Жетісу облысында экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғындардың табиғатқа жанашырлық көзқарасын қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтті. Ауқымды іс-шара аясында өңірде «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталып, ең таза ауылдар мен аудан орталықтары марапатталды.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен Талдықорған қаласында ағаш егу акциясы ұйымдастырылып, экологиялық сенбілікке мыңдаған адам қатысты. Экологиялық шараның алдында аймақ басшысы елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етуге арналған облыстық «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. «Үлгілі аудан орталығы» аталымында І орынды Сарқан қаласы, ІІ орынды Жаркент қаласы, ІІІ орынды Сарыөзек кенті еншілесе, «Үлгілі ауыл» аталымында І орынды Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылы, ІІ орынды Көксу ауданы, Жарлыөзек ауылы, ІІІ орынды Ескелді ауданындағы Алдабергенов ауылы, Алакөл ауданындығы Ақтүбек ауылы алды. Талдықорған қаласы «Жұлдыз» шағын ауданының №25, №27 үйлерінің жәй серіктестігі, Текелі қаласы, Жеңіс көшесінің №11 үйінің жәй серіктестігі «Үлгілі аула» аталымында ерекшеленді.
«Таза Қазақстан» акциясы – экологиялық мәдениетті жаңғырту мен азаматтық жауапкершілікті арттырудың айқын көрінісі. Мұндай бастамалар қоғамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертеді, әрбір тұрғынның туған жер алдындағы парызын еске салады. Жетісудың жасыл келбеті мен таза ауасы – бүгінгі еңбектің жемісі, ертеңгі ұрпақтың аманаты», деді қала тұрғыны, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының алдындағы гүлзарда қылқан жапырақты, жалпақ жапырақты 500 түп ағаш отырғызылды. Жалпы облыста сенбілік аясында 9 430 түп көшет егілді.
«Бүгін достарымызбен бірге ағаш отырғызу шарасына қатыстық. Жастар қауымының өкілі ретінде мұндай шараларда белсенділік танытып, өзгелерге үлгі болуға тырысамын. Қоршаған орта – біздің ортақ үйіміз. Табиғатқа жанашырлықпен қарау, тазалық пен тәртіпті ұстану – қоғамның басты міндеті», дейді аймақтың белсенді жастарының бірі Нұрасыл Молдабеков.
Талдықорғанның тағы бір тұрғыны Маржан Ғылымбеққызы да Нұрасылдың сөзін қуаттап: «Сенбілікке кіші ұлымды ертіп, ертерек келдім. Сол арқылы балама ауыр еңбектен қашпауды, табиғатты қалай қорғауды, сүюді, туған қаласына жанашырлықпен қарауды үйреткім келеді. Бұл қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сәби кезінен сіңіру керек. Балам 7 жаста, бүгін тұңғыш рет көшет екті. Осындай игілікті істі есінде жақсы сақтап, туған жеріне қамқорлық жасауды үйренеді деп ойлаймын», деді.
Марапат алғандардың атынан сөз алған Сарқан ауданы, Сарқан қаласының әкімі Амантай Орынбеков: «2025 жылы бүгінгі күнге дейін мыңнан аса ағаш егілді. Тағы мыңнан аса ағаш отырғызу жоспарда бар. Мың текше метрден астам қоқыс сыртқа шығарылды. Марапат бізге екі есе жауапкершілік жүктейді. Тазалық жұмыстарын әрі қарай да жалғастырамыз. Қаламызды таза ұстаймыз», деп ризашылығын жеткізді.
Сенбіліктің жұмысын түйіндеген облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев атқарылған жұмыстардың нәтижесімен таныстыра келіп: «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Жетісу облысында көптеген іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Апта сайын «Таза бейсенбі» шарасы өткізіліп, кәсіпорындардың, ұйымдардың ұжымдары мен бизнес-қауымдастық өкілдері өздеріне тиесілі аумақтарды тәртіптке келтіріп, тазарту жұмыстарын жүргізеді, көгалдандырады. Сондай-ақ әр екі апта сайын сенбілік өткізіледі. Онда саябақтарға, гүлзарларға, аллеяларға, аулаларға, көшелерге тазалық жүргізіледі. Одан бөлек, экобағдарлама аясында көпқабатты үйлердің шатырлары жаңартылып, аулалар тазартылады, балалардың ойын, спорт алаңдары салынып, көшелер жарықтандырылады, елді мекендерді абаттандыруға қатысты көптеген жұмыс атқарылады. Жыл басында 120 мың түп ағаш көшетін егу жоспарланған еді. Соған сәйкес 56 мың көшет көктем кезінде тігілсе, қалған 64 мың түп ағашты күз кезінде отырғызамыз. Бүгінгі бір күннің өзінде 9,5 мың ағаш көшеті отырғызылды», деп атап өтті.
Жалпы, Жетісу облысында өткен сенбілік барысында 438,2 гектар аумақ тазартылып, 886 тонна қоқыс жиналды. Экошараларға 22 800 адам қатысты, 204 бірлік техника жұмылдырылды.
Жетісу облысы