• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 15:10

«Медеу» мұз айдыны екі жыл ішінде толық жаңғыртылады

30 рет
көрсетілді

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәдениет пен спорт саласындағы ірі жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Қалада бірқатар мәдени нысандар жаңартылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бейбіт Шахановтың айтуынша, Алматыда мәдениет саласының үш маңызды нысанына жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Солардың бірі – «Райымбек батыр» мемориалдық кешені.

«Бұл жұмыс мемориалды қаланың және елдің рухани, тарихи және мәдени өмірінде стратегиялық маңызы бар қазіргі заманғы мәдени-тарихи және ағартушылық орталыққа айналдыру мақсатында жүргізілуде. Жөндеу аяқталған соң мемориал қоғамдық және рухани шаралар өткізуге арналған ашық әрі функционалды алаңға айналады»,  деді Бейбіт Шаханов.

Сонымен қатар биыл наурыз айында Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының кешенді жаңғырту жұмыстары басталған. Театрдың тарихи келбеті сақталып, ғимаратқа заманауи инженерлік шешімдер енгізілмек. Жаңарған театрда 226 көрерменге арналған орын болады, бұл оның сыйымдылығын едәуір арттырады.

Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратының жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жобаны 2026 жылдың басында аяқтау жоспарланған. Жаңартылған кеңістік ұлттық әдебиетті дамытуға, мәдени бірегейлікті нығайтуға және әдеби-ағартушылық бастамаларды қолдауға арналған ортаға айналады.

Қалада үш жаңа мәдени нысанның – Жастар театры, Цирк және Зообақтың жобалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жастар театрының құрылысы 2026 жылдың наурыз айында басталмақ.

Мәдениетпен қатар, спорт инфрақұрылымын дамыту да басым бағыттардың бірі. Әкім орынбасарының сөзінше, Алматы еліміздің спорт кадрларын даярлайтын басты орталықтардың бірі саналады.

«Биыл Наурызбай және Түрксіб аудандарында олимпиадалық бассейндері бар екі жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы тағы төрт спорт кешенінің құрылысы Саялы, Ақжар, Қарасу және Шұғыла шағынаудандарында басталады», деді ол.

Қаланың спорттық өміріндегі маңызды жобалардың бірі – 35 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы. Нысан UEFA-ның 4-санат стандартына толық сай болмақ.

Бұдан бөлек, Алматының басты спорттық нысандарының бірі – «Медеу» мұз айдыны кешені де жаңартылып жатыр. Екі жылға жоспарланған бұл жоба аясында кешен өзінің халықаралық спорттық-туристік мәртебесін сақтап, келушілер үшін одан әрі тартымды болмақ.