Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дәстүрлі «Бүркітшілер тойы» аясында ІІІ Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде қазақ елінің құсбегілік спортының ұлттық құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.
36 жылдық тарихы бар халықаралық дода көшпелі халықтардың мәдени брендіне айналған десе де болады. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған турист пен бүркітші қатысатын ерекше мерекеге еліміздің құсбегілерін мемлекеттік жаттықтырушылар Арманбек пен Базарбек Күнтуғандар бастап барды.
Чемпионатқа 60-тан астам құсбегі қатысып, «қолға шақыру» және «шырға тарту» сайыстары бойынша сынға түсті. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ел намысын қорғаған Абай облысының бүркітшісі Тәттімбет Кәпұлы «Қарагер» атты қыран құсымен жүлделі үшінші орынды, ал атыраулық құсбегі Арман Қошқаров «Аңырақай» атты бүркітімен екінші орынды иеленіп, ел абыройын асқақтатты.
Абай облысы