• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 00:30

ДДСҰ ескертеді: «мутацияланған бактериялар» күшейіп барады

30 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) адамзат антибиотиктерге төзімді бактериялармен бетпе-бет келіп отырғанын және бұл «үнсіз пандемия» ғаламдық қауіпке айналуы мүмкін екенін хабарлады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұйымның соңғы есебі көрсеткендей, бұрын тиімді болған дәрілер күшін жоғалтып, ал инфекциялар керісінше, әлдеқайда төзімді бола түскен. Егер жағдай өзгермесе, алдағы 25 жылда антибиотиктерге төзімді бактериялар 39 миллион адам өліміне себеп болуы ықтимал. Бұл – қарапайым пневмония немесе қабыну ауруларының да емге көнбеуі мүмкін деген сөз.

Nature журналында жарияланған мәліметке сүйенсек, қазір әлемде небәрі 90 антибактериялық препарат әзірленіп жатыр. Бірақ олардың тек 15-і ғана жаңа әсер ету механизміне ие, ал 5-і ғана ең қауіпті бактерия түрлеріне қарсы тиімді болуы мүмкін.Олардың қатарында – Staphylococcus aureus, Escherichia coli және Acinetobacter baumannii сияқты микробтар бар. Бұл бактериялар ауыр инфекциялар тудырып, қазіргі антибиотиктерге мүлде бой бермейді.

Дәрі әзірлеумен негізінен шағын зертханалар айналысып отыр, ал ірі фармацевтикалық компаниялар табыс аз болғандықтан бұл салаға қызығушылығын жоғалтқан.

Ғалымдар антимикробтық төзімділіктің (АМТ) басты себебі – дәрілерді шамадан тыс және дұрыс қолданбау деп отыр. Дәріні жиі және себепсіз пайдалану патогендерге бейімделуге мүмкіндік береді, соның салдарынан олар дәріге төзімді мутацияларға ұшырайды.

The Lancet журналында жарияланған зерттеу болжамынша, 2050 жылға қарай мұндай инфекциялардан жыл сайынғы өлім саны екі есеге дейін өсіп, 2 миллион адамға жетуі мүмкін.

ДДСҰ мәліметі бойынша, әлемде сатылатын антибиотиктердің 73 пайызы ауыл шаруашылығында қолданылады. Мал шаруашылығында дәрі қолдану 2040 жылға қарай тағы 30 пайызға артуы мүмкін, әсіресе Азия елдерінде ет өндірісі өсіп жатқандықтан.

Көптеген елдерде антибиотиктер дәрігер рецептісіз сатылады, бұл бақылаусыз пайдалануға және бактериялардың төзімділігін күшейтуге әкеледі.

ДДСҰ мен зерттеушілер инновациялық дәрілер әзірлеу үшін ғылымға инвестицияны арттыру қажет екенін айтады. Болашақ үміт – жасанды интеллектте. AI жаңа молекулаларды тезірек анықтап, бактериялардың мутациясын талдай алады. Бірақ ғалымдардың айтуынша, тіпті ІІ көмегімен де жаңа препарат жасауға жылдар кетеді, ал бактериялар сол уақытта одан да жылдам бейімделеді.

Ұлыбританиядағы профессор Аманда Кройдер атап өткендей, мәселені шешу үшін тек молекулалық деңгейде емес, сонымен қатар адам мінез-құлқын да зерттеу керек – дәрі қабылдау әдетінен бастап ауыл шаруашылығында антибиотикті қолдануға дейін.