Республика күні қарсаңында ҰҚК Шекара қызметінің Орталық аппаратында жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға бағытталған ерекше іс-шара ұйымдастырылды. Шекарашылар елордадағы Т.Айбергенов атындағы №16 мектепте ашылған «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелерін арнайы шақырып, ашық сабақ өткізді, деп жазады Egemen.kz.
Аталған клуб биыл 5 қыркүйекте ашылып, жасөспірімдер тарапынан қолдау тапқан болатын. Сабақ барысында шекарашылар балаларға шекара қызметінде қолданылатын әскери техника, қару-жарақ үлгілері, байланыс құралдары мен арнайы киім түрлерін таныстырды. Сондай-ақ шекаралық бақылауда пайдаланылатын заманауи техникалық құрылғылар көрсетілді.
Бұл күннің ерекше сәті – жаңа қатысушы Рустам Сыздықовтың салтанатты ант қабылдау рәсімі болды. Әскери антты қабылдау рәсімін «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің ардагерлері өткізді.
Жас шекарашылар өздерін нағыз әскери ортада сезініп, олардың арасынан клуб мүшесі Тимофей Воробьев өз қуанышын жасыра алмай: «Маған бүгінгі сабақ өте ұнады. Біз шекарашылардың ерлікке толы өмірімен танысып, олардың еңбегіне құрметпен қарауды үйрендік. Ардагерлер мен шекарышы құрамына шын жүректен алғыс айтамыз», деді.
Іс-шара соңында балалар мен шекарашылар естелік суретке түсіп, жылы лебіздермен бөлісті. Бұл кездесу жас буынның жүрегіне патриоттық рух пен Отанға деген сүйіспеншілікті ұялатқан тағылымды күн болды.