• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 11:40

Елімізде 12,8 млрд теңгенің заңсыз темекі өнімдері анықталды

10 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша темекі өнімдерінен түсетін акциздік түсімдердің өсім қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 121%-ды құрады. Бұл бюджетке қосымша 35,6 млрд теңге көлемінде кіріс әкелді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Биылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша акциздік түсімдердің өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 121,7%-ды құрады. Бұл бюджетке қосымша 21,4 млрд теңге түсім әкелді. Таңбалау жүйесі көлеңкелі нарықпен күресте де жоғары тиімділігін көрсетті. Былтыр 12,8 млрд теңгеден астам сомаға заңсыз сауда айналымдағы шамамен 5 млн қорап темекі өнімі анықталды. Бұл көрсеткіш бұрнағы жылмен салыстырғанда 28%-ға жоғары.

«Сонымен қатар, цифрлық таңбалау жүйесі тауар айналымының тізбегіндегі сәйкессіздіктерді анықтауға мүмкіндік береді әрі салық пен кеден органдарына қосымша талдамалық құралдар ұсынады. Жүйені кезең-кезеңімен кеңейту жұмыстары жалғасуда. Жақын арада сыра және сыра өнімдерін таңбалау енгізіледі. Бұл нарықтың тағы бір ірі сегментін қамтып, оның толық қадағалануын қамтамасыз етеді», деді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Салықтық басқару департаменті директорының міндетін атқарушы Бектас Адилгалиев Digital Tañba форумында сөйлеген сөзінде.   

Елімізде темекі өнімдерін міндетті таңбалау 2020 жылдың 1 қазанынан бастап енгізілді. Бүгінгі таңда таңбалау ақпараттық жүйесінде темекі өнімдерінің айналымына қатысушы 55 мыңнан астам субъект тіркелген, ал темекі қораптарына 6,1 миллиардтан астам таңбалау коды қолданылған.

Айта кетейік, әрбір қазақстандық өнімнің түпнұсқалығын және заңдылығын тексеру үшін орамдағы кодты Naqty Onim тегін мобильді қосымшасы арқылы сканерлей алады. Егер код жалған болып шықса немесе мүлде болмаса – бұл жөнінде заңбұзушылық ретінде хабарлауға болады.