Шерхан Қалмырза – UEFA Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде ойнаған ең жас қақпашылардың бірі. Ересектер сапына жаңа қосылған дарын әлемге әйгілі «Реал Мадрид» клубына қарсы ойында шеберлік танытты. Халықтық командаға айналған «Қайраттың» 18 жастағы қақпашысының бізге беймәлім қырын анасы Сәуле РАБАЕВАДАН сұрап білдік.
– Шерхан тумысынан спортқа жақын болған секілді.
– Болар бала болмысынан белгілі. Бір жасқа толмай тәй-тәй басып, екі жасқа жақындағанда ролик сатып әпергенімде «сүрініп, денесін жарақаттап ала ма» деп те қауіп еттім. Жоқ, аяғына киіп, бойын үйреткен соң сүрінбей жүйткитін болды. Роликті еркін меңгерген бала мұздың үстінде конькиді де оңай игеріп алады екен. Шерхан 4 жасынан бастап мұзда конькимен сырғанағанда кәнігі спортшылар секілді еді. Сырт көз оны арнайы үйірмеге баратын бала деп те ойлауы мүмкін. Жас кезінен спорттың қай түріне қызығушылығы оянса, өздігінен ізденіп, меңгеріп алуға бейім болды. 5 жасқа дейін велосипед, самокатты да зыр қақтырып, өзгелерден көрген түрлі трюктерді де айна қатесіз қайталайтын.
– Футболдан бұрын джиу-джитсу спортымен арнайы шұғылданыпты. Сайыстарға да қатысқан болар?
– 5 жастан асқан соң өзінің қалауымен джиу-джитсу үйірмесіне жаздырдым. Көп өтпей бапкері баланың физикалық қуаты қатарластарынан жоғары екенін байқап, жарысқа апаратынын айтты. Сөйтіп, өзінен 2-3 жас үлкендердің арасында додаға салады. Сондағы ойы өзінің бұрыннан баптап жүрген тағы бір шәкірті Шерханмен бір салмақта сынға түсетіндіктен, жолдары түйіспеуін көксеген екен. Түптеп келгенде сол шәкіртінің чемпион атануына көп күш салады. Дене бітімінің ірілігін желеу етіп, жасының кішілігіне қарамастан, Шерханды өзге топқа бөліп жібереді. Іріктеу сынындағы қарсыластарын жығып, финалдық тартыста жеңілді. Өзінен үлкен баладан аса алмағанына намыстанғаны сондай, үйге жылап келді. «Анашым, чемпион атансам деп барып едім, жеңіске жетуге барымды салдым», деп өзін-өзі жегідей жеді. Егер қатарлас құрдастарымен белдестірсе, чемпион атанары сөзсіз еді. Бұл қысастық ана ретінде менің де жаныма батты. Қазірден мұндай қысым жасалса, баланың меселі қайтып, психологиялық соққы алары сөзсіз. Содан кейін көп өтпей-ақ Шерхан бұл спортты доғарды. Әлгі бапкер бірнеше жыл хабарласып, кешірім де сұрағанымен, келісім бермедік. «Шерханнан келешекте джиу-джитсудан әлемге әйгілі спортшы шығатынына сенемін» деп дүркін-дүркін шақырды.
– Одан кейін футболға ойысты ғой? Қақпашының анасына да осы спорт түрі таң емес сияқты.
– Отбасымызда үш қызбыз, әкем Еділхан Рабаев – футболдан бапкер, қазір де балаларды футболға баулиды. Жеке клубы да бар. Өзімнің де бала күнімде футболға қызығушылығым өзгеше еді. Әкем бұл қадамымды қолдады, тіпті Ташкентке де жіберуді ұйғарды. Алайда анам қарсы болып, жеңіл атлетикамен шұғылдандым. Шерхан жетіге толғанда әкем: «Қызым, сенің футболшы болсам деген арманыңды осы жиеніміз жалғайтын секілді. «Астана» клубы 2007 жылы туған жеткіншектерден іріктеу жүргізбек, апарайық» деді. Бірден келістім де, үшеуміз бардық, Шерхан «Астана» клубының сынағынан сүрінбей өтті.
Өзі бала күнінен тыңғылықты, қағілез болды. 7 жасынан-ақ ересек сезініп, жауапкершілік арқалағанын түсіне білді. Клубқа қабылданған соң Қосшыдан Астанадағы жаттығу кешеніне дейін қалай жетудің бағытын өзім үш рет жаныма ілестіріп көрсеттім. Кейін өзі адаспай тауып барып-келіп жүрді. Қаланың сыртынан орталыққа жеткенше бірнеше қоғамдық көлікке ауысып отырады.
Әкемнің тағылымын алып, допты қалай тоқтатып, түзу тебудің техникасын меңгергені орасан септігін тигізді. Ол бірден қақпашы болған жоқ. Алдымен орталық қорғаушы болып бекітілді. Қатарластарынан бойшаңдығын ескерді ме, бапкерлер қорғаныста ойнауды тапсырды. Жаттығу барысында командасы жеңіліп жатса, намыстанып қақпаға өзі барып ауысып тұра қоятын. Бапкерлер оның қайтпас мінезі мен шапшаң қимылын жіті бақылап, қақпашылардың қатарына қосты. Сөйтіп, 14 жасқа дейін біліктілігін шыңдады. Қандай сайысқа қатысса да «үздік қақпашы» деген марапатты алмай қайтқан кезі сирек.
– «Қайраттың» футбол академиясына қалай жолы түсті?
– Футбол скауттары оны 12 жасынан шақырды. Бірақ жасөспірім баланың ойында өзінің командасын сатып кеткендей болам ба деген уайымы тұрды да, келісім бермеді. Екі жылдан кейін тағы да шақырту түсті. Таңертең жаттығуына барып, түстен кейін мектепте сабағына қатысып, кешкісін үйде інісіне қарайласып, маған едәуір қолғанат болды. Бірақ Шерханның футболмен кәсіби шұғылданып, өзін дамытқанын қалап, «Қайрат» футбол клубының академиясына ауысқаны дұрыс деп шештім. Мұндағы бапкерлері Жанат Закиров пен Сапар Тобылбайұлы да Шерханның барғанын құп көріп, батасын берді. Футбол академиясында мүмкіндік жоғары екенін, өзін-өзі жетілдіруге, кемелденіп дамуына барлық жағдай жасалғанын айтып, шәкіртінің сенімін нығайта түсті. Бірақ «Астана» футбол клубының басшылығы алғашында жібергісі келмеді, тіпті келісімшарт та ұсынды. «Кесімді сөзін Шерхан өзі айтсын» дедім. Жеткіншек кезінен жауапкершілікті арқалап есейген ол ойлана келе, академияға ауысу-ға шешім қабылдады. Жаратқан жолын оңғарып, табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында қабілетін, талантын паш етті. «Қайраттың» жастар командасында ойнады, Freedom QJ League тартыстарында өзінің шеберлігімен жанкүйерлерін қуантты.
– Көпшілік оның шеберлігіне УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі беташар матчта тәнті болып, есім-сойына тереңдей қаныға түсті. Лиссабонда өткен «Спортинг» пен «Қайрат» тартыста ел сенімін ақтады. Анасы ретінде жүрегіңізге түскен күш жеңіл болмаған шығар?
– Әрине, жүрегімізді қозғап жіберген матч болды. 18 жастағы ұлымның мен сол мезетте тек клубтың ғана емес, мұқым елдің абыройын арқалап шыққанын сезіндім. Біз Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде алаңға негізгі құрамда шығады деп ойлаған жоқ едік. «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков ел чемпионатындағы ойында ауыр жарақат алды. Темірлан Шерханды жақын тартып, тіпті ағасындай қамқорлық танытып жүреді. Оған мен де, баламның аға-досы деп, әрдайым аналық кеңесімді айтып отырамын. «Ақтөбеге» қарсы ойында жарақаттанғаны жаныма қатты батты. Бапкерлер Темірланның орнына Шерханға сенім артты. «Қайрат» футбол клубы 70 жылдық тарихында УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне тұңғыш шықса, ерен еңбек сіңірген ойыншы осы Темірлан деп білемін. «Спортинг», «Реал Мадридке» қарсы матчтарда өзі шықса деп ойлап едім. «Қайраттың» негізгі қақпашысы Александр Заруцкийдің де еңбегі зор. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі матчтарда ол да шеберлігімен дараланды.
Лиссабондағы матчты мен күнделікті қарбалас шаруадан кеш босағандықтан үйге жете алмай жол-жөнекей спорт барларының бірінен тамашаладым. Құрбымды шақырып алып бірге көрдік. Маңайымызда отырғандар да ерекше қолдау танытып, алматылық клубтың ойыншыларына болысып, дем беріп отырды. Матчтың бірінші таймында Юльманның тепкен пенальтиін қайтарғанда орнымнан қалай атып тұрғанымды өзім де сезбей қалдым. Өзгелер бәрі маған қарап аң-таң болып отыр. «Қайраттың» нағыз жанкүйері екен» деп ойлаған шығар. Матч аяқталған соң құрбым «Бұл кісі қақпашы Шерханның анасы» дегенде бәрі жамырай келіп құттықтап, фотоға түсіп мәре-сәре болды.
– Одан кейін Алматыда әйгілі «Реал Мадридке» қарсы матчта да жастығына қарамай қайсарлық танытты.
– Бүкіл халыққа футбол мерекесін сыйлаған матчты «Орталық стадионнан» барып тамашаладық. 90 минут бойы ерекше толқып, қобалжыдым. Ойынның алдында Шерханнан «Дайынсың ба?» деп сұрадым. «Әрине әзірмін, анашым», деді даусы жарқын шығып. Алматылық клубтың ірі есеппен ұтылғаны бізге де жеңіл соққан жоқ. Дегенмен де әлемге әйгілі клубтың елімізге келіп ойын көрсетуі біздегі спорт саласына оң әсер етеді деп ойлаймын. Талай баланың футболға деген талабын одан бетер ұштай түсті, көптеген ата-ананың баласын футболға беруге ықыласы артты. «Қайрат» ұжымына осындай футбол мерекесін сыйлағаны үшін алғысымызды айтамыз. Бұл дода баламыздың да жұлдызын жақты. Шерханды іздеп, сұхбатқа шақырушылар өте көп. Медиа саласында түрлі ақпарат, ақиқатынан гөрі шындыққа жанаспайтын пікірлер де жазылып жатыр. Бірақ біз ондай пікірлерге назар аудармаймыз. Менің мақсатым – перзенттерімнің мықты азамат, тұлға болып қалыптасуына күш салу. Шерханға да, інісі Әбубәкірге де барлығы адал еңбек пен ізденістің арқасында бұйыратынын үнемі айтып отырамын. Аналық арманым – Шерханның әлемнің таңдаулы клубтарында шыңдалып, еліміздің абыройын асқақтатқан сәтін көру. Бұған жету жолында әлі де орасан еңбек ету керегін де түсінемін.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»