Осы айдың 15–17 күндері аралығында Алматы қаласында инклюзивті білім беру саласындағы ең ірі халықаралық іс-шара – World Inclusion Congress (WIC 2025) Дүниежүзілік конгресі өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
2021 жылы «Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының қабылдануымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін білім берудің барлық деңгейінде арнайы жағдай жасала бастады.
Конгресс ҚР-ның Оқу-ағарту министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі. Іс-шараның бастамашылары – Ұлыбританиядағы International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP) және Қазақстандағы «HOPE» (Help Others Pursue Education) қоры.
Конгресс аясында дөңгелек үстел, пленарлық сессиялар т.б. ұйымдастырылады.
Іс-шара барысында инклюзивті білім берудің әрі қарай дамуына бағыт беретін маңызды халықаралық құжат – Алматы декларациясының жобасы талқыланады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, конгрессте іс жүзіндегі тәжірибеге, үшжақты тәсілге (педагогикалық инновациялар, технологиялық жетістіктер және корпоративтік серіктестік), сондай-ақ жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізуге ерекше назар аударылады.
Оған 40 елден 1200-ден астам делегат қатысады деп күтіліп отыр. Олардың қатарында министрлер, сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен жетекші университеттердің, зерттеу орталықтарының және EdTech компаниялардың өкілдері бар. Әлемдік корпоративтік көшбасшылардың қатысуы стратегиялық мүмкіндіктерге жол ашып, Қазақстанға әлемнің назарын аударып қана қоймай, инвестициялар тартуға жол ашады.