Газа секторында Израиль әскери әуе күштерінің соққылары салдарынан соңғы тәулікте 44 адам қаза тапқан, деп хабарлайды Egemen.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Палестинаның денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, ең көп адам өлімі Нусейрат пен Эль-Брейдж босқындар лагерлерінде тіркелген. Бұл аймақтарда 18 адам қаза тауып, 50-ден астам тұрғын жараланған. Зардап шеккендердің барлығы «Аль-Ауда» ауруханасына жеткізілген.
Израиль қарулы күштері тәулік ішінде анклав аумағындағы шамамен 100 нысанаға әуе және артиллериялық соққылар жасаған. Әсіресе Хан-Юнис пен Рафахтың оңтүстік аудандары қатты зардап шеккен. Израиль тарапы мұны ХАМАС радикалды қозғалысының бітім режимін бұзуымен байланыстырған.
Министрліктің дерегінше, 10 қазанда күшіне енген атысты тоқтату келісімінен бері Газада 51 адам көз жұмып, 150-ден астамы жараланған.
Айта кетейік, Газадағы билік өкілдері Израиль әскерін соңғы сегіз күнде бітім режимін 47 рет бұзды деп айыптаған.