• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:35

Нұралхан Көшеров: Түркістан өндірісі дамыған өңірлер қатарынан табылады

270 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу саласына көбірек қаражат тарту қажеттігін атап өтті. «Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс», деді Президент. Сондай-ақ Жолдауда экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру қажеттігі айтылды. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қолға алынған, атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

Республикалық бюджетке тәуелділік 25 пайызға дейін төмендейді

– Соңғы жылдары Түркістан облысының экономикалық дамуы қарқынды, жақсы жетіс­тіктерге қол жеткізіп келеді. Ал­дағы уақытқа қойылған мақ­сат-мін­деттер де ауқымды, осы жө­нінде кеңірек тоқталып өтсеңіз?

– Иә, расында да, облыстың экономикалық әлеуеті соңғы жылдары едәуір артты. Бұл – Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес өңірлік экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Алдымызға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бағы­тында өзіндік кірістерді көбей­ту үшін өндірісті дамытып, эко­номикаға инвестиция тартуымыз қажет. Өңір экономикасының дамуына жаңа серпін беретін 111 инвестициялық жоба пулын қалыптастырдық. Негізгі басымдық ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, энергетика және туризм салаларын айқындадық. Осы жобаларды іске асыру есебінен алдағы 10 жылда өзіндік кірістерді 1,1 трлн теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, республикалық бюджетке тәуелділікті 80 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетеміз. Яғни алдағы жылдары облыс­ты әлеуметтік инфрақұрылымы қалып­тасқан, экономикалық дамуы тұрақты және өзін қамтамасыз ететін бәсекелестігі жоғары өңірге айналдыруға күш саламыз. Оған барлық мүмкіндік бар.

Президент 2025 жылы жалпы экономиканың 7% өсімін қам­тамасыз етуді тапсырған болатын. Осы межеге жету жолында Түркістан облысы айтарлықтай ілгері қадам жасап келеді. Өткен жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 4,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 110% деңгейінде болды. Биылғы жылы даму қарқыны сақталды. Қысқа мерзімінде эко­номикалық өсім 115,8%-ды құрады. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі.

Барлық негізгі макроэконо­микалық көрсеткіштерде тұрақ­ты өсім қалыптасты. Негізгі өсім өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік-логистика салала­ры есебінен болып отыр. Индикатор, яғни көрсеткіштер межесіне қол жеткізу, оның орындалуын ба­қылау мақсатында арнайы рей­тинг­тік бағалау жүйесін енгіздік. Рейтингтік бағалауға 9 негізгі бағыт бойынша 89 индикатор енгізілді. Арнайы есептеу әдісте­месі әзірленді. Барлық индикатор­ аудан, қала және салалық басқар­малар кесіндісінде бөлініп жасалды. Яғни аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларынан бас­тап маманға дейін индикатор жос­парынан жақсы хабардар. Тоқсан сайын бағалау жүргізіледі.

– Түркістан облысы инвестиция тарту қарқыны бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Өңірге тарты­латын инвестицияның нақты көлемі қандай? Бұл қара­жаттың негізгі бөлігі қай сала­лар­ға бағытталады?

– Иә, тартылған инвестиция көлемі бойынша республикада алғашқы бестіктеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы халыққа арналған Жолдауында инвестиция саласына басымдық беріп, шикізат секторынан өңдеу саласына көбірек қаржы тарту керектігін атап өтті. Бұл бағытта өңірімізде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Жал­пы, 8 айда облыс экономикасына 783 млрд теңге инвестиция ба­ғытталып, өткен жылдың тиіс­ті кезеңімен салыстырғанда 125 пайызға өсті. Қаржының басым бөлігі 59,3%-ы, яғни 464,4 млрд теңге жеке инвестицияға тиесілі.

Облыс экономикасының да­муы­на серпін беретін, құны 2,6 трлн теңгені құрайтын инвес­тициялық жобаларды толық іске асыру нәтижесінде 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд теңге салық түседі деп көзделіп отыр. Оның ішінде, осы жылы құны 331 млрд теңгені құрайтын 57 инвестициялық жобаны іске асырып, 8 174 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Биылғы 8 айда 33 жоба іске қосылып, 4 793 жұмыс орны ашылды.

– Президент 2025 жылды – «Жұ­мысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Облыста ең­бек ресурсы жетерлік. Бі­рақ жұ­­мыс­шы мамандық тапшы­лығы бар. Осы мәселе бойынша қан­дай жұмыс атқарылып жатыр?

– Ел экономикасының дамуы­на, жұмыссыздықты азайтуға, өндірістің жетілдіруіне тікелей ықпал жасайтын жұмысшы маман­дықтың рөлі айрықша. Сондықтан да, Президентіміздің 2025 жылды «Жұмысшы маман­дықтар жылы» деп шешім қабылдауы еліміз үшін аса маңыз­ды қадам. Облыста 50 колледжде 45 450 студент 84 мамандық бойынша білім алады. Оның ішінде, 33 колледж 43 жұмысшы мамандығы бойын­ша 16 000 студентті оқытады. 2024–2025 оқу жылында колледж­дерге жалпы 15 525 мемлекеттік тапсырыс жарияланса, оның басым көпшілігі – 8 678-і жұмысшы мамандықтар (55,9%). Ал биыл жаңа оқу жылына қосымша 9 600 студент жұмысшы мамандықтары бойынша мемлекеттік тапсырысқа ие болды.

Облыста іске асырылатын ірі жобалар бойынша 2 290 жұмыс­шы мамандығы қажет. Біз, 2025 оқу жылында бітіруші 8 364 жұ­мысшы мамандығын осы жоба­ларға бағыттап жатырмыз. Бұдан бөлек, жаңа инвестициялық жобалар бойынша 11 мамандық тапшылығы айқындалды. Бұл орайда агроөнеркәсіп, энергетика және техникалық, құрылыс саласы бойынша мамандықтарға лицензия алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта колледж­дерде өңір­ге қажетті жұмысшы маман­дықты даярлауға көшетін боламыз.

 

Үш кластерлік бағыт өркендетіледі

– Экономиканы дамытудағы тиімді тәсілдердің бірі – клас­терлік даму екені белгілі. Оңтүс­тік өңірінде әр кездері әрқилы кластерді дамыту туралы бас­тамалар қолға алынған болатын. Мысалы, мақта-тоқыма кластері туралы жиі айтылады. Бүгінгі таңда облыстың қай салаларында кластерлік дамыту жүйесін енгізу жоспарланып отыр?

– Өңіріміздің демография­лық өсімі жоғары, яғни 2 млн-нан астам адам тұрады. Халықтың 80 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Негізгі кәсібі ауыл ша­руашылығы. Облыстың геогра­фиялық және климаттық ерек­шелігін ескере отырып, 3 клас­терлік бағытты дамытуды қолға алдық. Облыс елімізде мақта өсіре­тін жалғыз өңір. Біз арнайы сарапшылармен талдау жасадық. Мақтаны дәстүрлі әдіспен игеру есебінен гектарынан 25 центнер жиналған. Яғни өнімділік төмен. Оның үстіне суды көп тұтынады. Осыған орай жаңа әдіспен заманауи технологияны қолдана отырып, мақта-тоқыма кластерін дамытуды жоспарлап отырмыз. Бұл орайда жалпы құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылып жатыр. Қуаттылығы жылына 229,5 мың тонна, 7 000 жаңа жұмыс орны ашылады.

Тарқата айтсақ, қытайлық «Lihua» компаниясымен бірлесіп, Түркістан қаласында мақта өңдеу кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоба құны – 146,8 млрд теңге. Қуаттылығы жылына 13 мың тонна иірілген жіп, 50 млн метр мата, 7 млн дана жиын­тық төсек бұйымын шығарады. 4 000 жұмыс орны құрылады. Жоба бойынша мақта өңдеуден да­йын бұйым шығаратын толық өндірістік циклді қамтамасыз етеді. Өткен жылы қанатқақты жоба ретінде Отырар ауданында 32 мың гектарға жаңа әдіспен мақта егілді. Нәтижесінде, гектарынан 60 центнерден өнім жиналды. Сондай-ақ су үнемдеу технологиясын қолдану есебінен ағын су 2 есе үнемделді. Осы жылдың соңына дейін мақта өңдеу және жіп иіру фабрикасы іске қосылады.

Сондай-ақ жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауыты салынып жатыр. Жоба құны 14 млрд теңге. Қуаттылығы – жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарылады, 500 жұмыс орны ашылады. Бүгінде зауыттың құрылысы мен жабдықтарды орнату жұмысы аяқталу үстінде. Жобаны іске асыру есебінен жүгері алқабының көлемін 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Нәтижесінде, 665 мың тонна жүгері жинау көзделіп отыр.

Облысымыз республикада ет экспорты бойынша көшбасшы. Ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы облысқа тиесілі. Осы орайда ет экспортының әлеуетін ескере отырып, ет клас­тері бағытында 7 жобаны іске асырудамыз. Жоба құны 50 млрд теңге, қуаттылығы 35 мың тонна, 802 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда «Kaz Eco Meat» және «Бесқара» ет өңдеу кешендері іске қосылды. Бұл қосымша 35 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік береді, инвестиция көлемі 5,6 млрд теңге, 150 жұмыс орны ашылады.

Жалпы, 3 кластерді дамыту нәтижесін есептеп шықтық. 2026 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі қосымша 558 млрд теңгеге көбеюі күтіледі. Оның ішінде, жеңіл өнеркәсіп қосымша 220 млрд теңгеге (4 есе), ауыл шаруашылығы 338 млрд теңгеге (1,5 есе) өседі. Егер 2024 жылы жалпы өңірлік өнім құрылымында уран өндірісіне 63,7 пайызы тиесілі болса (783 млрд теңге), тамақ өндірісі – 11,6 пайыз (140,5 млрд теңге), жеңіл өнеркәсіп – 3,5 пайызды (42 млрд теңге) құраған. Ал кластерлік жобаларды іске асыру нәтижесінде жеңіл өнеркәсіп үлесі 14 пайызға (220 млрд теңге), тамақ өндірісі – 17 пайызға (783 млрд теңге) жететін болады.

 

Ауылды дамыту басымдығы

– Жоғарыда облыс халқының 80 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын айтып өттіңіз. Ауыл тұрғындарының тұрмыс-жағдайы қалай?

– Қазақтың жаны, дәстүрі мен болмысының қайнар көзі ауылды дамыту – біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық саяса­тының басты стратегиялық бағыт­та­рының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа президенттік мерзімдегі алғашқы тапсырмаларының бірі – ауылды дамыту, халықтың табысын арттыру және жұмыспен қамтуды күшейту. Бұл бастама ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуға, олардың өз кәсібін ашып, табыс табуына мүмкіндік беруді көздейді.

Аудан, қала тұрғындарымен кездесу барысында инфрақұрылым мәселесі жиі көтеріледі. Біз халық­тың сұранысына және бюджеттің мүмкіншілігіне қарай ол мәселені кезең-кезеңімен жоспарлы түрде шешіп келе жатырмыз. Елді мекен­дерді ауызсумен қамту деңгейі 95 пайыз немесе 763 елді мекен қамтылған. Осы жылы 30 елді мекенге жаңадан ауызсу құбырын жүргізіп, 11 елді мекеннің тозған жүйелері жаңартылады. Табиғи газ өткен жылы 53 елді мекенге тартылып, жалпы қамтылған елді мекендер саны 563-ке жетті. Халықты табиғи газбен қамту көрсеткіші 85,5 пайызды құрады. Биыл қосымша 37 елді мекен газға қосылып, халықтың қамтылуын 88,9 пайызға жеткіземіз. Орталық­тандырылған электр қуатымен облыстың барлық дерлік елді меке­ні қамтылған. Шалғай орна­лас­қан шағын ауылдарды қоспа­ғ­ан­да. Олар баламалы электр қуаты­мен қамтамасыз етілген. Кезең-кезеңімен тозған жүйелерді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы 44 елді мекен­нің желілері жаңартылды. Биылғы жылы қосымша 22 елді мекен жаңғыртудан өтеді. Жергі­лікті маңызы бар автомобиль жолдарының қанағатты жағ­дай­­дағы үлесі 93,7 пайызды құрай­ды. Биыл 289 нысан немесе 1 236 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі. Қанағатты жағдайдағы жолдың үлесін 94,7 пайызға жеткіземіз.

Әлеуметтік қамсыздандыруға тоқталатын болсақ, өздеріңізге белгілі, облыста туу көрсеткіші жоғары. Көпбалалы отбасылардың төрттен бірі өңірімізге тиесілі. Сол себептен де, облыста әлеуметтік көмекке тұрғындарымыз көптеп жүгінеді. Дегенмен, әр отбасыға талдау жасап, белсенді жұмыспен қамту шараларын ұсыну есебі­нен соңғы 3 жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 2 есеге азайтуға қол жеткіздік. Нәтижесінде, кедейшілік деңгейі 9,4 пайыздан 4,4 пайызға дейін төмендеді. Осы жылы олардың санын 76 мыңға немесе 2,7 пайызға кемітуді жоспарлап отырмыз.

Жыл басынан 130 мың жаңа жұ­мыс орны ашылып, жұ­мыс­сыздық деңгейі 4,7 пайыз дең­гейінде қалыптасты. Облыста жалпы 1 438 балабақша жұмыс істейді, 155 мың бала тәрбиеленеді, 2-6 жастағы балаларды қамту дең­гейі 99 пайызды құрады. Ал 1 093 мектепте 549 мың оқушы білім алады. Облыстық бюджет есебінен 17 мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл қорытындысымен 2 мек­теп пайдалануға тапсырылады. Қалғаны келесі жылға өтпелі. «Келешек мектептері» жобасы аясында қуаттылығы 23 000 орындық 29 мектеп құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 21 мектеп пайдалануға тапсырылды, 8 мектеп құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Денсаулық сақ­тау саласында жалпы 199 меди­циналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртуға үлкен назар аударылып отыр. Өткен жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста жаңа 49 нысан салынып, пайда­лануға берілді. Облыстық бюджет күшімен қосымша жаңа 32 ғимарат жыл соңына дейін тапсырылады. Бұдан бөлек, Қазығұрт, Сарығаш және Шардара аудандық орталық ауруханалары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сондай-ақ жедел жәрдем қызметі сапасын арттыру мақсатында 60 арнайы автокөлік сатып алынды.

– Руханият ордасы дерлік мәдениет үйлерінің халі нешік? Инфрақұрылыммен, ауылдық елді мекендерді жоға­ры жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету деңгейі қандай?

– Облыстағы 24 музейге келу­ші­лер саны 205 178 адамды құрап, өткен жылғы 9 аймен салыс­тыр­ғанда 5%-ға артып отыр. Биыл музейлерде 2 167 жәдігер жинақ­талып, жалпы жәдігер саны 178 134-ке жеткен. Қазіргі уақытта облыста 388 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Жалпы, кітап қоры 6 054 726 данаға жетіп отыр. Кітапханадағы оқырман саны 351 096 адамды құрап, 2024 жылғы 9 аймен салыстырғанда 2,5%-ға артқан. Облыс бойынша биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 7 мәдениет нысанында құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл 9 нысанның құрылыс жұмысына қаржы бөлі­ніп, 2026 жылы пайдалануға беру көзделген. Жергілікті бюджет есебінен Түркістан қаласында 500 орындық мәдениет үйі пайда­лануға беріл­ді. Жалпы, өңірде мәдени нысандар­дың қатары ар­тып келеді. Мысалы, жуырда Мақ­таарал ауданы, Дос­тық ауылдық округіне қарасты Ж.Қал­шораев елді мекенінде жаңа мәдениет үйі мен кітапхана ел игілігіне берілді.

Мемлекет басшысы цифрлық теңсіздікті жоюды, ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындады. Бұл тапсырма Түркістан облысының даму стратегиясымен толық үйле­седі. Облыстағы цифрлық инфра­құрылымды дамыту жүйелі түр­де жүргізіліп келеді. Бүгінде облыс­тық білім басқармасына қарас­ты 1 000-ға жуық мемлекеттік мек­тептің барлығы интернет же­лісіне қосылған. Өңірдің 300-ге жуық білім ұясында Starlink спутниктік интернет желі­сі елімізде алғашқылардың бірі бо­лып орнатыла бастады. Соны­мен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайда­лануға берілген жаңа мектептер толығымен талшықты-оптикалық желіге қосылды.

Осы бағытта биыл облыс әкім­дігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында «Түркістан облысында байланыс және интернетті дамыту жөніндегі өзара іс-қимыл туралы» меморандумға қол қойылды. Бұл жоба 2025–2027 жылдар ара­лығында 372 ауылдық елді мекен­ді талшықты-оптикалық интернет желісімен қамтуды көздейді. Оның ішінде 274 ауыл мектебі мен 258 медициналық нысан толық интернетке қосылады. Облысымыздағы аудан және қала орталықтарындағы медициналық мекемелерінде интернет желісімен толығымен қамтамасыз етіліп, кедергісіз жұмыс істейді.

Кейбір шалғай және таулы аймақтардағы ауылдық елді мекендерде оптикалық (кабельді) интернет жүйесі тартылмағанымен медициналық мекемелерде спут­никтік және мобильді роу­тер­дің көмегімен қызметтер көрсетеді. Қазіргі уақытта, ауылдық медици­налық мекемелері 85% интернет желісімен қам­тамасыз етілген. «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы бойынша 2025–2027 жылдары аралығында облыс аума­ғын­дағы ауылдық елді мекендерге тал­шықтық-оптикалық интернет желісімен қамтамасыз етіледі. Осы жоба аясында шалғай аймақтарда орналасқан 258 меди­циналық нысанға талшықты-оптикалық интернет желісі тартылады. Біздің басты мақсатымыз – әрбір ауыл тұрғыны, әрбір бала мен мұғалім, әрбір дәрігер заманауи цифр­­­лық мүмкіндікті толық пайдалана алатын орта қалыптастыру. Түр­кістан өңірі цифрландыру ісін­де республикадағы көшбасшы аймақ­­тардың біріне айналады деп сене­міз.

– Түркістанның басты жә­дігері, туристік нысаны – Әзірет сұлтан кесенесі қабыр­ға­­ларының ылғалданып, көге­руіне байланысты бұған дейін жер­­гілікті ғалымдар, тіпті, Пре­зидент Әкімшілігі алаңдаушы­лық біл­діргенін білеміз. Кесене­нің қазіргі жағдайы қалай?

– Иә, кесене іргесінің беріктігі маңызды екенін айтып сіздер де, яғни «Egemen Qazaqstan» газе­тінде мәселе көтердіңіздер. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістан облысының ғана емес, күллі түркі дүниесінің рухани мұрасы, ұлттық мақтанышымыз. Бұл – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген, халықаралық маңы­зы бар жалғыз тарихи ескерткіш. Оны сақтау, қорғау – біздің тарихи әрі азаматтық борышымыз.

Қазіргі таңда облысымызда 1 784 тарихи-мәдени мұра объектісі есепке алынған. Соның ішінде Ясауи кесенесі – басты нысан. Кесененің жағдайы Үкіметтің, облыс әкімдігінің және тиісті ғылыми мекемелердің ұдайы бақылауында. 2023–2025 жылдар аралығында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жай-күйін кешенді зерттеу мақсатында арнайы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Мамандар қабырғаның гидрооқшаулау жүйе­сін жаңартып, ылғалдың таралу себептерін анық­тады. Бұл жұмысқа Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазқайта­жаңарту» кәсіпорны, еліміз­­дің және шетелдің жетекші ғалымдары мен тәжірибелі реставраторлар тартылған.

Зерттеу барысында кесене қабырғаларындағы ылғалдың артуына бірқатар сыртқы факторлар әсер еткені анықталды. Атап айтсақ, жақын маңдағы көгалдарды шамадан тыс суару мен дренаж жүйесінің ескіруі, ауа райының өзгеруі, жауын-шашынның көбеюі – негізгі себептердің бірі болуы мүмкін.

Кесенені сақтау жөніндегі аймақтық бағдарлама қабылданды. Оның аясында нысанның төңіре­гін­дегі топырақ сулары мен жер­асты ылғалына қарсы инже­нер­лік шараларды жүзеге асыру басталды. Ғалым­дар мен «Қазқайтажаңарту» ма­ман­дарының ұсынысымен кесе­не­ден 150 метр қашықтыққа дейін­гі аумақта көгалдандыру жұмыс­тарын мүлде шектеу іске асырылады. Сонымен қатар ескі дренаж жүйесін толық жаңарту және кесенеге қорғаныш білік жасау қолға алынды. Ал кесененің жабық тұруы – тек уақытша шара. Бұл келушілердің қауіпсіздігі мен рес­таврация сапасын қамтамасыз ету үшін қажет. Қазіргі жоспар бойын­ша, негізгі жұмыстар 2026–2028 жылдары басталады.

Біз үшін ең бастысы – кесененің тарихи келбетін бұзбай, оның таби­ғи беріктігін сақтап қалу. Ясауи бабамыздың мұрасы – ұлт­тың рухани тірегі, сондықтан оған қамқорлық көрсету – барша­мыз­дың ортақ парызымыз. Оны сақ­тау – уақытша емес, жүйелі әрі ұр­­пақтар сабақтастығына негіз­делген саясат. Түркістан облы­сы әкім­дігі бұл бағыттағы жұмыс­­тар­ды ғылыми негізде, халық­ара­лық стандарттарға сай, толық жауап­кершілікпен жалғастыра береді.

 

Әңгімелескен –

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»