Еліміздің бірінші ракеткасы, әлемдік рейтингтің жетінші нөмірі Елена Рыбакина Токио қаласында өтіп жатқан WTA 500 жарысында ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Турнирдің екінші ракеткасы саналатын Елена Рыбакина екінші айналымда канадалық Лейла Фернандеспен кездесті. Әлемдік рейтингте 22-орында тұрған, 2021 жылғы АҚШ чемпионатының финалисі саналатын қарсыласын қазақстандық теннисші 6:4, 6:3 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Ойын бір сағат 28 минутқа созылған. Рыбакина бұл матчта 6 эйс орындап, 4 брейк-пойнттың үшеуін тиімді пайдаланды. Ал Фернандес 1 эйс және 1 брейкпен шектелген.
Енді Елена жартылай финал жолдамасын әлемнің 23-ракеткасы, канадалық Виктория Мбокомен сарапқа салады.
Бұл жеңіс Рыбакина үшін қатарынан бесінші болды. Ол өткен аптада Қытайдың Нинбо қаласында өткен WTA 500 турнирінде чемпион атанған еді.
Қазір қазақстандық спортшы қараша айында Эр-Риядта өтетін маусымның қорытынды турниріне қатысу мүмкіндігіне бір жеңіс қана жетпей тұр.