Үкімет, бизнес өкілдері және энергетика саласы сарапшыларының басын қосқан XVI Еуразиялық «KAZENERGY» форумында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыға түсті. Биылғы форум «KAZENERGY» қауымдастығының 20 жылдығымен тұспа-тұс келді және энергетикалық ауысудан бастап инновациялар мен цифрландырудың рөліне дейінгі жаңа сын-қатерлерді талқылауға түрткі болды. Форумға Премьер-министр Олжас Бектенов қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына арналған үндеуін оқып берді.
Инновациялар және технологиялар: болашаққа көз тастау
«Экономика, ғылым-білім, инновация, озық технология сияқты стратегиялық маңызы бар салалардың дамуы қуат көздерінің қолжетімді болуына тікелей байланысты. Сондықтан еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен дербестігін нығайта түсу үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы маңызды іске халықаралық серіктестеріміз зор үлес қосып келеді. Қазақстан энергетика саласына инвестиция тартуға, оның бәсекеге қабілетін арттыруға баса мән береді. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміз жауапкершілігі жоғары орта держава ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, МАГАТЭ және ОПЕК сияқты беделді халықаралық ұйымдармен байланысын бекемдей түсуге мүдделі. Форум аясында энергетика саласын өркендетуге жол ашатын тың идеялар мен жасампаз бастамалар ұсынылады деп сенемін», делінген Президент сөзінде.
Форумда «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының жаңа бас директоры Уильям Лакоби қызметіне кіріскелі бері алғаш рет ресми баяндама жасап, компанияның алдағы жылдарға деген көзқарасын айқындап берді. Уильям Лакоби 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп жатқан ТШО еліміздегі ең үздік салық төлеуші және саладағы үздік жұмыс беруші болып қала беретінін атап өтті. 1993 жылы мұнай өндіру небәрі 1 млн тоннаны құраса, 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 28 млн тоннаға жуықтады. Өндіріс қуатының сенімділігі 10 жылдан астам уақыт бойы тұрақты түрде 98%-дан асып келеді.
«Біз басты мақсатымызға — Қазақстан Республикасының игілігі үшін қауіпсіз және сенімді өндірісті қамтамасыз ету ісіне адалмыз. Алда жаңа сын-қатерлер, сонымен қатар Қазақстанның жаһандық энергетикалық нарықтағы орнын бірлесіп нығайтудың жаңа мүмкіндіктері күтіп тұр», деді ол.
Жұмыс істеген жылдар ішінде ТШО ел бюджетіне 206 млрд доллардан астам қаржы аударды. Сессия модераторы, «KAZENERGY» қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақовтың еліміздің әлемдік энергетика нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудегі инновациялар мен технологиялардың рөлі туралы сұрағына жауап берген Уильям Лакоби ТШО-ға бәсекеге қабілеттілігін сақтауға көмектесетін технологиялық шешімдерге ерекше тоқталды.
«Бүгінде жасанды интеллект пен деректерді талдауды белсенді енгізіп жатырмыз. Үлкен тілдік модельдер инженерлерге техникалық стандарттармен жұмыс істеуге көмектеседі, ЖИ жабдықты диагностикалау, жұмысты автоматтандыру және логистиканы оңтайландыру үшін қолданылады. Бірақ адам шешім қабылдау тізбегінде басты буын болып қала береді. ТШО тәжірибесі көрсетіп отырғандай, технологиялар мен адами әлеуеттің үйлесімді үндестігі Қазақстанның жаһандық энергетикалық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болып саналады», деді Уильям Лакоби.
Отандық қамту бизнесті ынталандырады
Отандық қамту тақырыбы форум үшін өзекті болды. ТШО бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесінов аталған бағытты дамыту компанияның стратегиялық басымдылығы екенін атап өтті. Іргесі қаланғалы бері ТШО отандық тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге 51,4 млрд доллардан астам қаржы жұмсады. Бұл инвестициялар Атырау облысынан тысқары жерлерге таралып, бүкіл елде бизнестің өсуін ынталандырып жатыр. Көңілқош Сүйесіновтің айтуынша, биыл компания жаңа рекорд орнатты: сатып алудың 71%-ы жергілікті қамтуға тиесілі. Демек, тауар, жұмыс және қызметтердің басым бөлігі жергілікті компаниялардан келеді, олар ТШО-мен серіктестік жылдарында халықаралық деңгейге шыққан. Осылайша, өсу тұрақты болуын қамтамасыз ету үшін 2024 жылы ТШО Энергетика министрлігімен бірге ел ішінде құндылықты дамытудың бес жылдық бағдарламасын әзірледі. Оның мақсаты – отандық компаниялардың мүмкіндіктері мен халықаралық қауіпсіздік пен сапа талаптары арасындағы алшақтықты жою.
2024 жылы ТШО 3 млрд доллардан астам сомаға елімізде өндірілген тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алды. Соның ішінде отандық өндірушілерден сатып алу үлесі 9%-ға жетіп, 274 млн долларды құрады. Бұл ТШО-ға осындай сатып алудың нақты көлемі бойынша барлық оператор арасында жетекші орынға шығуға мүмкіндік берді.
Жергілікті өндірушілерді қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, компания Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталықпен (IMB орталығымен) белсенді жұмыс істейді. Аталған орталықта 12 тауар тобы әзірленді, 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық қызмет көрсетуге және жеке қорғаныс құралдарына арналған материалдарды жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшарттарға қол қойылды. Сондай-ақ жаңартылған процедуралар жеткізушілерге тек халықаралық банктерден емес, сонымен қатар отандық екінші деңгейлі банктерден де банктік кепілдіктер ұсынуға мүмкіндік береді.
Табысты ынтымақтастықтың жарқын мысалы «PSI Energy» және «QMOZ» компанияларының еліміздегі алғашқы екі модульдік қосалқы стансасын шығаруы болды. Ұзындығы 38 метр болатын екі қабатты ғимарат елде өндірілген ең ірі модульдік қосалқы стансаға айналды. Оның құрылысына бірде-бір жазатайым оқиғасыз 800 000 адам/сағат кетті. Модульдердің бірі Теңізде жұмыс істеп тұр, ал екіншісі қазан айының аяғына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
«Бұл жоба отандық компаниялар күрделі техникалық шешімдерді әлемдік стандарттар деңгейінде енгізе алатынын көрсетеді», дейді Көңілқош Сүйесінов. Ол сатып алу ережелеріндегі икемділік компанияға тең шарттармен жергілікті өндірушілерге артықшылық беруге мүмкіндік беретінін де баса айтты. 2024 жылдан бері мақұлданған жеткізушілер тізіміне 16 жаңа отандық компания қосылған.
Әйелдер көшбасшылығы және инклюзиясы
Форумда Әйелдер энергетикалық клубының отырысы өтіп, онда ТШО-ның адам ресурстарын басқару жөніндегі бас менеджері Камшат Байжанова баяндама жасады. Оның баяндамасы энергетика саласындағы инклюзия пен әртүрлілік сынды маңызды тақырыпқа арналды. Оның айтуынша, ТШО-да жұмыс істейтіндердің 95,6%-ы – ел азаматтары, соның ішінде 22%-ы – әйелдер. Компания әйелдер көшбасшылығын қолдау, тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету және қауіпсіз жұмыс ортасын құру бойынша кешенді стратегияны жүзеге асырып жатыр.
Камшат Байжанова бірқатар бастаманы таныстырды:
Іскерлік мінез-құлық кодексі және зорлық-зомбылық пен қудалаудың алдын алу бағдарламалары; Психологиялық қолдау бағдарламалары және гибридті жұмыс кестесі; Жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған «Kemel» бағдарламасы; Жұмысқа қабылдау және жұмыс бабында жоғарылату кезінде әйел үміткерлерді міндетті түрде қатыстыру; Тәлімгерлік, коучинг және кәсіби сертификаттауды қолдау бағдарламалары.«Біз әркімнің бірегейлігі бағаланатын, мәдени ерекшеліктер құрметтелетін, жаңа идеялар құпталатын ашық және жылы шырайлы орта жасаймыз. Біздің қауымдастықтар – Әйел қызметкерлер клубынан бастап «MARC» бағдарламасына дейін – сенімге, құрметке, шекарасыз көшбасшылыққа негізделген мәдениетті қалыптастыруға көмектеседі», деп атап өтті Камшат Байжанова.
Технологиялар мен адамдар синергиясы
XVI Еуразиялық «KAZENERGY» форумы еліміздің энергетика секторының болашағы үш негізгі бағытқа бет алғанын көрсетті: инновациялық технологиялар, ұлттық қамтуды дамыту және инклюзивті корпоративтік мәдениетті қалыптастыру. Бас демеуші ретінде ТШО тұрақты даму стратегиясына деген айнымас бейілділігін растады. Форумда алғаш рет бір алаңда компанияның жаңа басымдықтары ұсынылды:
Цифрландыру және жасанды интеллект; Отандық бизнесті қолдау және рекордтық ҚҚ көрсеткіштері; Саладағы адам капиталын және әйелдер көшбасшылығын дамыту.Осындай көпқырлы күн тәртібі компания үшін болашақтың бейнесі мемлекет, бизнес және қоғам мүдделерінің тепе-теңдігінде екенін көрсетті.