Ақтөбеде 13 жастағы оқушы әкесінің көлігін жасырын мініп кетіп, жол апатына ұшыраған. Ауыр жарақат алған жеткіншек ауруханада көз жұмған. Бұл соңғы екі айда облыста тіркелген екінші қайғылы жағдай, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 27 қазан күні Ақтөбе қаласындағы Бауырластар тұрғын ауданында 13 жастағы бала әкесінің көлігінің кілтін рұқсатсыз алып, көлік айдаған. Жасөспірім көлікті басқара алмай, жол апатына түскен. Салдарынан оқушы ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Полиция ата-аналарға балаларға көлік жүргізуге рұқсат бермеу керектігін ескертеді», делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 2 қыркүйекте дәл осы аумақта тағы бір 16 жастағы жасөспірім әкесінің көлігін айдап шығып, апат салдарынан көз жұмған еді.