Елімізде бұқаралық спортты дамыту – стратегиялық маңызы зор міндеттердің бірі. Себебі дені сау ұлт – қуатты мемлекеттің негізі. Осы орайда Алматы қаласында қолға алынған ауқымды жоба спорттың қолжетімділігін арттырып, халықты саламатты өмір салтына бейімдеуге айтарлықтай серпін беріп отыр.
Кейінгі жылдары мегаполисте тұрғын үй аулаларына, саябақтар мен демалыс аймақтарына дене-шынықтыруға арналған жаттығу құрылғылары көптеп орнатыла бастады. Бұл – спортпен айналысуды кәсіби деңгейде ғана емес, тұрмыстық дағдыға айналдыруға бағытталған қадам. Әсіресе таңғы, кешкі уақыттарда ашық алаңқайларға шығып, жаттығу жасайтын тұрғындардың қатары көбейгені байқалады. Мұндай бастамалар балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, қарттардың белсенді өмір сүруіне жол ашып отыр.
Біз айтып отырған нақты әрі тиімді қадамдар әлеуметтік әділеттілік қағидатына оңтайлы әсер еткен. Бұқаралық спорттың ерекшелігі – оның барлық жастағы, әлеуметтік жағдайы әртүрлі азаматтарға қолжетімді болуы, сол тұрғыда ашық спорт нысандары спорт залдары мен фитнес орталықтарына бара алмайтындарға таптырмас мүмкіндік. Жалпы, саламатты өмір салты ауқатты жандардың ғана емес, бүкіл халықтың өмір салтына айналуы керек.
Алматы қалалық әкімдігі бұл бағытта инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, жүйелі түрде спорттық іс-шаралар, аула турнирлері мен челлендждер өткізіп келеді. Мәселен, «Аула лигасы», «Спортты таңда» сияқты жобалар жастарды тартудың нақты тетігіне айналған. Танымал спортшылармен кездесулер, шеберлік сабақтары да жұртшылықтың спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті. Айталық, өткен жылы қалада бұқаралық спортты дамыту мақсатында 3 мыңға жуық іс-шара өткен болса, оның 35-і ірі халықаралық деңгейдегі жарыстар. Төрткүл дүние көз тіккен бұл сайыстарды тамашалауға 5 мыңнан астам турист мегаполиске табан тіреген. Шаһарда биыл он төртінші рет өткен «Алматы марафоны» жобасына осы жылдың өзінде әлемнің 40-тан астам елінен қонақ келді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Алматы қаласында 924 мың адам денешынықтыру, спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Бұл қала халқының 42%-ға жуығын құрайды. 324 мың бала мен жасөспірім спортпен қамтылған. Бұл дерек елімізде бұқаралық спорттың кең көлемде насихатталып, мегаполисте спорт бұқаралық сипатқа ие бола бастағанын көрсетеді.
«Алматы қаласының бастамасы тұрғындарды саламатты өмір салтына тартуға, жастар мен балаларды спортқа баулуға жол ашады. Бұқаралық спорт жай ғана жаттығу емес, бұл – мәдениет, бұл – ұрпақтың болашағына салынған негіз. Мемлекет пен жергілікті билік тарапынан жасалып жатқан жағдайды тиімді пайдалану әр азаматтың өз қолында. Себебі белсенді өмір салты – аурудың алдын алудың, ұзақ өмір сүрудің, мықты қоғам қалыптастырудың басты шарты. Сондықтан саламатты өмір салтын бүгіннен бастау – ертеңге жасалған ең үлкен инвестиция. Аулаішілік алаңдар көбейе бастады. Бұл спортты күнделікті өмір дағдысына айналдыруға көмектеседі», дейді қоғам белсендісі Нұрлан Асқарұлы.
Қалада спорт залдарының көптеп ашылуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Бұл ретте Алматы қаласы мәслихатының шешімімен «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі ортамерзімді перспективалар бағдарламасы» қабылданды. Оның аясында «Денешынықтыру және спорт саламатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі құрамдас бөлігі ретінде» жол картасы бекітілген. Жол картасында қалада спорт инфрақұрылымдарын жақсарту, оның ішінде жаңа спорт нысандарын салу, қолданыстағыларын жаңғырту қарастырылған.
Бұдан бөлек, жыл сайын 3 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу да көзделген. Кейінгі бірер жылда қаланың бір ғана Жетісу ауданында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілді. Атап айтқанда, біріншісі «Кемел» шағын ауданында орналасқан. Жалпы аумағы – 3024 шаршы метр, күндік қабылдау қуаты – 560 адам. Екіншісі, «Айнабұлақ» шағын ауданында ашылды. Жалпы көлемі – 3920 шаршы метр, 564 адамға шақталған. Үшіншісі әрі ең үлкені «Құлагер» шағын ауданында бой көтерді. Жалпы аумағы – 7 400 шаршы метр. Бір мезетте 900-ге жуық адам спортпен айналыса алады.
Бұқаралық спортты қолдауға бағытталған іс-шаралармен қатар, әкімдік тарапынан халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыруға арналған нақты бастамалар қолға алынған. Тамыз айында Спорт күніне орай өткен мерекелік іс-шарада қала тұрғындарымен жүздескен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков: «Спортпен шұғылдану тәнді ғана емес, рухты да шыңдайды, жігер мен табандылықты дамытады. Мемлекет өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуына жағдай жасап келеді, спорт бұл бағытта маңызды орын алады. Алматы еліміздің спорттық орталығы ретінде үлкен әлеуетке ие. Алматыда спортты, әсіресе бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстар үздіксіз жалғаса береді», деп атап өткен болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқықтық тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне айрықша назар аударылды. Жолдауда: «Бұқаралық спортты дамытуға көбірек көңіл бөлу қажет. Мұнсыз саламатты жастарды тәрбиелеу, бүкіл халықтың денсаулығын нығайту мақсатына қол жеткізу мүмкін емес» екені атап өтілді. Мемлекет басшысы сондай-ақ Ұлттық құрылтайда да бұқаралық спортты, оның ішінде балалар футболын дамытуға ерекше назар аударуды қадап айтты.
«Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз. Елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек деп санаймын. Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз. Балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады», деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Осы ұсыныстан кейін Алматы қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған бірнеше футбол үйірмесі жұмысын бастады. Алматы қаласы әкімдігінің дерегіне сүйенсек, кейінгі екі жылда қалада 500-ден астам ашық спорт алаңы салынды. Бұл алаңдарда тұрғындар футбол, стритбол, воркаут, жеңіл атлетика сынды спорт түрлерімен тегін айналыса алады. Мұндай жобалар азаматтардың белсенділігін арттырып, қала мәдениетінде спортқа деген қызығушылықты өсіріп отыр.
Мәдени құндылықтарымыздың бірі ретінде ұлттық спорт түрлеріне де ерекше назар аударылады. Олардың қатарында қазақ күресі, тоғызқұмалақ секілді танымал спорт түрлері бар.
АЛМАТЫ