Елімізде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын жаңарту мақсатында 2025–2026 оқу жылында «Ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» пилоттық жобасы іске асырылады, деп жазады Egemen.kz.
Жобаға республика бойынша 100 мектепке дейінгі ұйым қатысады. Оның ішінде 62 мемлекеттік және 38 жекеменшік балабақша бар. Бағдарлама 4 пен 5 жастағы балаларды қамтиды.
Жоба балаларды еңбекке баулу, олардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік және табандылық сияқты қасиеттерді қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ еңбек пен түрлі мамандық иелеріне құрметпен қарап, бағалауға дағдыланады.
«Жоба мазмұны баланың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай әзірленген. Балалар күнделікті ойын және тәжірибелік іс-әрекет арқылы түрлі кәсіп түрлерімен танысады, қарапайым еңбек дағдыларын меңгереді. Жоба аясында балалардың еңбекке деген қызығушылығы артады, ұжымдық жұмыс пен еңбек ету қабілеті дамиды, сондай-ақ болашақ кәсіби бағдардың алғашқы қадамы жасалады», делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.