Мемлекет басшысы жастарды адал, отаншыл, білімді және еңбекқор азамат ретінде тәрбиелеу елдің жарқын болашағының кепілі екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстанымыз Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Күшті ел болуы керек. Бұл – жалпыұлттық стратегиялық мақсатымыз, барша азаматқа ортақ міндет, қастерлі парыз. Озық ел болу үшін біз әлі талай белесті бағындыруымыз керек.Тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білу қажет. Әсіресе, мұны жастарымызға дұрыс түсіндіріп, оларға бағдар көрсеткен жөн. Еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан жастарымызды ең алдымен Адал азамат етіп тәрбиелеу қажет.
Адал азамат дегеніміз – елін, жерін сыйлайтын, заңға бағынатын, білімге ұмтылатын, ұлттық құндылықтарды қолдайтын және ел бірлігін нығайтуға үлес қосатын азамат», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, еліміздің озық болуы осындай отаншыл, тәртіпті, білімді, мәдениетті, белсенді және ойы ұшқыр жастарға тікелей байланысты. Өз қабілетіне сенетін, көзі ашық, көкірегі ояу, еті тірі, еңбекқор адамның ешкімге тәуелді болмайтынын жас ұрпақ ұғынып өсуі қажет. Әр азаматымыз өз ісіне тиянақты, ұқыпты және жинақы болса, тұтас мемлекет те табысты болмақ.
«Біз бәсекеге қабілетті ұлт болуымыз керек. Бұл – ең алдымен, ұлтымыздың сапасы, яғни азаматтарымыз заманауи, озық ойлы, жасампаз болуы қажет деген сөз. Қазіргі аса күрделі, құбылмалы және қарама-қайшылыққа толы заманда озық ел болу оңай шаруа емес. Сол себепті біз батыл шешімдер қабылдап, нық сеніммен жарқын болашаққа қарай жүреміз. Сонда ғана осы уақыт халқымыздың сана-сезімінде ұлы бетбұрыс жасаған тарихи кезең болып қалары анық. Мен бұған кәміл сенемін», деді Қ.Тоқаев.