Жетісу облысында ұлы ғалым, ағартушы, этнограф әрі саяхатшы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған «Шоқан Уәлиханов: тарих және тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.
Ауқымды шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Ұлыбритания және Қазақстанның белгілі тарихшылары мен ғалымдары қатысты.
Іс-шараның ашылуында облыс әкімінің атынан сөз сөйлеген Диас Есдәулетов Шоқан мұрасының түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін танудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Шоқан Уәлихановтың тұлғасы жалпыұлттық қана емес, барша түркі жұрты үшін ортақ мақтаныш.
– Ғалымның өмірінің соңғы кезеңін Жетісу жерінде өткізіп, осы өңірде мәңгілік тыныс табуы – біз үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік, – деді ол.
Биыл «Алтынемел» музейінің ашылғанына 40 жыл толып отыр. Өңірдің тарихи-мәдени өмірінде елеулі орны бар бұл нысан Президент тапсырмасымен 2023 жылы толық жаңғыртудан өткен.
Конференция барысында Жарылқап Бейсенбайұлының «Шоқан» атты кітабының жаңа басылымының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев пен Марат Ахметжановтың құттықтау хаттары оқылды.
Ғылыми жиында Әуезхан Шашаев, Шолпан Тұрдалиева, Владимир Фетисов, Факия Шамшиденова және Ұлыбританиялық зерттеуші Ник Филдинг баяндама жасап, Шоқан еңбектерінің тың қырларын талдап, оның зерттеулеріндегі этнографиялық және тарихи деректерге тоқталды.
Конференция пікірталас алаңына ұласып, қатысушылар Шоқан мұрасын тереңірек зерттеу және насихаттау бағытында бірқатар ұсыныстар айтты.
Жиын алдында қатысушылар Кербұлақ ауданындағы «Алтынемел» мемориалдық музейіне барып, ғалым ескерткішіне гүл қойып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жас көшеттер отырғызды.
Материалды дайындаған: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотолар: Жеңіс Ысқабай және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы