Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шараға Сенат депутаттары, ҚХА Журналистер клубының мүшелері, жетекші медиаменеджерлер мен сарапшылар қатысты.
Этносаралық келісім тақырыбын жариялайтын медиа мамандардың кәсіби машығын жетілдіруге бағытталған жобаға ел аймақтарынан 30-ға жуық БАҚ өкілі арнайы шақырылған. Олардың қатарында өңірлік басылымдардың бас редакторлары мен журналистер, мемлекеттік ұйымдардың баспасөз хатшылары бар. Кездесуде мамандар өзара тәжірибе алмасып, этносаралық қатынастарға қатысты нәзік тақырыптармен жұмыс істеу дағдыларын дамыту, бұқаралық ақпарат құралдарында этносаяси терминологияны дұрыс қолдану сынды этножурналистиканың өзекті мәселелерін саралады.
«Биыл клубымыз 70-тен аса іс-шара ұйымдастыруды жоспарлаған еді. Кезекті басқосу – соның ауқымдыларының бірі. Қыркүйек айында Астанада бір апталық оқу ұйымдастырдық. Этностық бұқаралық ақпарат құралдарының мәні, оның жұмыс жағдайы бүгінгі форумға өзек болып отыр. Президент өңірлердегі Журналистер клубтарының жұмысын жетілдіру мен жолға қоюды тапсырған еді. Қоғамдық тұрақтылық пен өзара сыйластық мемлекет өміріндегі – басты құндылықтардың бірі. Бұл жолда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше. БАҚ өкілдері ел ішіндегі татулықты насихаттап, этносаралық келісімді нығайтуда дәнекер қызметін атқарады. Әр мақала мен сюжет – бейбітшілік пен бірліктің үндеушісі. Сондықтан журналистердің жауапкершілігі зор. Ақпаратты таратуда әділдік пен парасаттылық таныту – қоғамдық келісімнің кепілі», дейді ҚХА Журналистер клубының төрағасы, Сенат депутаты Әлішер Сатвалдиев.
Этножурналистика саласындағы басым бағыттар сараланған жобаға еліміздегі «Бас редакторлар клубы» да үн қосқан. Басқосуда сөз алған «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бибігүл Жексенбай, қазіргі әлеуметтік желі күшейген кезеңде кәсіби журналистикаға үлкен белсенділік керегін, журналист тек тілші ретінде емес, сарапшы деңгейінде пікір айта алатын маман болуы қажеттігіне тоқталды.
«Дәл қазіргі уақытта БАҚ-тың рөлі ерекше. Қазір ақпараттық қауіпсіздік мәселесі өте маңызды мәнге ие. Бұл тұрғыда жаңалықты бұқараға дұрыс жеткізу, ел бірлігіне әсер ететін нәзік мәселелерге қалам тербегенде асқан ұқыптылықпен, пайым-парасатпен іске кіріскен жөн. Көрші елдермен байланысымыз да, ішкі берік татулығымыз да ең алдымен осы ақпараттан басталады. Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлік құндылықтарын насихаттау этножурналистикаға үлкен жауапкершілік жүктейді», дейді Б.Жексенбай.
Іс-шарада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай факультетте үш жылдан бері этножурналистика пән ретінде оқытылып келе жатқанын, кәсіби журналистерді даярлауда қоғамдық келісім тақырыбы ұдайы назарға алынатынын атап өтті.
Ал «Медиакеңістікте этносаяси терминологияны қолдану ерекшеліктері» тақырыбында дәріс оқыған МАМ ЭҚДК Әдістемелік қамтамасыз ету және ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру басқармасының бас сарапшысы Райхан Тілеубергенова ел азаматтарының 30 пайызын этнос өкілдері құрайтынын, этностық топтар арасындағы сындарлы диалогті дамыту БАҚ-тағы сауатты материалдармен тығыз байланысты екенін тілге тиек етті.
Іс-шара шеңберінде антикризистік PR мен медиакоммуникация бағытында тәжірибелік тренингтер өтіп, этножурналистка дамуындағы заманауи үрдістер талқыланды. Сондай-ақ ҚХА Журналистер клубы мен Бас редакторлар клубы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
АЛМАТЫ