Есірткі сату ісі бойынша сотталған қыз бір қателік өміріне балта шапқанын айтып берді. 19 жастағы бойжеткенді «курьер керек» деген хабарлама соңында түрмеге тоғытқан, деп жазады Egemen.kz.
Колледжді аспаз мамандығы бойынша тәмамдаған ол түрлі салада еңбек етіп көрген. 19 жасында әлеуметтік желіден күніне 15 мың теңге табыс берілетін курьер қызметін ұсынған жарнамаға кезіккен. Осы жұмысты байқап көруге шешім қабылдаған бойжеткен, 4 ай бойы есірткі тасымалдаған.
«Басында бәрі оңай әрі қауіпсіз болып көрінді. Ақша түсіп тұрды, бәрі бақылауда сияқты еді. Өзіне сенімді болды — ешкім байқамайтын шығар», деп ойлаған бойжеткеннің қылмысы 4 айдан кейін әшкереленген.
Сот шешімімен бойжеткен 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған. Қазір сотталушы жеңіл ақша жолында байыбына бармай жасаған қылмысы өзегін өртейтінін айтты.
«Мен өз мамандығым бойынша жұмыс істеп, тіпті кофехана аша алар едім. Жеңіл ақша болмайды екен. Мұнда өткізетін уақытым үшін қатты өкінемін. Ең қиыны – туыстарыма ауыр әрі ұят. Бұл – ащы сабақ. Алайда ол үшін төленетін баға тым жоғары», деді ол.