• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:00

Қаламгерге құрмет

20 рет
көрсетілді

Орал қаласында белгілі қалам­гер, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағы­ның Батыс Қазақстан облы­сындағы өкілі Бауыржан Ғұбай­дуллиннің «Биленбеген вальстің әуендері» атты шығармашылық кеші өтті.

Бауыржан Файзоллаұлы – белгілі балалар жазушысы, оның «Күн бала», «Жиһанкез Ақкербез» жинақтары ең кішкентай оқырмандардың сүйікті кітабына айналған. Ақжайық өңірінің қоғамдық-саяси өмірінде өз орны бар азамат ширек ғасырдан бері облыстық «Орал өңірі» газетін басқарып, әрі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі ретінде ел мен жердің мәселесіне үнемі үн қосып келеді.

Қаламгердің шығармашылық кешіне ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, ғалым-жазушы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш, «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп, «Парасат» журналының бас редакторы Сәкен Сыбанбай сынды мәртебелі меймандар қатысты. Парасат майданындағы танымал қаламгерге Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың алғысхаттары тапсырылды. Осы кеште автор­­дың «Намыс найзағайы» атты публи­цис­тикалық жинағының тұсауы кесілді.

Бауыржан Ғұбайдуллиннің шығар­малары әлемнің ондаған тіліне ауда­рылған. Балалар әдебиетінен бөлек, «Жаныма жақын жағалау», «Билен­беген вальс» сынды туындылары да оқыр­ман жүрегінен лайықты орын тапқан. Қаламгердің өзі де орыс пен араб халық ертегілерін қазақ тіліне аударып, балалар әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосты.

– Көп уақытымды журна­лис­тиканың күйбең тірлігіне жұм­сап, әдебиетке мойын бұра алма­ғаным рас. Бастап қойған көлемді дүние­лерім де бар еді. Бүгін оқырма­нымның алдында ойымда жүрген жаңа шығармаларымды қолға алуға сөз беремін, – деді жазушы толқып тұрып.

 

Батыс Қазақстан облысы