер алаяқтық күн санап көбеюде. Цифрлық кодекс – сандық технологияны қару еткен қылмыскерлерге тосқауыл қоюдың пәрменді құралы болуы тиіс. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалады деп күтілуде.– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет! Ел қауіпсіздігі жолында жасап жатқан жұмыстарыңыз жемісті болсын!