• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Форум Бүгін, 09:05

Шикізатқа тәуелділіктен арылу – стратегиялық міндет

20 рет
көрсетілді

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Энергетика министрлігі Парламент Мәжілісімен бірлесіп Ақтау қаласында ұйымдастырған Мұнай-газ машина жасау форумында сөз сөйледі. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, бизнестің, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының, салалық қауымдастықтар мен даму институттарының, сондай-ақ отандық және шетелдік мұнай-газ машина жасау кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Форумды ашқан Мәжіліс төрағасы Тәуелсіздік жылдары Қазақстан жаһандық мұнай нарығындағы жетекші елдердің біріне айналғанын атап өтті. Шетелдік белді компаниялармен бірлесіп ірі мұнай-газ жобаларын іске асыру арқылы елімізде мыңдаған жоғары білікті инженерлер мен техниктер даярланды, ең озық технологиялар игерілді. Бүгінде біз мұнай мен газды өндіріп қана қоймай, белсенді түрде өңдейміз. Елімізде үш мұнай өңдеу зауыты бар, мұнай-химия саласы қарқынды дамып келеді.

Ендігі кезекте Қазақстанның алдында жаңа стратегиялық міндет тұр, ол – сапалы тауар өндіруші әрі экспорттаушыға айналып, ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылту. Осы орайда мұнай-газ секторы ерекше рөл атқаруға тиіс. Мәжіліс спикері бұл форум алдағы мақсатқа барлық мүдделі тараптың атсалысуымен бірлесе қол жеткізу үшін ортақ шешім әзірлеуге бағытталғанын айтты.

– Алдымызда Қазақстанды индустриялық қуатты мемлекетке айналдыру міндеті тұр. Бұл мәселе – Мемлекет басшысының ерекше назарында. Осы жолда Пар­ламент заңнамалық тұр­ғы­да қолдауды жалғастыра бере­ді. Үкімет жұмысты сапалы ұйым­дастырып, бизнес өз өнімін халық­аралық стандарттарға сай бәсеке­ге қабілетті етуге ұмтылса, жаңа жұ­мыс орындары ашылып, Қазақ­станның экономикалық дербестігі нығаяды, халқымыздың әл-ауқаты жақсарады, – деді Е.Қошанов.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Энер­ге­тика министрлігінің дерегін­ше, форум аясында 440 млн дол­лардың келісімшарттары жасалады деп жоспарланған.

Саладағы жалпы ахуалға тоқталған Мәжіліс спикері өткен жылдың қорытындысы бойынша тек энергетика секторында жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы қызмет пен тауар сатып алу көлемі 6 трлн теңгеден асқанын жеткізді. Оның 62 пайызы үш ірі компанияға – Теңізшевройл, KPO және NCOC-ға тиесілі. Сөйтіп, отандық үлестің көлемі арта бастады. Бұл – Парламент пен Үкіметтің бірлескен жұмысының нәтижесі.

– Осы бағытта Энергетика министрлігі мен Мәжіліс депутаттары екі жыл бойы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Екі жылда үш ірі компаниямен арада шамамен 900 млн доллардың келісімшарты жасалды. Жүйелі нәтиже бар – тендерлік рәсімдерге ішінара өзгерістер енгізілді, ұзақ­мерзімді келісімшарттар жасауға басымдық берілді. Дегенмен бұл жерде әлі де үлкен перспективалар бар, яғни бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыру керек, – деді Мәжіліс төрағасы.

Оның пікірінше, мұнай-газ маши­на жасау өндірісін одан әрі кеңейту үшін бірқатар нақты шара қабыл­дау қажет. Біріншісі – отан­­дық өндірушілерге сатып алу рәс­ім­­дерін жеңілдетіп, ұзақ­мер­­­зім­ді келі­сім­дер мен офтейк-ке­лі­сім­­шарт­тар жасау. Екіншісі – отан­дық мұнай-газ машина жасау кәсіп­орын­дарын күрделі жаб­дықтар шығаруға ынталан­дыру. Үшіншісі – ірі мұнай компания­лары­ның отан­дық тауар мен азық-тү­лік сала­сын­дағы қызметтерге көшуі. Бұл қазіргі қажеттіліктердің бір­азын өтеп, соның ішінде «Ауыл ама­наты» жобасы бойынша жос­пар­дағы міндеттерді жабады. Аталған мәсе­леде Қарашығанақ опе­ра­­торының жақсы тәжірибесі бар.

Мәжіліс спикері мемлекеттің мұнай-газ саласын кешенді қолдауы туралы айта келе, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілген жаңа түзетулерге тоқталды. Енді ірі жер қойнауын пайдаланушылар отандық мамандарға басымдық беруге міндетті. Бұған қоса күрделі жобаларға елішілік құндылықтың үлесін анықтау бекітілді, Оф-тейк келісімшарттарда отандық үлестің ең төмен деңгейі бойынша талаптар күшейтілді. Сонымен қатар отандық өндірушілердің бірыңғай реестрі заңмен бекітілді.

Ерлан Қошанов өткен сессия барысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті жергілікті қамтуды арттыру бойынша ауқымды әрі жүйелі жұмыс атқарғанын еске салды. Мұнай-газ саласындағы ірі операторлардың есебі тыңдалды, олардың қорытындысы бо­йынша арнаулы хаттамалар жасалды. Өсімнің нақты индикаторлары айқындалып, орындау нәтижелерін депутаттар тұрақты түрде тыңдайды.

Форумда Маңғыстау облысы­ның әкімі Нұрдәулет Қилы­бай, Энергетика вице-ми­нистрі Құдайберген Арымбек, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «Норд Каспиан Оперейтинг» компания­сының басқарушы директоры Рую Джанкарло, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» Бас директоры Марко Марсили және басқалар сөз сөйледі.

Форум алаңында отан­дық өн­діру­шілердің көрмесі өтіп, 45 ком­пания металл құрылым­дар, құ­бырлар, сорғылар, мұнай-химия, химиялық жабдықтар және т.б. өнімдерін ұсынды.

Өңірге жұмыс сапары аясында депутаттар Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты мен «ҚазАзот» компаниясына барды. Бұған дейін олар Жаңаөзендегі «Каскор-Машзавод» мұнай жабдықтарын өндіретін жаңа зауыттың құрылысымен танысты, сондай-ақ Жетібай ауылында су тазарту стансасын салу жұмыстарын қарап шықты.