• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 08:50

Тауарларды цифрлық таңбалау мәселесі талқыланды

10 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстандағы Америкалық сауда палатасының атқарушы директоры Джефф Эрлихпен кездесті. Кездесу барысында вице-премьер тұтыну тауарларын цифрлық таңбалауды енгізу мәселесі қаралған Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысының оң қорытындыларын атап өтті. Ол Үкіметтің шетелдік серіктестер мен Америкалық сауда палатасының еліміздегі инвестициялық ахуалды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Отырыста айтылған барлық ұсыныс мұқият зерделенді.

Серік Жұманғариннің айтуынша, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу цифрлық таңбалауды енгізудің практикалық аспектісін талқылауға мүмкіндік береді. 

«Біз міндетті цифрлық таңба­лауды көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету мен тауар нары­ғының ашықтығын арттырудағы пәрменді құрал деп санаймыз. Бұл үдерісте сыра қайнату саласына ерекше назар аударылады. Мұнда цифрлық таңбалау тәсілдің тиімділігін тәжірибе жүзінде бағалауға мүмкіндік береді. Сыра қайнату өнімін таңбалауды енгізу заңсыз өнім көлемін қысқар­туға және нарықтың осы сегментін 25%-дан астам деңгейде «көлеңкелі экономикадан шығаруға» мүм­кіндік береді», деді.

Үкіметтің іс-қимыл бағдарла­ма­сына сәйкес, сыра қайнату өнімдерін міндетті таңбалауды 2026 жылғы ақпаннан бастау жоспарланған. Сонымен қатар бизнеске жүктемені азайту үшін бөтелке мен банканы таңбалауды енгізуді 2027 жылғы қаңтарға дейін шегеру туралы шешім қабылданды. Бұл кәсіпорындарға жабдыққа кезең-кезеңімен инвестиция салуға және өз ақпараттық жүйелерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Қазақстандағы Америкалық сауда палатасының атқарушы директоры Джефф Эрлих елдегі ірі жобаларды жүзеге асыратын халықаралық компаниялар таңбалау жүйесін табысты және кезең-кезеңімен жүзеге асыруға мүдделі екенін атап өтті. Сонымен қатар бизнес-қоғамдастық тұрақты инвестициялық белсенділікті сақтау үшін теңгерімді жүзеге асыру мерзімін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударады. «Efes Kazakhstan» корпоративтік мәселелер жөніндегі директоры Шыңғыс Қаскеев бизнестің цифрлық таңбалауды енгізуді қолдайтынын және Үкіметтің кезеңге бөліп қолдану тәсілін оң бағалайтынын айтты. Таңбалаудың бірінші кезеңі 2026 жылғы ақпаннан бастап жүргізіліп, бөшкелер мен бөтелкелер, екіншісі кезеңде 2027 жылғы қаңтардан бастап банкалар таңбаланады. Сонымен қатар жабдықты жеткізу мерзімі мен өн­дірістің маусымдық ерекшелігін ес­кере отырып, компания іске қосуды 2026 жылғы қарашаға ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Серік Жұманғарин Үкіметтің таңба­лауды енгізудегі нақты жоспары барын және нарық қатысу­шы­ла­ры уақтылы дайындалуы үшін мер­зімді бекіту маңызды екенін айтты.

«Біз бөтелкелер мен банкаларды таңбалауды 2027 жылғы қаңтарға ауыстыруға дайынбыз. Бірақ сыра қайнату саласының маусымдық ерекшелігін ескере отырып, кегті таңбалау 2026 жылғы қыркүйекте жүргізіледі. Кегтерді таңбалау автоматтандыруды қажет етпейді және айтарлықтай шығын әкелмейді», деді.

Вице-премьер жаңа Салық кодексі шеңберінде Үкімет таңбалауды енгізуге жұмсалатын нақты шығыннан асатын салық шегерімі арқылы бизнесті қосымша ынталандыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді. Осы тетікті пысықтау үшін ол Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігіне таңбалау үдерісінің нарық қатысушылары үшін экономикалық тиімді болуын қамтамасыз ететін тиісті ұсыныс дайындауды тапсырды.

Айта кетейік, елімізде цифрлық таңбалау қолданылатын елдерге сыра экспортының өсуі байқалады. 2025 жылғы бірінші жартыжылдықтағы экспорт көлемі 12,6 млн литр болған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 33%-ға артық. Ресейлік компаниялар бұрын Ресей нарығында болмаған қазақстандық сыра қайнату зауыттарының өнімін сертификаттауды бастады. Бұл отандық өндірушілердің экспорттық әлеуеті мен техникалық дайындығын көрсетеді.