• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Театр Бүгін, 07:52

Ғажайып әсер сыйлаған опера

20 рет
көрсетілді

Елорданың мәдени өмірінде айрықша оқиға болды. «Астана Опера» театрында үш күн қата­рынан атақты композитор Джузеппе Вердидің әйгілі «Риголетто» операсының премьерасы өтті. Қойылым қала тұрғындары мен қонақ­тарына ғажайып көңіл күй сыйлады. Бұл туындыны қоюға Мәдениет және ақпарат министр­лігі қолдау көрсетті.

Алғаш рет 1851 жылы Вене­цияда сахналанған  опера  терең психологизм мен заманауи музыканы әдемі үйлестірген көркем шығарма. Содан бері де қаншама уақыт өтсе де адам намысының шегі, құштарлық күші және тағдырдың қайғылы шарасыздығы туралы мәңгілік сұрақтардың жауабы табылған емес.

Қойылымды  белгілі француздық режиссер Арно Бернар сахналады. Оның есімі елордалықтарға бұған дейінгі Гаэтано Доницеттидің «Махаббат сусыны» спектаклі арқылы жақсы таныс. Режиссер «Риголетто» операсын қоюға көп ізденген. Ол кейіпкерлер  бейнесін түрлі мінездер арқылы ашады.

Мәселен, Риголетто – қыршаңқы әрі сайқымазақ. Бір жағынан, тағдыры қиын адам.  Ал Джильданың мінезі батыл, қандай қадамға да еркін баратын қыз. Сондай-ақ Мантуя гер­цогі – әзәзіл әрі өктем. Қойылымда бас­ты партияны Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Талғат Мұсабаев пен арнайы шақы­рыл­ған кәріс баритоны Чжунхек Феликс Пак орындады. Екеуі де «Риголетто» образын тамаша сомдады. Бас кейіпкер бейнесі дра­малық қуатымен, вокалдық әсемдігімен таң­ғал­дырды. Олар айтқан «Cortigiani, vil razza dannata» ариясы операның барлық эмоция­сын дәл жеткізді. Джильдамен болған дуэттер­ де кейіпкер жанының нәзіктігін ашып көрсет­ті.

Ал Джильданың партиясын украи­налық сопрано Юлия Засимова мен театр жұлдызы Салтанат Ахметова, ал үшінші күні Лейла Аламанова нақышына келтіріп айтты. Осы үшеуі шырқаған «Caro nome» ариясы мінсіз колоратурамен, тазалығымен тәнті етті. Екінші актідегі әкесіне шындығын айтқан сәті көрерменге ұмы­тылмастай әсер қалдырды. Сонымен қатар  Мантуя герцогының партиясын­ солистер Жан Тапин мен Артур Ғабдиев орын­дады. Әсіресе бас хормейс­тер Ержан Дәуі­тов дайындаған хор да маңызды рөл ат­қарды. Сарайдағы шытырман оқиғалар сахна­сында хордың үні анық әрі қуатты естілді.

Бұл туындыға әлемге танымал өнерпаз Алан Бөрібаев дирижерлік етті.

Маэстро қойылымдағы оқиғаларды музыкамен керемет әсемдеді. Сондай-ақ суретші Анна Верденің еңбегі де ерекше. Оның костюмдері де сол дәуірдің стиліне сай жасалған.

Қысқасы, жұртшылық  қойылым соңында  театр әртістерінің  өнеріне дән риза болып, ұзақ уақыт қол шапалақтап, сахнадан жібермеді.