• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Бүгін, 12:45

Халықтың жартысы ескерту алмай қалуы мүмкін: Депутат Қазақстанда селден қорғану жүйесін күшейтуді ұсынды

40 рет
көрсетілді

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі Премьер-Министр Олжас Бектеновке таулы аймақтарда сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат Қазақстанның таулы аймақтарындағы сел қауіпсіздігі мен төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесінің қазіргі жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, бұл бағытта жүйелі әрі шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан «табиғи апаттарды болжау үшін цифрлық тәсілдерді пайдаланбасақ, жұмыстың бәрі босқа кетеді. Бізде қажетті технологияның бәрін пайдалануға мүмкіндік бар. Тек соның барлығы қаншалықты жауапты әрі жүйелі түрде қолданылады деген сұрақ туады», деген сөзін тілге тиек етті.

Оның айтуынша, сел қауіпсіздігі тек жедел әрекетпен шектелмеуі тиіс, бұл – ұзақ мерзімді жоспарлауды талап ететін кешенді сала. 2021-2025 жылдар аралығында Қазақстан аумағында 17 сел оқиғасы тіркелген. Алайда олардың барлығы «минималды әсер» санатына жатқызылғанымен, бұл табиғи қауіптің толық бағаланғанын білдірмейді.

«Қолданыстағы деректердің бір бөлігі тым жалпыланған сипатта болып, нақты қауіп-қатерді болжауға қажет егжей-тегжейлі ақпарат жеткіліксіз. Тәуекелдердің ықтималдығы, елді мекендердің осалдығы және сценарийлік модельдеу толық деңгейде қарастырылмай отыр», деді депутат.

Инженерлік қорғаныс инфрақұрылымына тоқталған депутат соңғы жылдары бұл бағытта тек бір ірі жоба іске асқанын атап өтті. Ол Алматыдағы «Аюсай» селге қарсы бөгетін мысалға келтірді.

«Бұл көрсеткіш сел қаупі жоғары Алматы, Жетісу және Жамбыл өңірлеріндегі нақты тәуекел деңгейімен сәйкес келмейді», деді Әбутәліп Мүтәлі.

Цифрландыру мәселесіне қатысты «Қазақстан Ғарыш Сапары» арқылы мониторинг жүргізілетінін, жергілікті жүйелер бар екенін айтқанымен, олардың жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның сөзінше, елде жасанды интеллектке негізделген толыққанды болжау жүйесі жоқ, ал сенсорлық деректерді бірыңғай аналитикалық платформаға біріктіру деңгейі төмен.

Әбутәліп Мүтәлі сондай-ақ кейбір сенсорлардың маусымаралық кезеңде өшірілетінін айтып, мұның үздіксіз бақылауға кедергі келтіретінін жеткізді.

Төтенше жағдайлар туралы ерте ескерту жүйелерінің қамту деңгейі шамамен 50,5% екенін айтқан депутат бұл көрсеткіштің жеткіліксіз екенін атап өтті.

«Төтенше жағдай туындаған кезде, халықтың жартысына жуығы уақтылы ескерту алмауы мүмкін деген сөз. Ақпарат ағынына қақпан жоқ ақпараттық дәуірде осындай сын сағаттарда алыпқашпа әңгіме мен жалған сөз азаматтарымыздың өміріне қауіп төндіруі ықтимал», деді ол.

Сондай-ақ ол сел қауіпсіздігіне бөлінетін тұрақты қаржыландырудың жеткіліксіздігіне назар аударып, соңғы жылдары бұл бағытта арнайы бағдарламалық қаржыландырудың жүйелі түрде жүргізілмегенін сынға алды.

Цифрлық шешімдер бойынша «Mass Alert» жүйесінің кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын, алайда ол барлық сел қаупі бар аймақтарды толық қамтымайтынын және болжау жүйелерімен интеграциясының әлсіз екенін айтты.

Халықаралық тәжірибеге тоқталған депутат Жапония мен Швейцария үлгісін мысалға келтірді.

«Мысалы Жапония кешенді тәсілді қолданады. Бұл дегеніміз инженерлік қорғаумен қатар дамыған мониторинг желісі және төтенше жағдайдың орын алуын модельдеу қамтамасыз етілген. Осындай әдістің арқасында қорғаныс қалқаны дене қауіпсіздігін ғана емес, қауіпті жағдайға тап болған мыңдаған адамның ақпаратсыз абдырамай, әрекеті түзу болғанын көздейді.

Дәлдікті менталитет еткен Швейцария транспорт жүйесін сағат тілінің механизміндей уысында ұстап отыруымен әйгілі болғанындай, біздің көтеріп отырған мәселемізде де ұстанымдарына берік. Барлық сенсорлық деректер жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін талдамалы платформаларға жинақталып, өңделеді. Бұл өз кезегінде қауіп-қатерді дәл болжауға мүмкіндік береді. Ал селдік қауіпсіздікті үздіксіз қаржыландыру мемлекетке азаматтарды дабыл беру жүйелерімен 100% қатамасыз етуге мүмкіндік береді», деп атап өтті.

Осыған байланысты депутат Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, сел қауіпсіздігі бойынша бірыңғай мемлекеттік бағдарлама әзірлеу, сел қаупі бар аймақтардағы қорғаныс құрылыстарына аудит жүргізу, ерте ескерту жүйелерін 100% қамту және жасанды интеллектке негізделген болжау жүйелеріне толық көшу мәселелері ұсынылды.

Сондай-ақ ол қабылданған шаралар бойынша заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұрады.

Соңғы жаңалықтар